Әдебиет • 26 Маусым, 2018

Әйелдер арасында танымал болған туындылар

71 реткөрсетілді

Соңғы жылдары адам­дардың психология ғылы­мына назар аударуы, қызығушылық танытуы айқын аңғарылады. Пси­хологиялық білімнің күн­делікті өмір мен іс-әрекетінде шешуші орын алатыны көпшілікке мәлім. Әсіресе қазіргі кезде жас­­тар, жалпы әйелдер қауы­мы іс-әрекет пен қарым-қатынасты субъект ретінде жетілдіруі үшін пси­холо­гиялық даярлықты жоғары дәрежеде тануға ден қоя бастады. Қа­зақстандағы ірі кітап дүкені Flip.kz желісінің кеңесшісі 2017-2018 жылдары ең көп сатылған әрі қазақстандық әйелдер ара­сындағы танымал бірнеше кітапты ұсынды. 

1. Тізімнің көш басында та­ны­мал психо­лог Михаил Лаб­­ковскийдің «Хочу и буду» атты кітабы тұр. Автор кез кел­ген адам бала­сының бақытты болуға әрі қалаған ісімен айналысуға құқылы екеніне кәміл сенеді. Аталған еңбекте өзіңді түсіну, қуана білу, айналадағылармен жарасымды өмір сүру жайы айтылады. Сонымен бірге біз­ге мәлім де беймәлім уайым мен үнемі үрейлену, адами қарым-қатынастың негізгі себеп­терін іздейді. Автордың ойынша, ізденіс пен ынта арқы­лы адамның өзін, мақсаты бұл­дыр өмірін түбегейлі өзгер­туге болады. Адамның өз өмір жолын, мақсаттарын, құнды­лықтарын, әдеп нормаларын, болашақ мамандығы мен тұр­мыстық өмір жағдайларын дұрыс қалыптастырудағы тұлға­лық дамудың нақты қырларын көр­сетіп береді. 35 жыл­дық тәжірибесі бар Михаил Лабков­ский Иерусалимде тәртібі қиын балалармен жұмыс істеген. 

2. Поп-пси­хология бағы­тында жазылған көптеген бест­селлердің авторы – Луиза Хей­­дің «21 күн­де бақытты бо­лу­дың то­лық курсы» ат­ты еңбегі қазақстандық қыз-келін­шектер назарынан қалай тыс қалсын?! «Өмір сүру өте қарапайым дүние», деп санайтын автор бақытты сәттерді бағалай білуге үндейді. Автордың дайын­дық кітабындағы тапсыр­малардың дені айна алдындағы жаттығулардан тұрады. 21 күн ішінде ішкі қажыр-қайратты нықтау, шығармашылық әлеуетті арттыру, өзін-өзі бағалай білу, жақсы көру мен рақымды болу, өткен шақтағы ескі реніштерді ұмытып, алға бет алуды үйренесіз. Аталған еңбектің негізгі концепциясы оның 1976 жылы шық­қан «Тәніңді сауықтыр» атты кітабынан алынған. Бұл кітап бүгінде 33 елге таралып, әлем­нің 25 тіліне аударылған. Дәл осы Луиза құрған әдістеме миллион­даған оқырманның үміт отын қайта жақты. 

3. Заманауи қоғам табысты болу культін насихаттайды. Екінің біріне ақылды бол, бай бол, табысты, қысқасы бәрі­нен артық бол деген ұранға үндейтіні рас. Ал табысты болу мен жақсы өмірге тәуелділік орын­далмаған армандар мен жетістіктерді үнемі еске салып тұрады. Шынымен қалай бақытты өмір сүруге болады? Таны­мал блогер Марк Мэнсон «Пофигизм өнері. Бақытты болу­дың парадокс тәсілдері» атты кітабында бұл сұрақтың соны жауабын көрсетіп береді. Әзіл-шыны аралас жазылған еңбек қарапайымдылық пен шы­найылыққа, әр адамның тұл­ғалық ерекшелігіне мән беруге құрылған. Өмірде бақытты болғыңыз келсе, бар болғаны қолды бір сілтеуді үйренсеңіз бол­ғаны, дейді автор.

Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар