Соның бәрінің ұйытқысы ақ жаулықты әжедей сезіледі. Әлгі әженің таза балдай тілімен, тұнық үнімен: «Туғанда дүние есігін ашады өлең» (Абай), деп алып, «Шырылдап туған сәбиге, жаялық еттім өлеңді» (Нартай Бекежанов), «Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем! Айналайын, шырағым, Көлге біткен құрағым. Маңдайдағы құндызым, Аспандағы жұлдызым, Әлди, әлди, әлди-ай, Әлди бөпем, ұйықта жай!» деп, «Арша ма екен бесігі, Өрік пе екен бесігі, Көп болса екен несібі» деген тілегін, «Өс, бөпем, өсе бер, Алғыс айтсын шешеңе ел. Палуан боп өс білекті, Батыр бол таудай жүректі! Аяғыңды созайын, Саусағыңды жазайын, Етті болсын балтырың, Епті боп өс жарқыным, Айналайын құлыным!», деген әдемі әуені жер әлемді шарлап кеткендей күй кештіріп, сарайыңды ашады.
Тал бесікте немерелері мен шөберелерін осылай әспеттеген асыл әжелер ұл мен қыздың ғана бағбаны емес, ұлттың да ұйытқысы бола білген бір замандары.
Иә, мұндай ел анасына, жұрт тірегіне айналған әжелер қазір сиреп барады-ау!
Әже дегенде жеңгелері Телқара деп, атын тура атамай тергеген Абайдай дараның әжесі Зере еске түсетіні бар. Зере ананың: «Қарашығым, қоңыр қозым... Абайжаным!» деген сөзі жүрегіңді елжіретеді, көңіліңді толқытады.
Кемеңгер кемеңгер әженің бауырынан қанат қағатын көрінеді. Сөз зергерлері Әбіш Кекілбайұлы мен Асқар Сүлейменовтің аттары да әдемі Айсәуле мен Қымбат аналары да сондай аяулы жандар еді. Сырттай көргенде келісті, тілдескенде үйіріп алар мейрімімен ерекше әсерге бөлейтін. Шапағаты күн сәулесіндей болатын. Ел құрметтеген, жұрт әспеттеген екеуінің де кескін келбеті, киім үлгісі нағыз қазақ анасына тән еді.
Бүгін сондай кемеңгер аналар мен әжелер қазаққа керек болып тұр.
Алтын тамыр ауылдан болмаса, қалаға қыз болып келіп, келіншек болып кереге керіп, ана атанғандар арасынан ондай әжелердің табылуы екіталай секілді. Бар шығар, бірақ аз-ау!
Әже мен келін қазір ұлттық үлгіден гөрі еуропалық салт-санаға бейім. Киім киістері, жүріс-тұрыстары, сөйлеу мәнері – бәрі де солай бұрылған десек, қателесе қоймаспыз. Әсіресе, тілдегі кібіртік көңіліңе қаяу түсірмей қоймайды.
Әрине, қайтсек қазақы қалыпты қалпына келтіреміз, тілге тірек, әдет-ғұрыпқа ұйытқы боламыз деген сәулелі жандар жоқ емес, бар. Әйтсе де, несін жасырайық, кеуделеп әлемдік өркениетті «пір» тұтқандар оларға, көп жағдайда есе беретін емес.
Ауылдағы әжелер күйбің тірліктен қолы тимей жүрсе, қаладағы тұрмысы түзу әжелердің біразы дәулет салыстырып, ұл-қызының қызметін айтып, немерелерінің өзге тілді, оның ішінде ағылшын тілінде сөйлейтініне, өзге жұрттардың үлгісіне жетік екенін желпініп, басқалардың күн көрісін аңызға балап, өздерінің де тынысы кең екенін алға тартады.
Иә, әркімнің еркі өзінде, бірақ бізге азат елдің ертеңі, жалаңдаған жаһандану кезінде ұрпақтың жұтылып кетпеу жағы қымбат екенін ұқсақ, ұлт жолының даңғыл болуын ойласақ, қазақ тірлігі мәңгілік болар еді. Бір сәттік қызық ұлттың үзілмейтін арқауы бола алмаса керек.
Шүкір, тәуелсіз елдің барлық азаматы бүгін болмаса, ертең дәулетті дәрежеде өмір сүретініне еш күмәніміз жоқ. Тек ұлтымызды, жұртымызды, тілімізді әрқайсымыз соған жеткенше қадір тұтсақ, қасиетін ұқсақ, қәне.
Өз тілін ана сүтіндей бойына сіңірген адам, өзге тілді де біледі. Оған бір мысал, кешегі кеңес заманында шет тілін білуге талпынғандар, мектепті бітіргеннен кейін өз тілінен айырылмай-ақ, өзге тілді үйреніп алатын. Ондай азаматтар туралы бұл арада дәлел-дәйек келтірмей-ақ қояйық.
