«Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі. Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына айналады. Бұл үшін барлық жағдай мен қажетті әлеует бар. Бұл қадам шаһардың теңгермелі әлеуметтік-экономикалық дамуына және бүкіл өңір тұрғындарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін береді», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Түркістан облыс орталығы болатынын Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 22 жыл бұрын Түркістанға келген сапарында айтып еді, енді міне, сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтынын Елбасы осы тарихи, тағдырлы шешімімен тағы бір мәрте дәлелдеді.
Он жетінші аймақтың өмірге келуі – еліміздің керегесі кеңіп, шаңырағы биіктей береді деген сөз. Тұтас Тұранның тұлғасы Мағжан:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түркістан Тәңір берген несібі ғой, – деп жырлаған қасиетті, киелі Түркістан аты тағы да жаңалықпен, жақсылықпен жаңғырып, ұлы түркінің әнін айтып, мәңгілік, көк аспанның өзіне асқақ қарап тұр.
Түгел түркіні қуантқан хабар – соның айқын айғағы. Қуаныш құтты, бақытымыз баянды болсын, отандастар! Бақыт – бірлікте, ырыс – ынтымақта!
Халқымызды «Нұрлы жолмен» «Мәңгілік Елге» бастай бер, Елбасы.
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты
АЛМАТЫ