Елімізде Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шаралар жаппай өткізіліп жатыр. Оған өзіміз де куә болып, көзайым жаңалықтар мен іргелі жетістіктерді қуана жазып жатырмыз. Ал отандық БАҚ-тың көшбасшысы саналатын «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің облыстағы меншікті тілшілерін республикамыздағы бірден-бір оқу орны Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтының бастығы полковник Абай Сұлтанғалиевтің әдейі шақыруы Тәуелсіздігіміздің идеологиялық байрағын аспандатқандай еді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халқымызға арнайтын жыл сайынғы жолдауларында «Адам – елдің басты байлығы» деген сөздерді қадап айтатындығы ғасырлар бойғы аңсаған тәуелсіздігіміздің мақсат-мағынасын білдіреді. Мұнда төтенше жағдайларға қарсы тұру, оның алдын алу міндеттері де айшықталып тұр. Біз төріне озған КТИ-де төтенше жағдайларға төтеп беретін, еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін азаматтар тәрбиеленеді.
Әуелде «Тәуелсіздік тұстастарымен кездесу» атты басқосу жоғары оқу орнының кешегісі мен бүгінгісін қамтыған тәлім шолуына ұласты. Институт бастығының тәрбие, кадр және сап жөніндегі орынбасары полковник Берік Нұрғалиев курсанттар алдында сөз бастады. «Институтымыз жас буынның ғылым және техникалық жетістіктер, ұлттық және жалпы адамдық құндылықтар негізінде кәсіптік қалыптасуына бағытталған білім ордасы, – деді ол. – 1956 жылдың маусымында құрамында 66 тыңдаушысы бар оқу отряды болып құрылған білім ошағы 55 жыл ішінде өсіп-өркендеу, тәжірибе шыңдау сынақтарынан табысты өтті. Ал 1992 жылдың мауысымында, яғни тәуелсіздігіміздің елең-алаңында өрттен қорғау қызметінің қатардағы және басшы құрамын кәсіби даярлау мектебі атанса, 1999 жылдың маусымында институт мәртебесі берілді. Оқу орнын әр жылдары Кеңес Одағының Батыры П.Блинов, П.Толмачев, К.Қазболов, И.Фомин, Г.Гончар, Ж.Тұрлыбеков, Ю.Бурмистров, Б.Нүкішев, Д.Данаев, Х.Ғазизов, Ж.Ахметов, С.Тұраров сияқты беделді азаматтар басқарды. Институт құрылған кезден бастап 2,5 мыңға жуық маман даярланып, кең байтақ Отанымызда жемісті қызметімен танылып жүр. Бүгінгі күні күндізгі бөлімде 403 курсант оқып жатса, 635 адам өндірістен қол үзбей білімін жалғастыруда. Жыл сайын жүзден астам қызметкер арнайы курста кәсіби біліктілігін жетілдіреді. Былтырғы жылы ғана басшы құрамның 1070 өкіліне республикалық курсты тәмамдағаны жөнінде сертификат тапсырылды. Сондай-ақ, мемлекетаралық келісім бойынша министрліктің 56 қызметкері, 60 өрт сөндіруші мен құтқарушы Ресейдің, Белоруссияның арнайы білім ордаларында оқып, тәжірибеден өтуде. Күндізгі оқу факультетінің 82 түлегі институтты «Үздік дипломмен» бітірді. Ал А.Тоқтамысов пен А.Цойдың лейтенант погонын Ақордада Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолынан алуы баршамызды мерейлендіріп, курсанттар жүрегіне жігер құйды».
