Қазақстан • 26 Маусым, 2018

Әсет Исекешев. Елдігіміздің ұйытқысына айналған елорда

643 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Әсет Исекешев. Елдігіміздің ұйытқысына айналған елорда

Бедерлі жиырма жыл немесе баяндылық бастауы

Астана – мыңжылдықтар то­ғы­сында салынған әлемдегі біре­гей қала, тек еліміздің ғана емес, тұтас Еуразия құрлығының жүре­гінде, өркениеттердің тоғысында орналасқан футуристік шаһар. Астананың архитектуралық бей­несіне қарап Батыс пен Шығыс дүниетанымының және ұлттық стильдің өзара үйлесім тапқанын көруге болады. 

Астана – тәуелсіздіктің сыйы. Елбасымыз «Астана – Ота­ным­ыз­дың жүрегі, тәуел­сіз­ді­гі­міз­дің тірегі» деген болатын. 

Биыл біз үшін мерейлі жыл. Осыдан жиырма жыл бұрын Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың та­ри­­­хи шешімімен Ақмола қа­ла­­сы елі­міздің жаңа астанасы атан­ды. Сол кезде қала тұрғын­да­­рының са­ны небәрі 300 мың бо­­латын. Ин­фрақұрылымы, эко­но­микасы тұралаған, қаланың жағ­дайы тұр­мақ, мемлекеттің өзі әлеу­мет­тік-экономикалық тұр­ғы­дан қи­ын кезеңде болатын. Сол кезде Есіл­­дің сол жағалауында бүгін­гідей зәулім ғимараттар, ға­жайып қала салынады дегенге көпшілік сене қоймағанын жақсы білеміз. Бірақ уақыт өте келе бәрі де өз­ге­рді. 

Қазір Астана тұрғындарының саны 1 миллионнан асты, жалпы өңірлік өнім 190 есеге өсіп, 5 трлн теңгеге жетті. Құрылыс көлемі 46 есеге, жеке кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 3 есеге өсті. Жұмыс­сыздық 12 пайыздан 4 пайызға дейін азайды. 

Астанамыз ресми статусын ал­ған бір жыл ішінде ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» ата­ғын алса, бүгінде әлемнің ең үз­дік отыз қаласының қатарына қо­­сы­луға нақты қадамдар жасау­да. Оған қол жеткізу үшін зор мүмкіндіктер, қалыптасқан тә­жірибе мен салмақ­ты жоспар бар.

Қазіргі таңда Астанаға қарап елі­міздің өзге өңірлері бой түзей­ді. Елордамыз ел дамуының ло­ко­мотивіне, оның әлемдік дең­гей­дегі символына айналды. Эко­номика, мәдениет, құрылыс, биз­нес салалары аса қарқынды да­мып келеді. Бұлардың қала өміріндегі айшықты жемісін ел-жұ­рт көріп отыр. 

20 жыл ішінде қалаға салын­ған инвестицияның жалпы көлемі 8 трлн теңгеге жетті. Табысты эко­номикалық даму үлгісінің ар­қа­сында жиырма жыл ішінде мем­лекеттік қазынаға елордадан 6,3 трлн теңге қаражат түсті. Аталған кезеңде алынған тран­сферт көлемі 2,3 трлн теңгені құрады. Осы ретте мемлекеттің қаланы салуға бөлген инвестициясы 2,5 есе қайтарымға ие болды.

Қала экономикасының ша­ғын және орта кәсіпкерлікке негіз­дел­ген толыққанды құры­лымы жасалды. Осы бағытта өндірілген өнім көлемі 4 трлн 300 млрд тең­геге жетті.

Өзім бірнеше жыл бойы Астана қала­сында еңбек етіп ке­ле­мін. Осы уақыт ішінде қала­мы­з көз алдым­да өсіп, өркендеп ке­леді. 

Бұл оң өзгеріске қарапайым жұ­рт­шылықтың қосқан үлесі зор. Құрылыс қарқынды дамып отыр. Халықтың әлеуметтік тұр­мыстық-жағдайы, рухани салада айтарлықтай ілгерілеу бар. Қаламызда зиялы орта қалып­та­сып келеді. Уақыт өткен сайын, астаналық мәдениет, тұрмыс салты орнығуда. Әлемдік лидерлер мен сарапшылардың басын қосқан алқалы басқосулар өткізіліп келеді.

