Аймақтар • 22 Маусым, 2018

Шымкентте «Миграциялық ХҚО» ашылды

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Енді оңтүстік мегаполистегі еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай ала алады. Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР ІІМ-мен бірлесіп, Шымкент қаласында миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығын (МХҚО) ашты. Бұл еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін екінші орталық, алғашқысы осы жылдың басында Астанада ашылған болатын.

Шымкентте «Миграциялық ХҚО» ашылды

Айта кету керек, соңғы жылдары  еліміздің үшінші мегаполисінде шетелдік жұмысшылардың елеулі ағыны байқалуда. МХҚО-да шетелдік азаматтар мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша бекітілген стандартқа сай ала алады: электрондық кезек, арнайы жабдықталған жұмыс орындары, профильді мамандар және ыңғайлы жұмыс кестесі. Қызмет алушылар 1-2 сағаттың ішінде медициналық тексерістен, дактилоскопиядан өте алады. Сондай-ақ сақтандыру полисін рәсімдеп, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) ала алады. Бұрын барлығын тапсыру үшін бірнеше күн кететін.

 «Бұрын шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін қажетті құжаттарын рәсімдеп, бірнеше күн жүретін. ЖСН алып, салық мәселесін шешіп, сақтандыру анықтамасына қол жеткізу үшін бірнеше мекемені аралаушы еді. Енді шетелдіктер құжаттарды бес күн бойы емес, бір күннің ішінде рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды.  Бұл мигранттар үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де өте қолайлы», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жеңісбеков.

Жаңа МХҚО жұмыс барысын жеңілдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын-алуға жол ашады. Жыл басынан бері Қазақстанда көші-қон бағыты бойынша 267 287 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Жаңа фронт-офис Шымкент қаласындағы Нұрсат ықшамауданы, Байтереков көшесі, 89 үй мекенжайында орналасқан.  Көлемі 1500 шаршы метрді құрайтын,  100 көлікке арналған автотұрағы бар заманауи ғимарат қызмет алушыларға таңғы сағат 09-дан кешкі сағат 18.30- дейін, түскі үзіліссіз қызмет көрсетеді.