Қазір қарғадайынан тіл үйретуге ата-аналары мыңдап теңге төлеп, қанша сүйрегеннің өзінде өзге тілді меңгеру жағы кемшін соғып жатады. Оның себебін, өз тілін терең білмеуден іздегеніміз жөн секілді. Әрине, тіл білген жақсы. Дегенмен, өз тіліңнен ажырамау керек.
Ана тілін ұқпаудың астарына үңілгенде байқалатыны – бесік жырын айтып, тәрбие үлгісін көрсететін әжелер мектебінің кемшіндігінен секілді. Ұлт тілі, ұлт үні бесікте жатқанда сәбидің санасына сіңсе, бала ұлттық рухты өмір бойы ұлықтап өтетініне иманымыз кәміл.
Қазір үш ұрпақ, әсіресе, қалада: бала – ана – әже өз тілінде емес, көп жағдайда өзге тілде сөйлесетінді әдетке айналдырып бара жатқандай. Оны олар мұнымыз оғаш қылық демейді. Бұл қалай десең, заманды алға тартып, өркениетті елдерден қалмаудың тірлігін тілге тиек етеді. Өркениетті елге бет алған адам оған өз дәстүрінсіз, тілінсіз қалай барады?
Жақында мынандай бір жайсыз әңгімені естіп – жағамызды ұстамасақ та, апыр-ай, ә, дедік.
Орыс тілді әже мен ана балаларын қазақ мектебіне апарыпты. Құптарлық, қуанарлық іс. Мемлекеттік мәртебе алып, төрге озған қазақ тілін білсін, келешегіне кедергі қоймайық депті. Басқаларға жар салып айтатын әдемі үлгі. Бірақ ана тілінен хабары кем ана мен әже қыздарының мектептен үйреніп келген, Абай өлеңіндегі «Өсек, өтірік мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ», деген екі жолдағы «өсек» сөзін оғаш санап, мұғалімге «шабуыл» жасап, ата-ана жиналысын өткізуді, «өсек» сөзінің жаман екенін дәлелдеуге ниет етіпті. Содан ата-аналар жиналысы өтіп, «өсек» деген сөз оқушыға қарап айтылмағанын, Абай өлеңінде бар екенін жиналғандар дәлелдеп, оған ана мен әженің көзін жеткізіпті. Сөйтіп, мұғалімді арашалап алыпты. Сонда ғана барып ана мен әже өздерінің қателескенін, тіл білмеу ісі орға жыққанын айтып өкініш білдіріпті.
Осылайша, өзге тілді жетік білген өркениет көшінен қалмайды деген әже мен ана Абай өлеңінің астарын ұқпай, ұтылып қалыпты. Бұл аңыз емес – ақиқат. Ұлт тілін ұқпайтындардың қай-қайсысынан да кездесе кететін жайт.
Ұлттың тірегі де алтын арқауы да – ана мен әже. Әже мен ана ұлттың рухани құндылықтарынан, тілінен ада болып жатса, ұлттың болашағы бұлыңғыр. Егер бала алдымен ана сүтін емгендей, қазақ тілін еміп өссе шатыспайды, шатқаяқтамайды. Бір замандары Мағжан Жұмабаев: «Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндердің бір күні айналып қазақ тіліне келмекші» депті. Бақсақ, қазақ ұрпағы қазақ тіліне оралмай қоймайды. Бір қуанарлығы қазір осы үрдіс бел алып келеді.
Айналып келгенде, әже тәрбиесінің негізінде – ұлт тәрбиесі жатыр. Ендеше, сол ұлт тәрбиесінің бір кездегі тәрбиешісі – әжелер мектебін қалыптастырсақ, орашолақ ұл мен қыз жіптіктей болып, ұлт рухында жігерлі болып өсері сөзсіз. Тілдегі мүкістіктен, ойдағы бұлыңғырлықтан арылар еді. Өзгенің көлеңкесі болып қалудан құтылар еді. Азаттықты түйсініп, Қазақ елінің ұрпағымын, кімнен кеммін, терезем тең деген отаншылдық сезімі оянып, серпілер еді. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлының: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең – құл болмақшы», деп айтқан қанатты қағидасы шындыққа айналар еді.
Бұл аяғымызға тұсау бола беретін құлдық санадан құтқарып, ұлттық санаға табан тіретер еді. Бұл істе қай-қайсысымызда, әсіресе, зиялы саналатын үлкендер, оқығаны мен тоқығаны мол делінетін жақсылар, яғни «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан Алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» (А.Байтұрсынұлы), деген өсиет сөз қазақтың алтын өзегіне, ана мен әже үлгісінің баяғыдан қалыптасқан алтын арнасына айналып, жалғасын тауып, озығы алға кетіп, тозығы шаң қауып, қазақ жұртының өркені өсіп, ұрпағы кемелдене бермек. Бұл мынау аласапыран замандағы ұлтты сақтаудың мықты арқауы болары анық.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»