Қала түрлі идеялар мен ше­шім­дерді, мәдени және тарихи құндылықтарды өз бойына сіңіре отырып, Мәңгілік Ел­дің темірқазығына айналды. ­Ел­орданың дамуы әлемдік бәсе­кеге төтеп беретін өміршең қа­ғи­­далардың іске асуында жатыр. Қа­ламыз елдегі инно­ва­ция­лық дамудың ордасына, төр­тінші өнеркәсіп төңкерісін қа­лып­тас­тыратын жаңа идеялар орта­лығына айналды.

Мерейлі жылдың мерекесі

Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы тұтас республика көлемінде атап өтілуде. Мерей­той аясында халық, эстрада және классикалық әуендерінің кон­церттері, театрлық премьералар және театрлардың гастрольдік сапарлары, жастарға арналған шоу-бағдарламалар, сурет, де­ко­ративтік-қолөнер көрмелері, фо­токөрмелер, жәрмеңкелер, промо-акциялар және өзге де форматтарда 600-ден астам іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз.

Мысалы биыл «Серпер» ха­лық аспап­тары оркестрлерінің ха­лық­аралық фес­тивалі өт­кі­­зіледі. Халық әуен­де­рін сүй­іп тыңдайтын талғампаз тың­дар­мандар халық аспаптарынан тө­гілген ға­жайып әуендерге құлақ құ­рыш­тарын қандыратын болады. 

Биыл жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан мәдени-көпшілік іс-шаралардың ерекшелігі – олардың бұқаралық сипатта болуы. Іс-шараларды парк, гүл бағы және қалалық алаңдарда өткізуге басымдық берілуде. 

Саламатты өмір салтын ұстанатын әуесқойларға арналған спорттық бағ­дар­лама Астана күнін мерекелеудің дәстүрлі бөлігі саналады. Елордада осы жылы бірқатар ірі халықаралық спорттық іс-шаралар өтеді. Ағымдағы жылдың маусым айында 39 жылдан бері ТМД елдері аумағына тұңғыш рет «Ironman» триатлон бойынша жарыс өткізіледі. Оған әлемнің 35 елінен 3 мың спортшы қатысады деп күтілуде.

Сондай-ақ «Елорданың 20 жылдық мерейтойына сый» акциясы аясында өңірлерден сый ретінде 10 жаңа нысан пайда болады. 

20 жылдықты мерекелеу жұмыс­та­рына Астананың бауырлас қалалары мен шетелдік елшіліктер де үлес қосуда. Биыл 2-3 шілдеде Бейбітшілік және ке­лісім сарайында өтетін Жібек жолы елдері қалалары әкімдерінің форумын атауға болады. Форум қорытындысы бойынша Жібек жолы елдері қалалары әкімдерінің клубы, кәсіпкерлік, ғылым, білім, әдебиет, туризм, спорт және ҮЕҰ салалары бойынша қауымдастықтар құрылады деп күтілуде.
Тулуза қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Кометалар», «Су – төбеден көрініс» сын­ды ғарыштық тақырыптарда көр­ме­лер ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Аустрия өңірлерінің форумы, Вена балы, Татарстаннан сабантой, Анкара күндері, атақты француз дирижері Ф.Юидің қатысуымен өтетін «Гофман ертегілері» атты симфониялық оркестр концерті, Үндістан елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылатын Йога апта­лығы және өзге де айтулы іс-шара­лар Астананың бейбітшілік пен келісім ордасы екендігін тағы бір мәрте айғақтай түсетіні анық.

2018 жылы қаладағы мәдени және бұқаралық іс-шараларды тамашалайтын тұрғындар мен қонақтардың жалпы саны миллионнан асады деп күтілуде. 

Осыған орай, қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дай­ын­дауға, қала тұрғындары мен қонақ­тарының қауіпсіздігіне, оларға қолайлы жағдай қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінуде.

Болашақтың қаласы немесе өзгерістерге жетелейтін оң бастамалар

Астананың 20 жылдығы – белесті кезең. Өткенді саралап, келешекті бағамдайтын тұс. Осы орайда, Астана қаласын әлемнің ең ақылды отыз қаласының қатарына қосу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

Ең әуелі, қала тұрғындары үшін қо­лайлы орта қалыптастыру және сапа­лы қызмет көрсетуге басымдық бері­лу­де. Осы ретте, қызмет түрлерін автоматтандыру, үйден шықпай қызмет алу мүмкіндіктері барынша кеңейтілуде. Қазір әлем жұрты осыған келе жатыр. 

