Бірде замандастары оған 10 адамды кезек-кезегімен жіберіп, бәріне бірдей: «Білім артық па, байлық артық па?» деген сұрақты қойдырған. Сонда хазіреті Әли әрбір сұраққа әртүрлі дәйектемелермен былай деп жауап берген:
1. Білім артық, өйткені ол – пайғамбарлардан қалған мирас, байлық – бақылдардан қалған мұра.
2. Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.
3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.
4. Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.
5. Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
6. Білімің көп болса ел саған қызығады, байлығың көп болса қызғанады.
7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
8. Білім қанша көп болса да, іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.
9. Білім адамның кішілігін арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлықты арттырады.
10. Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»