Қазақстан • 23 Маусым, 2018

Семейде суға кеткен Бобровка тұрғындарының үйлері жөнделіп жатыр

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бобровка тұрғындарының біразы әлі де болса қонақ үйлерде, туған-туыстарының үйінде тұрып жатыр. Себебі кейбірінің үйлері түбегейлі жөндеуді талап етеді. Қазіргі уақытта 134 үй қайтадан қалыпқа келтірілуде. 

Семейде суға кеткен Бобровка тұрғындарының  үйлері жөнделіп жатыр

Бұл үйлер бюджеттен тыс қаражатқа, яғни қоғамдық қор мен демеушілер арқылы жиналған қаржы бойынша жөнделу үстінде екен. Қазіргі уақытта 134 үйдің 117-сінің құрылыс жөндеулері аяқталып қалды.

Қала әкімі Ермак Сәлімовтың айтуынша, Семейде табиғи апаттағы төтенше жағдай бойынша 9 жер үй мүлде жарамсыз боп су астына кетіпті. Мирный және Пристань аумағында 205 үй зардап тартқан. Олардың жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 343 млн 665 мың теңге бөлінген. Тағы да 58 млн теңге үйлері жарамсыз болып, езіліп кеткендерге жаңа пәтер, үй сатып алу үшін қарастырылған. Пристань мен Мирный кенттерінде мердігер компаниялармен 127 келісімшарт жасалыпты. Зардап тартқандар өздері мердігер компания таңдап, қаланың ішінде өздері таңдаған жерде пәтер не үй сатып ала алады.

-Қазіргі уақытта зардап тартқан халыққа дүние-мүлік пен тұрмыстық техника сатып алу үшін мүмкіндігінше жәрдемақы бөлу мәселесі де қарастырылуда,-деді қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов,-шығындарды есептейтін комиссия Бобровкадағы барлық проблемаларды назарға алып отыр. Қаражат адамдардың қолына берілмейтіндігі, тек Үкімет қаулысы арқылы ғана бөлініп, тек төлемақы түрінде болатындығы нақты болды. Мәслихат депутаттары және демеушілер, жалпы барлық халық бірігіп, судан зардап тартқандарға әлі де болса көмектесуді жалғастырамыз.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

СЕМЕЙ