«Егемен Қазақстан». 2001 жыл. Жексенбі, 16 желтоқсан.
![141211-49](http://old.egemen.kz/2011img/141211-49.jpg)
Ел мен Елбасы
«Егемен Қазақстан» газетінің осыдан 10 жыл бұрынғы, яғни 2001 жылдың 16 желтоқсанындағы нөмірі жоғарыдағыдай айдармен ашылып, онда әртүрлі тақырыптағы хабарлар берілген екен. «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы үлкен мерекесі – 10 жылдығы мен бағзы замандардан бері аталып келе жатқан Ораза айттың тұспа-тұс келуін халқымыз үшін жақсылыққа жориық. Тәуелсіз Қазақстан жасай берсін!» деп жазылыпты газеттің беташар редакциялық сөзінде.
Мұнан кейін Елбасының атына түскен құттықтаулар топтамасы берілген. Онда былай делінген:
«Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты құттықтаулар әлемнің көптеген елдері мен халықаралық ұйымдардан толассыз түсіп жатыр. Олардың бірқатарын назарға ұсынып отырмыз.
Испания Королі Хуан Карлос өз жолдауында Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты ең шынайы сезімдерге толы құттықтауын жеткізу ғанибет екенін айта келіп, ыстық ықыласқа өзінің үкіметі мен бүкіл испан халқы қосылатынын атап көрсетіпті. Осынау қуанышты оқиғаға орай Президенттің жеке өзіне және достас Қазақстан халқына бақыт және береке тілепті.
Израиль мемлекетінің Президенті Моше Катсав өзінің және бүкіл израиль халқының атынан Елбасын Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты құттықтап, еліміз бен халқымызға прогресс және гүлдену тілегін білдіріпті.
«Осынау он жылда Латвия Қазақстан Республикасының мемлекеттілік негізін салудағы табыстарын, сондай-ақ экономикалық, әлеуметтік және басқа да реформалардың нәтижелерін зор ықыласпен және мүдделікпен қадағалап отырды», деп жазыпты Латвияның Президенті Вайра Вике-Фрейберга. Жеделхатта Латвия мен Қазақстан арасында қалыптасқан достық байланыстарға жоғары баға беріліп, Қазақстанның Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігеріне қолдау білдірілген.
Литва Сейміндегі парламентаралық топтың жетекшісі Казимира Прунскене былай деп көрсетіпті: «Сіздің елдегі саяси тұрақтылық, қол жеткен елеулі экономикалық, әлеуметтік және мәдени жетістіктер үшін қуанамын, бұл істегі Сіздің жеке үлесіңізді жоғары бағалаймын». Литва республикасының бұрынғы премьер-министрі екі ел арасындағы әріптестік қатынастардың дами беретініне сенімді.
Еуропа комиссиясының президенті Романо Проди Қазақстан Республикасы алғашқы он жылда демократиялық нарықтық экономикаға жету жолында айтарлықтай прогресс жасағанын атап көрсетіп, Еуропа комиссиясының атынан тәуелсіздік мерекесіне байланысты құттықтау-тілегін жеткізіпті» делінген ақпараттық хабарда.
Елбасын жоғары атаққа ұсынды
Осыдан 10 жыл бұрын, ел тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерекесі тұсында да Қазақстан Парламенті Елбасын «Халық қаһарманы» атағына ұсынып, бұл жөнінде арнайы қаулы қабылдаған екен. Жоғарыдағыдай тақырыппен берілген газет хабарында осы туралы айтылады.
«Кеше Парламент палаталарының кезектен тыс бірлескен отырысы болып өтті. Онда Парламент депутаттары Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы мәселені қарады. Бірлескен отырыста сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Қаратай Тұрысов тәу етер тәуелсіздіктің аясында қол жеткен табыстарды ең алдымен Қазақстан халқы өз тағдырын сеніп тапсырған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыруға толық хақымыз бар деді. Сондай-ақ депутат Қазақ елінің дүние жүзі қауымдастығындағы өзге елдермен терезесі тең мемлекет ретінде танылғандығы, 10 жыл ішіндегі этносаралық рухани бірлік, азаматтық келісімнің орнығуы, Елбасының айрықша ынтасы мен ықыласының іс жүзіндегі көрінісі екендігін жеткізді» делінген онда.
Қаратай Тұрысов осылай дей келе, сөзінің соңында елдің тұңғыш Президентінің «Халық қаһарманы» атағы – жоғары дәрежелі ерекше белгісіне әбден лайық екендігін білдіреді. Қ.Сұлтанов, В.Дворецкий, Л.Бурлаков, С.Қалдығұлова, Ж.Әбділдин секілді депутаттардың бірауыздан қолдауымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы Қазақстан Республикасының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында мемлекеттіліктің нығайту ісіндегі орасан зор қызметі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы қаулы қабылдайды.
