
Суретті түсірген Ерлан ОМАР
1997 жылы Елбасының бастамасымен ел орталығы Ақмола қаласына көшірілгенде, бұл шешімді түсінбегендер табылды. Ол кезде қала халқының саны 300 мың шамасында ғана болды. Сол кезбен салыстырғанда 20 жыл ішінде ауқымды шаралар атқарылды, Астана – халықаралық орталыққа айналып, тұрғындардың саны миллионнан асып кетті.
Тарих үшін жиырма жыл деген өте аз мерзім. Осы аз ғана мерзім аралығында көптеген мектептер, оқу орындары, спорт кешендері, ауруханалар, тұрғын үйлер салынды. Мұның бәрі Астананы дамыту, халықтың тұрмысын жақсарту үшін жасалып жатқан шаруалар. Елордамызға миллиардтаған соманың инвестициясы тартылды.
Қаланы аралай қалсаңыз, шаһардың көркіне тамсанасыз. Көкке мойнын созған зәулім ғимараттар, жалт-жұлт еткен ойын-сауық орталықтары, заманауи театр, спорт кешендері, даңғыл жолдар бар. Ойын алаңдары, аулалар да қазіргі заманға сай жасалған. Келешекте де қала көркейіп, талай жанды тамсандыратыны анық.
Астананы көшіру тікелей Елбасының бастамасымен жүзеге асты. Осы шешім қабылданғанда Президентке өте қиын тиді. Парламентте бұл мәселе көтерілгенде ел орталығын көшіруге күмәнмен қарағандар көп болды. Инфрақұрылымы жоқ, халқы аз, транспорты мен логистикасы дамымаған қалада астана салу өте қиын шаруа еді. Қала құрылысына тартылатын инвестицияны қайдан алуға болатыны да белгісіз болатын. Осындай сәттерде Елбасы елорданы көшіру туралы нақты шешімін айтты. Президенттің жоспары дұрыс болғанын уақыт көрсетіп, қазіргі таңда соған куә болып отырмыз.
Астанада көптеген жаһандық шаралар ұйымдастырылды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Сирия жөніндегі Астана процесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммиттері, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Елорда төрінде ұйымдастырылған осындай маңызды шаралар еліміздің халықаралық аренадағы абыройын асқақтата түскені анық.
Астананы алғаш көшірген уақытта әлем жұртшылығы мұндай қала бар екенін біле бермейтін. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге іссапарға шыға қалғанда, түрлі форумдар мен саммиттерде әрдайым шаһар туралы айтып беретін едік. Астана туралы, Қазақстан туралы ұзақ әңгімелеп, ақпарат бергеннен кейін ғана инвестиция құюға қызығушылық танытып жататын.
Қазіргі таңда Астананы шартараптың бәрі біледі. Шетелге шыққан сапарымызда Астанадан келгенімізді естісе, қалаға келгенін, ұнағанын айтып жатады. Осы уақытқа дейін әлемнің 70-80 мемлекетінде болып, көптеген қаласын араладым. Алайда солардың ешқайсысын өзіміздің Астанаға теңгермеймін.
Елордамыздың осылай көркеюі, халықтың тұрмысы жақсаруы, әлбетте, Елбасының көреген саясатының арқасы екені анық. Осы орайда, Астана тұрғындарын, Қазақстан халқын елордамыздың мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Халықтың әл-ауқаты әрдайым жоғары болсын! Еліміз өсіп, өркендеп, көркейе берсін!
Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері