Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херцті қабылдады. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту жайы сөз болды.
Тараптар соңғы үш жылдағы қол жеткізілген табыстарға қанағаттанушылық білдірді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы ақпанда Германияға және Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркельдің 2010 жылғы шілдеде Қазақстанға жасаған ресми сапарлары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін берді.
Осы орайда Қазақстанның Германиядағы және Германияның Қазақстандағы жылдарының табысты өткізілуі елдер арасын жақындата түскенін айта кету керек. Сонымен қатар, экономика, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың жемісті болғандығын да назарға салған жөн. Қ.Саудабаев 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Саммитін ұйымдастыруға Германияның қосқан үлесін жоғары бағалап, осы ел үкіметінің жәрдеміне ризашылығын жеткізді.
Кездесу кезінде келер жылдың басында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Германияға жасайтын мемлекеттік сапарын дайындау жайы да сөз болды. Тараптар алдағы жоғары деңгейдегі кездесу Қазақстан-Германия ынтымақтастығын әрі қарай дамытуға тың серпін қосатынына сенім білдірді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.