Өкінішке орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл атақты қабылдамағандығы белгілі.
Бәріміз білетіндей жуықта, яғни ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Парламент Елбасына жоғарыдағыдай атақты беру жөнінде екінші рет шешім қабылдаған болатын. Бірақ бұл жолы да халық қалаулыларының шешімін Елбасы қабылдамады. Мұның өзі үшін қағидатты мәселе екендігін айтып, «Халық қаһарманы» атағынан екінші рет бас тартты. (Ред.)
Он жылдағы он олжамыз
Газеттің екінші бетіне осындай атпен «Тұран» университеті Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің мақаласы берілген.
«Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің барлық кәсіпорындары мен мекемелері, қалалары мен аудандары, облыстары он жылдыққа орай көрнекті он істі тарту ретінде әзірлегені белгілі. Ал енді бүкіл еліміз тұрғысынан қараған кезде, осы он жылдың айрықша жетістігі, қол жеткізген олжамыз деп қандай табыстарды айтуға болар еді? Экономист ретінде он жылдық жолымызды ой сарабынан өткізгенде, мен түзген тізім мынандай болып шықты» деп басталыпты мақала.
Мұнан әрі автор біздің ең бірінші олжамыз – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың талмай айтып жүрген тәуелсіздіктің өзі екендігін атап көрсетеді.
«Он жыл тәуелсіз дамудың біздің елімізге әкелген екінші олжасы – мемлекеттігіміз, Қазақстан Республикасын бүкіл әлем таныды, еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүше болды. Яғни біздің мемлекеттігіміз де басқа мемлекеттер сияқты терезесі тең елдер қатарына қосылды. Бұл тәуелсіздік берген жетістік екеніне ешкімнің күмәні жоқ болар» дейді автор.
Тәуелсіздіктің берген үшінші олжасы ретінде – экономикамыздың нарық қатынастарға өтуі айтылады. «Жетпіс жыл бойы жолдан адасқан адамның кейпін киген экономикамыз Тәуелсіздігіміздің арқасында өркениетті елде жүріп келе жатқан нарықтық экономика жолына түсті» делінген.
Төртінші жетістік – жеке меншік секторының қалыптасып, дамығандығы.
Бесінші жетістік – демократия институттары мен дәстүрлерінің қалыптаса бастауы. «Нарықтық экономика мен демократия – медальдің екі беті сияқты. Бірінсіз бірі болуы мүмкін емес» дейді автор.
Алтыншы жетістік – кәсіпкерліктің қалыптасып дамуы. Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2001 жылдың 1 шілдесінде барлығы тіркеуден өткен 147170, оның ішінде 2012 үлкен, 10185 шағын заңды тұлғалар болыпты. Оның 23968-і мемлекеттік меншіктегі, 119073-і жеке меншіктегі, ал 4129-ы шетелдің меншігіндегі кәсіпорындар екен.
Жетінші жетістік – ұлттық капиталдың және ұлттық «капиталистеріміздің» пайда болуы. «Кез келген дамыған өркениетті ел ең алдымен, ұлттық капиталға, ұлттық «капиталистерге» арқа сүйейді», деп тұжырымдайды автор өзінің бұл түсінігін.
Сонымен қатар, автор тәуелсіз он жылдықтың берген сегізінші жетістігі ретінде Елбасымыздың тікелей басқаруымен жасалған «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын атапты.
Тоғызыншы жетістік – халқымыздың нарық заңдарына үйрене бастауы, оның ұстанымдарымен жұмыс істеп, өмір сүре бастауы.
Оныншы жетістік – халқымыздың амандығы, еліміздің тыныштығы.
Сөзінің соңында автор «Тәуелсіздік берген жетістіктерді, олжаларды санамалауда, бәлкім, экономика жағына «бұра тартып» кеткен болармын. Мұның сыртында қарулы күштеріміздің қалыптасуы, тәуелсіз сот жүйесінің құрылуы, рухани түлеу секілді жетістіктеріміз де баршылық», депті автор.
Жаңа журнал
Газет тілшісі Сейфолла Шайынғазының осындай тақырыппен берілген хабарында ел тәуелсіздігінің он жылдық мерейтойының қарсаңында тағы бір жаңа басылым – «Астана» журналы жарық көргендігі айтылады. «Бірден айту керек, жоғары сапалы қағазға басылып, полиграфиялық жағынан әсем безендірілген журнал ерекше көз тартады. Болашақта мазмұнына мазмұн қосыларына сөз жоқ, ал сырт тартымдылығы жағынан бұрын-соңды мұндай басылым қазақ тілінде болған емес», дейді автор.
