Қазіргі күні ақпараттық-коммуникациялық технологиялар әлемдік дамудың алғышартына айналып отыр. Осы орайда қоғамның жаңарып, дамуына ықпал ететін бірден-бір күш – журналистика болып қала берері сөзсіз.
Цифрландырудың салдарынан көптеген мамандықтардың қатардан шығып қалатынын айтуда зерттеушілер. Алайда ақпарат саласының мамандары дәрігерлер мен мұғалімдер сияқты қашанда маңызды бола бермек. Елбасы айтқандай, «ХХI ғасырда медиа саласы әлемдегі оқиғаларды таратушы болып қана қоймай, көбіне оның жекелеген елдерде және тұтас әлемде қалай өрістеп отырғанын айқындайтын жетекші күшке айналды».
Осы орайда ақпараттық қауіпсіздік дегеніміз ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін қашанда алға тартатын Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығының, қолдауының арқасында тәуелсіздіктен бері еліміздің ақпараттық кеңістігінде үлкен дүмпу болғанын атап айту ләзім. Газет-журнал, телеарна мен радио қатары әлденеше есеге көбейіп, отандық БАҚ нарығында бәсеке қыза бастады.
Сонау тоқсаныншы жылдардың өзінде Мемлекет басшысының нұсқаулары бойынша ақпарат саласының дамуына тікелей ықпал еткен маңызды шешімдер қабылданды. Соның ішінде БАҚ-ты қосымша құн салығынан босатуға қатысты жеңілдіктер жасалды. «БАҚ туралы» заң қабылдануымен елімізде мемлекеттік емес ақпарат құралдарының дамуына жол ашылды. Сала қызметкерлеріне арнайы Президент сыйлығы мен гранттары тағайындалып, жыл сайын үздіктер еңбегі лайықты бағасын алуда.
Елордада «Қазмедиа орталығы» атты заманауи медиа орталық бой көтергеннен бері отандық телеарналар мен радиолардың сапасы техникалық жағынан ғана емес, мазмұндық жағынан да бірнеше есеге күшейді.
Осыдан екі жыл бұрын Елбасының тікелей тапсырмасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылып, оның алдына бірқатар міндеттер қойылғаны белгілі. Өз кезегінде, министрлік осы мақсат-міндеттерді орындау бойынша ауқымды шараларды жүзеге асыруда. Соның ішінде, мемлекеттік телеарналарды, радио мен баспа БАҚ-ты, интернет-ресурстарды жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар жүзеге асты. Ақпарат және коммуникациялар салаларына қатысты заң жобасы қабылданды. Масс-медиа үшін әкімшілік жүктемелер мен шектеулерді азайту бойынша бірқатар жеңілдіктер жасалды.
Журналистер қауымының еңбегін лайықты бағалау мақсатымен өткен жылы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Тұмар» және «Үркер» сыйлықтарын тағайындады. «Нұр Отан» партиясының «Нұр Сұңқар» сыйлығы, сонымен қатар көптеген ұйымдар мен мекемелер тарапынан тағайындалған марапаттар да дәстүрлі түрде табысталып келеді.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатов айтпақшы, «Қай елдің баспасөзі күшті болса, сол елдің өзі де күшті». Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітіп, елдігімізді нығайту жолындағы бүгінгі күнде «төртінші билік» деген бейресми атауға ие қауымға жедел әрі шынайы хабар таратумен бірге мемлекеттік мүддеге қоғамды жұмылдыру, ұлттың бірлігін нығайту сияқты жауапты міндеттер жүктеліп отыр. Отандық БАҚ бұл міндетті абыроймен атқарып келеді деп айтуға толық негіз бар.
Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»