Аймақтар • 22 Маусым, 2018

Тараздағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябақ қайта жаңғыртылады

90 реткөрсетілді

Бүгінде Әулиеата жерінде саябақтарды қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Нақты айтсақ, осы уақытқа дейін Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртудан өтіп, Жеңіс мерекесі қарсаңында ел игілігіне берілген болатын. 

Сол сияқты жуырда ғана тарихи шаһар орталығындағы Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда жалпы көлемі 6 гектарды құрайтын саябақты демонтаждау ісі жүзеге асырылу үстінде. Батыр атындағы саябақтан алдағы уақытта жастарға арналған музей, балалар ойын алаңдары, субұрқақтар мен демалыс орындары салынады. Сонымен қатар қымызхана құрылысы жүргізіліп, бұл жерде ұлттық сусынымыз насихатталатын болады. Ал кеспе тастардан төселген арнайы жолдар саябақ көркін арттыра түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ саябақтағы Қайрат Рысқұлбеков ескерткіші жаңа сәулеттік үлгіде қайтадан жасалады. 

Халық Қаһарманы атындағы саябақ Тараз қаласының Төле би даңғылында орналасқан. Бұл көне шаһардағы негізгі көше болғандықтан, мұнда жүретін халықтың да қарасы қалың. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Төле би даңғылы бойында, яғни Тәуке хан көшесінен Сыпатай батыр көшесіне дейін түнгі жарықтандыру шамдарын заманауи шамдармен ауыстыру жұмыстары да басталған. Осы уақытқа дейін 10 шақырымдық желілер бойында 286 ескі электр бағаны мен түнгі жарықтандыру шамдары да ауыстырылған. Енді электр сымдары жерастын үңгірлеу арқылы өткізілетін болады. Сонымен қатар жерде электр бағандары үстімен жүргізілген электр сымдары жойылып, жаңа жарық диодты шамдармен шахматты түрде ауыстырылады. Олар әрбір 30 метр сайын орналастырылмақ. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар