Форумға Ресей, Татарстан, Беларусь, Украина және Қытай сарапшылары мен «Huawei», «Dell», «Сколково» секілді цифрландыру саласының әлемдік жетекші компанияларының өкілдері қатысты. Жаңа заманның үдерістері күн тәртібіне қойылған алқалы жиында облыс басшысы ақпараттық және цифрлы технологиялардың қазіргі замандағы маңызын жан-жақты талдауларымен айқындап берді.
– Баршаңызға белгілі, адамзат төртінші өнеркәсіптік революцияның табалдырығында тұр, – деді Қырымбек Елеуұлы. – Біздің уақыт өтпелі кезең болып саналады. Соған қарамастан төртінші революция қазірдің өзінде өз әмірін жүргізуде. Онлайн мен оффлайн арасындағы шекара ажырап, киберфизика жүйесінің уақыты келді. Осының барлығы бұл жүйедегі салалар құрылымына және мемлекеттің рөліне өзгеріс енгізуде.
Бүгінгі таңда цифрландыру кәсіпорындар, елдер арасындағы тұтастай алғанда бәсекелестікті арттыру, сондай-ақ халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін қажет болып отыр.
Осы жылдың мамыр айында өткен Астананың Global Challenges саммитінде Мемлекет басшысы ғалам дамуының басты бес мегатрендтерін, оның ішінде адамзаттың өмір сүру салаларындағы цифрландырудың барлық буындарын, ауқымды еңбек нарығындағы өзгерістерді, урбанизациялауды трансформациялаудың сипаттарын атап көрсетті.
Тәуелсіздік жылдары ішінде біз әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ендік. Бүгінгі міндет – 30 елдің қатарында болу. Ал ол Қазақстаннан инновациялық дамудың және технологиялық жедел жаңғырудың жаңашылдығын талап етеді.
Цифрлы технология өркендеген елдер жақсы дамып, байитын болады. Әлемдік сарапшылардың болжамы бойынша 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың 25 пайызы цифрлы экономикаға айналады. Қазірдің өзінде көптеген ел осы жанкешті бәсекеге кірісіп кетті. Облыс әкімі цифрлы технология бойынша ойын осылай тұжырды.
Форум барысында Татарстан премьер-министрінің орынбасары-Ақпараттандыру және байланыс министрі Роман Шайхутдинов сөз сөйлеп, онлайн-баяндамасында электронды үкімет пен цифрлы экономика саласындағы жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты. Бүгінде Татарстанда IТ-саласындағы 1700 компания мен 32 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен.
Сондай-ақ интернет-форумда «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің жетекші талдаушысы Илья Романовский «Цифрлы трансформация: ортаны цифрландырудан ақылды қалаға дейін» тақырыбында баяндама жасады. Оның пікірінше, жақын арада 2011 жылдан бастап пайда болған «заттар интернеті» ұғымының орнын жаңа «баршаның интернеті» ұғымы басатын болады, яғни кез келген заттар мен сервистер ғаламторға енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар форумда Қазақстандағы «Huawei» компаниясы корпоративтік сату департаменті бас директорының орынбасары, Zhao Hongbin, reactor.ua тұғырнамасының құрылтайшысы Евгений Саранцов, Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің аға оқытушысы Наиль Гафуров және басқа да шақырылған делегаттар сөз сөйледі.
Форум аясында бірқатар әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, «Astana Hub» Халықаралық стартап-хаб ұйымымен IT-жобаларды жүзеге асыру туралы, «Какаду Девелопмент» ЖАҚ «Smart city» технологияларын енгізу туралы, сондай-ақ «Барс групп» және «Транстелеком» компанияларымен цифрландыру бойынша жобаларды жүзеге асыру туралы меморандумдарға келісім жасалды.
Бүгінде адамзат қаласын, қаламасын цифрландыру технологиясы табалдырықтан еркін аттады. Кәрі қойдын жасындай жасым қалды, енді маған бәрібір деген ой мемлекеттік қызметте жүрген мамандарға жүрмейді екен.
Болашақта цифрландыру адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Халықаралық сарапшылар алдағы уақыттарда қолма-қол ақшаның жоғалып, барлық төлемдердің цифрланатындығын айтуда. Мұндай жағдайда экономика толығымен ашық болып, адамзат болып жеңе алмай келе жатқан сыбайластықтың тамырына балта шабылады. Осы үдерістерден Қазақстан қалмайды. Мемлекет басшысы экономикамыздың негізгі саласына инновациялық өзгеріс жасауға пәрмен берді. Бүгінде ол энергетика мен шикізатқа, агроөнеркәсіп кешеніне, өнеркәсіп, логистика және ақпараттық технологияға жасалды. Қазақстан экономикасы цифрландыру деңгейі бойынша 85 мемлекеттің арасындағы рейтингте 50-орында және цифрлы экономиканың бастаушы тобына кіреді.
Сарапшылардың бағалауынша, цифрландыру нәтижесінде Қазақстан экономикасы 30 пайызға ұлғайып, қаржыға шаққанда 2 трлн теңгені құрайтын болады. Осындай жағымды жаңалықтар облыстарда да жүзеге асып жатыр. Қызылорда облысы да әлемдік және отандық трендтерді ескере отырып, цифрландыру бойынша алғашқы қадамдарын жасау үстінде.
Өткен жылы желтоқсанда жас ІТ-мамандарының «HackDay-2017» алғашқы аймақтық фестивалі өткізілді. Аймақтық ІТ-саябақ ашылды. Халықаралық тәжірибені оқып-үйрену үшін облыс делегациясы Татарстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының «Smart City» үздік орындарында болды.
«ҚазГерМұнай» мұнай компаниясы облыс аумағында «ақылды кеніш» технологиясын енгізді. Облыстағы атом өнеркәсібінің кен өндіру кәсіпорындары цифрлы технологияны қолдану бойынша жұмыстарын бастады.
2018 жылы облыста цифрландыруды дамытуға жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бағыттау қарастырылған. Бұл орайда ақылды басқару, білім беру, денсаулық сақтау, ТКШ, көлік, қауіпсіздік және бизнес саласында 50-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысы экономиканы жан-жақты цифрландыру бүтіндей салалардың жоғалып, жаңаларының пайда болуына әкелетінін айтты. «Біздің көз алдымыздағы ұлы өзгерістер – бұл бір мезгілде тарихи шақырулар және біздің ұлтымыз үшін мүмкіндік болып табылады», деді. Ғаламды тербеткен жаңа технология аймақтар өмірінен осылайша көрініс тауып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы