Ол 1997 жылы Ақмола аграрлық университетінің инженерлік-педагогикалық факультетін бітірген соң Солтүстік Қазақстан облысының Целинный ауданындағы Ставрополка ауылында «Намыс» ЖШС-ның машина-трактор паркін пайдалану жөніндегі инженер болып еңбек жолын бастады. Одан соң Рузаев атындағы №12 кәсіптік-техникалық мектебінде жол ережесі мен техника қауіпсіздігі негіздері пәнінен сабақ берді. Сөйтіп жүргенде Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының Целинный ауданы, Рузаев селосындағы 16-ӨСБ-не өрттің алдын алу инспекторы қажет болып жатқаны туралы хабарды естиді. Ал Леонидтің Ақмола аграрлық университетінде әскери кафедраны бітіргендіктен, лейтенант шені болатын. Сөйтіп жоғары білімі мен офицерлік атағы бар болғандықтан, барлық талаптарға сәйкес келіп, 2000 жылы қыркүйекте ол өрттің алдын алу тобының инспекторы ретінде қызметке орналасты. Бұл оның ішкі істер саласындағы еңбек жолының бастауы болатын. Леонидтің алғашқы тікелей жетекшісі және ұстазы, сол кезде Рузаев селосындағы өрттен қорғау бекетінің бастығы болған ішкі қызмет майоры В.Галюкевич еді.
Леонид тәлімгердің көмегімен нормативтік құжаттамаларды үйрене отырып, жаңа кәсіпті тез арада игерді. Ол қысқа мерзім ішінде өрттің алдын алу саласы бойынша білікті маманға айналды. «Мемлекеттік өрт бақылаудың үздік инспекторы» атағына арналған облыстық байқауларға бірнеше мәрте қатысып, жарыс жеңімпазы атанды.
Кәсіби деңгейін одан әрі көтеру үшін Леонид 2002 жылы ТЖМ Көкшетау техникалық институтына түсіп, 2005 жылы оны жақсы аяқтап, екінші жоғары білім алды. Ал 2008 жылдан бері Леонид Александрович Ғабит Мүсірепов ауданындағы Рузаев өрт бекетін басқарып келеді.
Азаматтық қорғау майоры Л.Мунько осы жылдар ішінде 300 рет әртүрлі өрт оқиғаларына қатысты. Кейде өртті жалғыз өзі сөндірген кездері де болған. 2016-2018 жылдары өз аймағындағы су тасқынының салдарын жоюға да бір кісідей атсалысты.
Алғашқы күндерден бастап өрт сөндіру қызметі басшылығы мен әріптестері Леонид Муньконы жауапты да өз ісін ұршықша иіретін азамат ретінде біледі. Әріптестері арасында ол құрметке лайық, бірге қызмет ететін және өз қарамағындағы әріптестеріне әрдайым көмек көрсетуге дайын. Бірнеше рет оның еңбекқорлығы мен кәсіпқойлығы, қызметтік борышын адал атқаруы, сондай-ақ ауылдық округтің өміріне белсенді қатысқаны еленіп, дипломдармен және медальдармен марапатталды.
Андрей ЦИХОВИЧ
Солтүстік Қазақстан облысы