Қазақстан • 25 Маусым, 2018

Ішкі істер министрлігінің өкілдері қапыда қаза тапқандарды еске алды

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан полициясының құрылған күніне орай Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бастаған министрлік өкілдері, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне арналған монументке гүл шоқтарын қойды.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудан бас­тап, құқық қорғау, төтенше жағ­дайлардың алдын алу және сал­дарын жою, түзету меке­ме­лерін басқару тәрізді және бас­қа да ең өзекті салалардың басын біріктіріп отырған минис­тр­ліктің алдына қойылған міндет те ауқымды. Осыдан 26 жыл бұ­рын 23 маусымда құрылған құ­ры­­лым бүгінде еліміздегі ең ірі министрлік болып отыр.

Ресми деректерге қарағанда, тәу­ел­сіздік жылдарында ішкі іс­тер органдарының 850 қыз­меткері қызметтік мін­дет­терін өтеу кезінде, қыл­мыс­керді ұстау кезінде қаза тапқан. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін өтеу кезінде полицияның 2320 қызметкері жарақат алған.

Шара қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әріптестерді бір минут үнсіз еске алумен басталды.

Сондай-ақ монумент алдында Ішкі істер министрлігінің жо­ғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерге – лейтенант погондарын табыстау рә­сімі де өтті. Қалмұханбет Қа­сы­мов­тың қолынан алғашқы ше­­нін алғандардың бірі – Нар­гиз Жақсылықова ІІМ Б.Бей­се­нов атындағы Қарағанды акаде­мия­сының түлегі.

– Мен бұл сала­ны бекерден-бекер таң­да­ған жоқпын. Мектепте оқып жүр­генімде туған ауылымда ауыр қылмыс тіркеліп, ол ашылмай қалды. Ал қылмыскердің қолынан қаза тапқан келін­шек­тің қызын жақсы танитынмын. Осы жағдай маған қатты әсер етті. Құрбымның күйзелісін кө­ріп, мектеп бітірген соң поли­ция қызметкері болуды ойладым. Сөйтіп елімізде құқық­тық тәртіптің сақталуына, қыл­мыс­тарды болдырмауға күш салғым келді. Міне, бұл арманыма да жет­тім, – дейді жас лейтенант.

Наргиз бүгінде жұмысқа орналасып та үлгерген. Ол Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасына қарасты Ертіс полиция бөлімінде тергеуші болып қызмет етуде.

Жалпы, биыл ІІМ жоғары оқу орындарын тәмамдаған 1070 тү­лек лейтенант шенін алып, тү­гелдей жұмысқа орна­лас­ты­ры­лған.

Іс-шарадан соң Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ми­нистрліктің клубын­да әріп­тес­терін кәсіби мере­келе­рі­мен құт­тық­тап, қыз­мет­терін адал орын­дауда көзге түскен бір­қа­тар по­лицейлерді салтанатты жағ­дай­да марапаттап, ізгі тілек­те­рін жет­кізді. Биыл ішкі істер саласында ауқымды ре­фор­­малардың тағы бір легі бас­та­латындығын жеткізді және ал­дағы құрылымдық өзгерістер жайында баян етті.

Осы күні орталық аппа­раттың және аумақтық бөлі­ністердің 854 қызметкері қыз­мет­тік міндеттерін адал орын­да­ғаны үшін марапатталды.

Кеш соңында жиналғандар назарына Алматы қаласы ІІД мен Ұлттық ұлан көркемөнер­паздары даярлаған мерекелік кон­церт ұсынылды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»