Институттың барлық профессорлық-оқытушылық құрамы мақсатты түрде ғылыми қызметпен айналысады. Қазіргі таңда Ресей ТЖМ МӨҚ Академиясының күндізгі бөлімінде институт жолдамасымен 46 курсант, адъюнктурада 3 оқытушы сырттай білім алуда. Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының түлегі Қ.Нарбаев Америкада, магистр Ә.Мейрамова Австрия мен Германияда біліктілік сынағынан ойдағыдай өтіпті. Кафедра меңгерушісі полковник Б.Евниев 10 оқу-әдістемелік және 30-дан астам ғылыми жұмыстардың авторы екен. «ҒЗИ және редакциялық-баспа» бөлімінің күшімен 1999 жылы институт қызметкерлерінің ғылыми еңбектерінің жинағы басып шығарылса, биыл «Хабаршы» журналы жарық көрді. Институт құрамы 2010 жылдың қараша айында Қазақстан, Ресей және Украина ғылыми және білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен алғашқы халықаралық конференцияның өткізілуін өз ізденістеріне берілген жоғары баға санайды. Осындағы оқу-жаттығу барысын бақылаған америкалық әріптестер де риза көңілін білдіргенін былтыр газетімізде жазған едік.
Көкшетау техникалық институтында 1991 жылы туған 107 курсант білім алып жатыр. Олардың дені 3-курста оқиды. «Тәуелсіздік тұстастары» кездесуін курс бастығы подполковник Силан Жұманов ашып, республикалық «Жас ұлан» мектебінің түлегі, қазір екінші курстың взвод командирі, кіші сержант Медет Мұсабаев ел тәуелсіздігінің мән-мағынасы мен алдағы міндеттер жайында толымды баяндама жасады. Одан кейін мінберге 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар институт бастығының тыл жөніндегі орынбасары подполковник Сәкен Қабибуллин мен техника ғылымдарының кандидаты подполковник Амантай Сүйіндіков шықты.
– Мен Қазақ политехникалық институтының І курс студенті едім, – дейді Сәкен Зайытұлы. – Жатақханымыз алаңнан 400 метр жерде ғана. Толқу болып жатқанын есітісімен сонда жүгірдік. Ән салып, шеру тартқан студенттерге иықтасып барып қосылдық. «Біз Қазақстанда тұрмаған, қазақстандықтардың өмірін, дәстүрін білмейтін Колбинге қарсымыз», «Елімізді қазақстандық басқарсын, қазақ азаматы басқарсын», деген ұрандар сақылдаған аязда саңқылдап шығып жатты. Бұл Мәскеу алпауыттары жала жапқандай, ұлтшылдық емес еді. Бұл орталықтағы озбыр саяси жүйенің күйреуі, халықтардың тәуелсіздікке ұмтылысының пісіп-жетілуі еді. Бүгінгі қымбат тәуелсіздігімізді бағалаңдар. Тәуелсіздігіміздің туында желтоқсандықтардың қайсар рухымен қатар қайнаған қан табы да бар. Оның зардаптары әлі де жүрек сыздатады. Менің іссапармен Түмен облысының Пиштим қаласында болғаным бар. Кинотеатрда отырғандардың басым көпшілігі қазақ жастары екендігіне таңғалдым. Бұлардың барлығы 58-баппен (Отанға сатқындық) 5 жылға сотталып, жер аударылғандар екен. Тәуелсіздік құрдастары, тұстастары деген ат сендерге артықшылық бермейді, қосымша жауапкершілік жүктейді. Осыны ұмытпаңдар, жақсы оқыңдар, елге адал қызмет етіңдер.
Жоғары математика пәнінің оқытушысы подполковник Амантай Сүйіндіков Қазақ мемлекеттік университетіндегі оқуын әскерден оралған соң, 2-курстан жалғастырған. «Сол күнгі сағат 13.15-те басталатын сабақ болмай қалады. Студенттер арасында сыбыс тарап, дауылды дүбір баршаны сілкінтіп тастаған. Қазақ-орысымыз бар, жастардың басым көпшілігі орталық алаңға қарай ағылдық. Әскерилердің қоршауын бұзып өту қиынға соқты. Бірақ, ешкім кейін қайтатын емес, орындарында тапжылмай тұр. Кешкісін қан сойқан басталды. Мылтықтың дүмі мен саперлік күректер сартылдауда. Бейбіт шеруге шыққан жастарды ашық машиналар мен арнайы көліктерге тоғытып, алып кетуде. Алматыдан 30 шақырым жерге қотарып жатыр дегенді айтады кейбіреулер. Арақ-шарап таратылды деген бос сөз. Қатаң қудалау жүргізілді. Оны университет ректоры Өмірбек Жолдасбековтің қызметінен алынғанынан аңғаруға болады. Ұлттық қақтығысқа жол берілмегенін қазақстандықтардың ең үлкен қасиеті деп бағалау керек», – дейді аға оқытушы.