Бүгінде әлем жұртын еңселі ғимарат­тармен таңғалдыру қиын. Коммуникация, теxнология дамыған заманда мұндай ғажаптар әлем жұртына жат емес. Сон­дықтан қаланың дамуы ең әуелі тұр­ғындардың әл-ауқатымен, адамдарға жасалған қолайлы жағдаймен өлшенеді. Бұл ретте, қалалық әкімдік тарапынан Астананы азаматтарға қолайлы қалаға айналдыру жұмыстары жүргізілуде.

Мысалы биыл бүлдіршіндерді бал­а­бақша кезегіне қою, оларды ата-аналары қалаған балабақшаға орналасыру қызметін электронды форматқа көшірдік. Бұрындары бұл әрбір ата-ана үшін кемінде 5-6 күн уақыт алатын. Бүгінде үйден шықпай-ақ электронды цифрлы қолтаңба арқылы e.astana.kz сайтынан 5 минутта осы қыз­­меттерді алуға мүмкіндік жасадық. Қазіргі таңда мыңдаған қағаз құжаттар толтырудың орнына, компьютерде отырып өзіңіз таңдаған балабақшаға жолдама алуыңызға болады. Бұл біріншіден уақытты үнемдесе, екіншіден, қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, аза­мат­тарға қажетті мәліметтер базасы Big Data, яғни үлкен деректер базасын құру арқылы азаматтарға көрсетілетін автоматтандырылған қызмет түрлерінің аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

Әлем елдері жасанды интеллектінің әлеуетін адамзаттың игілігіне пайдалану мәселесі жөнінде нақты қадамдар жасауда. 

Бүгінде қала тұрғындарының тиісті мем­лекеттік құрылымдарға сауалдары мен бұйымтайларын жеткізуіне ың­­ғайлы жағдай жасалған. Бұл ретте, мес­сенджерлердегі чат-боттар, «Смарт Астана» мобильдік қосымшасы, 109 қыз­­меті сынды құралдар арқылы ха­лық­­тың ұсыныстары мен сын-пікір­леріне дер кезінде, уақтылы жауап берілуде.

Астананы ақылды қалаға айнал­ды­руға қатысты барлық негізгі жұмыстар жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін смарт білім, смарт медицина, е-КСК жобаларын толық аяқтаймыз. 2019 жылы бірыңғай геоақпарат жүйесі, ITS және ақылды құрылыс жобалары жүзеге асырылады. Осылайша келер жылдың соңына қарай «ақылды қаланың» негізі толық қаланып бітеді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі басым­дықтар мен бес әлеуметтік баста­ма аясында қыруар жұмыстар атқа­ры­луда. Мемлекеттік пен жекеменшік әріптестігі аясында халыққа пайдалы әлеуметтік нысандар, маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте, осы игілікті шараларға бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігін терең ұғынған кәсіпкерлердің қосқан үлесі зор.

Елорда нарығында барынша сұра­ныс­қа ие мамандықтар тізімі жасалып, халықты тегін оқыту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы осы мақсатта білім алғандар саны он алты мыңнан асты. Олардың он мыңы цифрлы сауат­ты­лық, бір мыңы кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алды. 

Қорытындылай келгенде, осыған ұқсас оң өзгерістер аз емес. Жалпы, Астананың дамуын елдігіміздің ертеңі мен әлеуетіміздің бет-бейнесінен хабар беретін айшықты үрдіс деп бағалауға болады. Астана тек жаңа қала емес, санғасырлық баба­лар аманатының, халық аңсарының орын­далуы ретінде сипатталады. Азат елі­міз­дің айбынды қаласы, әсем шаһары әрі футу­ристік ордасының әлемдік көшбасшы мега­полис атануына барлық мүмкіндік жасалуда. Осы орайда, барша оқырмандарды да осынау ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етуге шақырамын.

Астанамыздың жиырма жылдық мерейтойы құтты болсын! Еңселі елордамыз жаңа өзгерістер мен жарқын оқиғалардың жаршысы болғай.

Әсет ИСЕКЕШЕВ,
Астана қаласының әкімі