Қазақстан • 21 Маусым, 2018

ЮНИСЕФ пен ҚР Тұңғыш Президенті Қоры ортақ жобаларды іске асырады

573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жылдың 21 маусымында Назарбаев Орталығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) пен ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

ЮНИСЕФ пен ҚР Тұңғыш Президенті Қоры ортақ жобаларды іске асырады

Өзара түсіністік туралы Меморандумға Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный және ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов қол қойды. Меморандумға сәйкес ЮНИСЕФ және ҚР Тұңғыш Президенті Қоры Қазақстан Республикасында балалардың құқықтарын көтермелеу мақсатында қоғам ішінде қажет ақпарат беру саласында тығыз жұмыс істемек.  

Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный: «Балалық шақ - адамның дамуындағы ең маңызды кезең; салауатты, табысты және бақытты өмірдің іргетасы қаланатын кезең. Қазақстанда ЮНИСЕФ әр баланың денсаулығына, тамақтануына, қорғанысына және білім алуына деген құқықтарын жүзеге асыру үшін қызмет атқарады. ЮНИСЕФ ҚР Тұңғыш Президенті Қорымен тығыз қарым-қатынасымыздың арқасында балаларды кішкентай кезінен дамыту, үлгілі ата-ана болу, жастар тәрбиесі, инклюзивті білім беру мәселелеріне қоғамның назарын аудара аламыз деген сенімдемін».

Бұдан бұрын ҚР Тұңғыш Президенті Қоры ЮНИСЕФ және басқа да ұйымдармен бірлесіп Дүниежүзілік балалар күніне арналған әлеуметтік бейнеролик жариялады. Болашақта Қор ЮНИСЕФ-пен бірлескен жобаларды, әлеуметтік роликтерді шығармақ және әлеуметтік науқандарды қолдамақ.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжановтың айтуынша, көп жылдар бойы Қор балалар мен жасөспірімдердің интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін ашуға көмектесетін әр түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Жас дарындарды қолдау - жалпыұлттық маңызы бар іс-шара. Әлеуметтік жобалар, соның ішінде балалар үйлері мен интернаттармен белсенді жұмыс, жыл сайын атқарылып келеді. Сонымен қатар Қор инклюзивті білім беру саласында жұмыс істеуде. Республикалық балалар паралимпиадалық старттары, «Мейірім» инклюзивті балалар шығармашылығы байқауы, «Аман Келешек» фестивалі ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамда әлеуметтік бейімдеуге бағытталған».