Мәжілісхана тым-тырыс. Курсанттардың ауыр ойын серпімек ниетпен өзіміз сөз алып, 92 жылдан бері шығып келе жатқан газетіміздің ел тәуелсіздігі жолындағы үздіксіз еңбегінен таратып әңгіме өрбіттік. Мұнда халқымыздың маңдайалды азаматтары елге жалынды сөздерін арнады, талайы репрессия құрбанына ұшырады. Бірақ, ел үнпарағынан тәуелсіздік идеясы түскен емес. Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап жанқиярлық еңбек тіпті күшейді. Тәуелсіздікті мадақтаудан бастап, оны қорғау, Тәуелсіздігіміздің ту ұстаушысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың мүлдем жаңа мемлекетті құрып, оның қымбат қағидаттарын қалыптастырудағы еңбегін дәріптеу, болашақтың қамын жасау, ішкі-сыртқы саясатты мығымдау, қоғам мүшелерін қоғамның тірегіне айналдыру, көп ұлтты республика тұрғындарының жарастығы мен бауырмалдығын жалғастыру сияқты өзекті тақырыптар күн тәртібінен түспеуде. Бүгінгі кездесуді сол темірқазық тұтқалардың бірі деп есептейміз.
Сабақтан, кезекшіліктен, нарядтан бос «Тәуелсіздік тұстастарының» саны да біршама көрінді. Бәрінің де жүздері жалындап, өз ой-пікірлерін ортаға салуға ынтығулы. Біз баршасына бір ғана сұрақ қойдық: «Институтқа түсуіңнің басты себебі не?»
Мақсат Ержанұлы: – Ауылда жалғыз ғана әскери адам болатын. Ол капитан шеніндегі өрт сөндіру қызметкері еді. Бәріміз сол кісіге ұқсағымыз келеді. Үш аяқты мотоциклін зуылдатып өткенде одан бақытты адам жоқтай көретінбіз. Арманымның орындалғанына қуанамын.
Шерзат Әбдіәзімов: – Көршіміз Рүстем Әбутәліпов 2008 жылы осы институтты бітірген. Қазір Ақсу кентіндегі өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы. Ол мектебімізге келген сайын төтенше жағдайлар қызметі жайлы қызықты әңгімелер айтатын. Үйім жақын болғандықтан, фотоальбомынан институт өмірімен сырттай танысып та алдым.
Максим Иванов: – Таңертең казармадан шыққан курсанттар оқу корпусына біздің мектептің жанынан сап түзеп өтетін. Соңдарынан еріп жүретінбіз. Енді сол сапта өзім жүрмін!
Исақожа Елеусізов: – Адамға қажетті оқуға түстім деп ойлаймын.
Айбек Қасымов: – Менің өрт сөндіруші болмауға хақым жоқ сияқты. Өйткені, әкем осы институтты сырттай оқыған. Туған және немере бес ағам төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері. Ұрпақтар сабақтастығы менен кейін де жалғаса түссе деймін.
Курс бастығының орынбасары майор Нұрым Жағыпаров бізді оқу залдарын, демалыс және жатын бөлмелерін, зәулім асхананы аралатып көрсетті. Айналамыздан мұнтаздай тазалық, темір тәртіп лебі еседі.
Көкшетау.