Әлем • 25 Маусым, 2018

Жаһан жаңалықтары. Азия чемпионаты Қазақстанда өтеді

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жаһан жаңалықтары. Азия чемпионаты Қазақстанда өтеді

Нұрсұлтановтың кезекті жеңісі

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (7-0-0,6 KO) АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен бокс кешінде шаршы алаңға шығып, жетінші жеңісіне қол жеткізді. 

Алты раундқа жоспарланған кездесуде отандасымыз мек­сикалық боксшы Хосе Обан­домен жұдырықтасып, алтыншы раундта техникалық нокаутпен жеңді. Жекпе-жектің аяқталуына бірнеше секунд қалғанда Нұр­сұлтанов қарсыласын қыспаққа алып, сериялы соққылар жасады. Мексикалық боксшының шарасыз қалғанын байқаған төреші кездесуді мерзімінен бұрын тоқ­татуға мәжбүр болды. 

Осылайша, отандасымыз кәсіп­қой бокстағы жетінші же­ңі­сін тойласа, оның алтауын мер­зімінен бұрын аяқтады. Ол кәсіпқой бокстағы дебют жек­пе-жегінде ғана толық жұ­дырықтасып, төрешілердің шешімі бойынша ұпай санымен жеңіске жеткен еді.

«Реал» жас қақпашымен толықты

Мадридтің «Реал» клубы Луганскінің «Заря» командасының қақпашысы Андрей Лунинді сатып алды. Бұл туралы клубтың ресми сайты мәлімдеді.

19 жастағы қақпашының «Реал» командасымен ара­дағы келісімшарты алты жылға жоспарланған. Бұған дейін «Marca» басылымы «Реал» Лунин үшін 14 млн еуро төлегені туралы ақпарат таратқан болатын. 

Лунин «Заря» қақпасын 2017 жылдан бері қорғап келген-ді. 2017/18-жылғы маусымда ол клубтың ең үздік футболшысы деп танылған. Өткен маусымда ол команда сапында 36 рет жасыл алаңға шығып, 10 ойында қақпасына гол жібермеген. 

Азия чемпионаты Қазақстанда өтеді

Қатар астанасы Дохада өткен Азия ауыр атлетика федера­циясының атқару комитетінің отырысына Қазақстан ауыр атлетика федерациясының өкілдері қатысып, 2020 жылғы құрлықтық чемпионатты өткізу туралы ниетін растады.

Сондай-ақ отырыс кезінде Азия құрлығында ауыр атлетиканы дамыту мәселесі, 2018 жылғы жаз­ғы Азия ойындарына және 2019 жылы Үндістанда өтетін Азия чемпионатына дайындық ба­рысы талқыланды. Шара барысында қазақстандық тарап IWF және AWF басшылығымен кездесу өткізді. Онда Қазақстан 2020 жыл­ғы Олимпия ойындарының ква­лификациялық ережелеріне сәйкес квота көлемін қысқарту мәселесіне қатысты өз пікірін біл­дірді. 

Айта кетейік, бұған дейін 2004, 2009 және 2013 жылдары үш мәрте құрлық біріншілігі Қа­зақстанда өткен болатын.

Дайындаған Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»