Бұл басылымның тұңғыш мерекелік нөмірінде күн санап көркейіп келе жатқан елорданың әсем көріністерімен қатар, аттары дүние жүзіне мәлім болған қайраткерлері мен мемлекет басшыларының Астана туралы пікірлері де берілген екен.
Қаламдастың қос қуанышы![141211-53](http://old.egemen.kz/2011img/141211-53.jpg)
Жанболат Әлиханұлының (Аупбаев) бұл хабарында редакцияның жауапты хатшысы Жанат Елшібектің тәуелсіздік тойы қарсаңында қос қуанышқа кенелгендігі айтылады. Оның біріншісі – қаламгердің туып- өскен жері Алматы облысындағы Қаратал ауданының Құрметті азаматы атанғандығы.
«Сөз ретіне қарай айта кетейік, дәл осы күндері жазушы Жанат Елшібектің өмірінде тағы бір жаңалық болды. Ол – әріптесіміздің «Елорда» баспасынан «Қош бол, теңіз...» атты жаңа кітабының жарыққа шығуы еді. Бұл туындысында ол түрлі көзқарастағы адамдар, қилы тағдырлар арқылы толғауы тоқсан тіршілігіміздегі көкейкесті мәселелерді қозғайды», депті кітап туралы пікірінде газет басшыларының бірі Жанболат Әлиханұлы.
Елдіктің ұлы қуаты
![141211-52](http://old.egemen.kz/2011img/141211-52.jpg)
Қойшығара Салғараұлының осындай тақырыппен берілген мақаласы былай деп басталады.
«Түп бастауы әлемдік Үштіктен таратылып, арқауы аңызбен айшықталып, тіні шынайы оқиғалармен өрілген тарих желісінің ұзына бойына ой көзін жүгіртіп, байыптай қарасақ, табиғатпен қойындаса бұла өскен халқымыздың қай кезде де бас бостандығын бәрінен де жоғары қойғаны ерекше байқалады. Ата-бабамыз қашанда тәуелсіздігін, бас еркіндігін баға жетпес байлығым, бар бақытым деп білген. Онысын «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген мұратты ұғыммен өркендеп, осы жолда тынымсыз күрес жүргізген. Төл тарихымызды түбегейлі танып, таным-түсінік өрісі кеңейіп, көкірек сарайы ашылған сайын, бұған көзіміз бұрынғыдан да айқынырақ жете түскендей».
Бұдан әрі автор осы тәуелсіздік жолында күрескен талай ерлердің өткендігін айта келе тарих қойнауларына тіптен тереңдей барып, осыдан жиырма алты ғасыр бұрын өмір сүрген жылқышы Шырақтың (Ширақтың) ерлігін атайды. Ол өз денесін өзі қан-жоса қылып жаралап, басқыншылықпен келген парсы патшасы Даридің алдына шығып, оны алдап, шөлге әкетіп, бүкіл әскерін қырғын таптырады.
Бұдан кейін сегізінші ғасырда өмір сүрген Басаманның (Бачман) ерлігін атайды. Оның тұсында қыпшақ хандарының ауыз бірлігі болмай, содан ел жеңіліске ұшыраған екен. Жау әскері Басаманның өзін қолға түсіріп, кескілеп, азаптай бастаған кезде батыр жанұшыра: «Бауырларым, қыпшақтар барсыңдар ма? Міне, көріңдер! Көріңдер де бірігіңдер! Бірікпеген елдің ерінің қашанда көрері осы болмақ», деп айқайлапты.
«Ғасырлармен көмкеріліп, мыңжылдықтармен әдіптелген ата тарихты зерделей парақтасақ, бақыт құсының қонар тұғыры – бірлігі берік елдік екенін көреміз. Елдік тұғыры бар жерге бақыт құсы айналып келіп, қонады екен де, елдік береке бүлінсе болды, пыр етіп, ұшып кетеді екен», дейді автор.
Бұдан әрі автор осы берекесіздік салдарынан түркі халқының тозғындағандығын айтады. Жетінші ғасырда өмір сүрген Күлтегін батырдың: «Бектерінің, халқының ымырасыздығынан, табғаш халқының тепкісіне көнгендігінен, қарбауына сенгендігінен, ағалы-інілер дауласқандығынан, бекті халқының жауласқанынан түркі халқы елдігін жойды, бек ұлы құл болды, пәк қызы күн болды», деп тасқа ойып жазған сөздерін келтіреді.