Футбол • 27 Маусым, 2018

Алғашқы қарсыластар анықталды

324 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

3-тур ойындары басталғалы бері әлем чемпионатының есеп-қисабы да көбейе түсті. Әр команда өзіне лайықты қарсыласты таңдап, ойындарын аса ыждаһаттылықпен өткізсе, кейбір ұжымдар келесі кезеңге өтуді армандап жүр. Сонымен плей-оффта кімдер қарсылас атануы мүмкін. 

Алғашқы қарсыластар анықталды

Уругвай мен Ресей арасын­дағы ойында қорғаушы Смоль­ников алаңнан қуылып, Ресей командасы 10 футболшымен қалды. Соның салдарынан жарыс қожайындары 0:3 есебімен жеңілді. Станислав Черчесов командасы тең нәтижеге қол жеткізіп, топтағы бірінші орын­нан дәмелі болып еді. Алайда бар ойын құрдымға кетіп, Латын Америкасының командасы қарсыластан бір бас жо­ғары болды. «А» тобындағы бірінші орынды иемденген Уругвай енді плей-офф сынында Португалиямен кездеседі. Себебі, Пиреней түбегінің командасы өз тобында екінші орынды иемденді. Криштиану Ро­налду Иран қақпасына пеналь­тиден гол соға алмай, Ри­карду Сантуш шәкірттері тең нәти­жені қанағат тұтты. Турнир бас­талғалы бері қақпасына бірде-бір гол жібермеген Уругвай Португалияны айналып өтеміз деп отыр. Букмекерлік кеңселер де осылай ойлайды. 

Ал «В» тобындағы екін­ші ойын­да Испания Ма­роккомен тең ойнап, топтағы 1-орнын сақтап қалды. Енді 2010 жылғы әлем чемпионы Ресеймен кездеседі. 2008 жылы ЕУРО додасының жартылай финалында Испания Гус Хиддинк баптайтын Ресейді 4:1 есебімен ойсырата жеңгені бар-тын. Енді қалай болары белгісіз. Бұл жолғы Ресей нидерландылық маманның кезіндегідей күшті емес. Бірақ Испания да сол шақ­тағы қалпынан осалдау. Де­генмен жарыс Ресей жерінде өт­кендіктен орыс ойыншылары тегеурінді қарсылық көрсетері анық. Дегенмен кездесудің бас­ты фа­вориті Испания екеніне дау жоқ. 

Плей-оффтың алғашқы сатысында бір-бірімен қарсылас атанып қалуы мүмкін жұптарға тоқталсақ. Олардың ең бастысы – Бразилия мен Германия. Бұл екі команда 1/8 финалда жолығуы ғажап емес. Егер Бразилия өзі­нің тобындағы бірінші орнын сақтап қалар болса, онда көрші топтағы екінші орын алған Германиямен кездеседі. Ол топта 6 ұпайы бар Мексика көш бас­тап тұр. Ал «H» тобындағы коман­далардың жағдайы қиын. Бірінші орында тұрған Жапония «G» тобының екінші командасы Бельгиямен кездесуі мүмкін. Ал Күншығыс елі құрамасының бірінші орынға шығып кеткенін Англия да пайдаланып қалғысы келеді. 3-турда Англия мен Бель­гия арасындағы кездесуде же­ңімпазды анықтау қиын болатын секілді. Ұлыбританиялық фут­болшылар да, бельгиялықтар да екінші орынға таласқысы бар. 

Сөз соңында айта кетсек, «А» тобының ойыны Сауд Ара­бия мен Мысыр арасында өтті. Турнирлік кестеге еш әсер етпейтін бұл матчта саудия­лықтар соңғы минуттарда жеңісті жұлып әкетті. Осы ойынды Мысырда телеарнадан жүргізген комментатор Әбдел Рахым Мұхаммед матч біткен соң жүрегі тоқтап, өмірден озды. Дәрігерлердің айтуынша, ойын бойы алған әсері Мұхаммедке ауыр тиген екен. 

Сонымен қатар Сербия-Швейцария ойынында Ко­совоның туын жабыс­тырып, гол соққан соң тіпті Алба­ния­ның жалауындағы қыранды қолмен көрсеткен екі ойыншы Шердан Шакири мен Гранит Джакка ФИФА тарапынан айыпқа кесілді. Енді екі ойыншы 8,500 еуро көлемінде айыппұл төлейді. Футболшылар ұлта­раздық қақтығыс тудыратын осындай әрекеттерін енді тағы қай­­талайтын болса, онда әлем чем­­пионатынан шеттетілетін болады.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»