Дегенмен, Елбасы тапсырмаларын мерзімінде және сапалы орындау үшін Үкімет деңгейінде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Олар Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның алғашқы отырысында айтылды. Отырыс барысында мемлекеттік органдарды Шымкенттен Түркістанға көшіру, қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының қазіргі жағдайы, Түркістан қаласының Бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеу және облыс экономикасын одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары О.Оразалин және бірқатар министрліктердің вице-министрлері қатысқан отырыста туризм индустриясына басымдық беру қажеттігі де айтылды. «Қасиетті Түркістан – бүкіл түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы, құтты мекені. Мемлекет басшысының Түркістан облысын құру туралы стратегиялық шешімінің арқасында өңірдің өркендеп дамуына қарқынды серпін беріледі. Түркістан қаласының дамуға қажетті үлкен әлеуеті бар. Алдымен, қаланың Бас жоспарын дайындауымыз қажет. Соның негізінде инфрақұрылымды дамыту туралы шешімдер қабылданады», деп атап өтті Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Рухани қалаға зиярат ету үшін жылына 1 миллионнан астам адам келеді. Оның ішінде 160 мыңдайы шетелдіктер. Осы орайда, облыстың туристік әлеуетінің толық іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласында халықаралық әуежай мен Түркістан – Шымкент, Түркістан – Ташкент арасында қатынайтын жүрдек пойыз бағытын ашу да маңызды. Жақын шетелдермен туристік байланысты нығайту үшін халықаралық автовокзал құрылысын қарастыру қажет.
«Сонымен қатар 8-10 айда негізгі әкімдік ғимараттарын аяқтап, оған дейін мемлекеттік қызметкерлердің баспана жалдау жайын мемлекет есебінен шешу мәселесін ұсынамын. Қысқа мерзімде көп қабатты тұрғын үйлерді салуға еліміздегі ең ірі құрылыс компаниялары қызығушылық танытып отыр. Бүгінде көшіру шығындары мен қажетті ғимараттар, баспана және өзге де мәселелер толығымен есептелген. Инфрақұрылымдық және көлік-логистикалық жүйелер зерттелді. Түркістан еліміздің Батыс өңірлерін көкөніспен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін орталыққа айналған. Енді бұл тиімді бағытты жаңа деңгейде дамытуды қолға алуды қарастырамыз. Себебі Түркістанда ауыл шаруашылығын дамытуға климаттық жағдай өте ыңғайлы. Елімізді, әсіресе, батыс аймақтардың көкөніске деген сұранысын қамтамасыз ету үшін жұмыстар барынша күшейтілетін болады. Түркістан облысының жаңадан құрылуына байланысты осындай ерекшеліктерді қамти отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қайта қарастыруымыз қажет», деді Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.
Бүгінде қала тұрғындарының 94 пайызы орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Алайда облыс орталығы болуына байланысты, қала халқының саны 250 мыңға дейін өскен жағдайда, қажетті су көлемі тәулігіне 50 мың текше метр болады. Яғни келешекте қаланы толыққанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жаңа су қоймаларын салу қажет. Сондай-ақ бүгінгі таңда қала халқының 26,4 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылған. Ал тұрғындарды газбен толық қамтамасыз етуге қаржы қажет. Тиісті қаржы бөлінген жағдайда 2019 жылдың соңында тұрғындарды толығымен газбен қамту мүмкін болмақ.
Комиссия отырысында сөз алған Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев көне шаһардың облыс орталығы мәртебесін алуы үлкен жауапкершілік пен міндет жүктеп отырғанын айтты. Қаланың даму динамикасы мен логистикалық мүмкіндігін арттыру және инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.
«Қаламыздағы жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын басты көшелерінде кептелектер орын алуы мүмкін. Сондықтан да алдағы уақытта көшелердің енін 12-18 метрге дейін кеңейту қажеттілігі туындауда. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі қаланың ортасынан өтетіндіктен, қала тұрғындары мен қонақтарының жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде. Осы ретте, қала ішінде орналасқан 18 шақырым республикалық маңызы бар жолды қала сыртына көшіру қажет», деді Ә.Өсербаев.
Ал Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев Түркістан қаласын дамыту бойынша жасалатын жаңа Бас жоспарды 2 кезең бойынша жүзеге асыруды ұсынды. Вице-министрдің айтуынша, түркі әлемінің мәдени- рухани орталығы және облыс орталығы ретінде Түркістан қаласының Бас жоспары тұжырымдамасының үздік нұсқасына халықаралық конкурс ұйымдастыру қажет. Бұл бірінші кезең, сондай-ақ Қ.Өскенбаев елорданы салу тәжірибесін ескере отырып, қаланың Бас жоспарын дайындау үшін Астана Бас жоспарын тартуды немесе Түркістан қаласында филиалын құруды ұсынды.
«Екінші кезең – қабылданған 2050 жылға дейінгі тұжырымдаманы ескере отырып, қаланы дамытудың егжей-тегжейлі ұсыныстары қамтылған Бас жоспарды дайындауға кірісу. Бас жоспарды сәтті дайындау үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет», деді Қ.Өскенбаев.
Түркістан қаласын дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдау міндеті тұр. Ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұловтың айтуынша, жалпы экономикалық көрсеткіштер бойынша облысты қайта қарау керек. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім бойынша бүгінгі күндегі көрсеткіш 1 млн теңгенің төңірегінде. Вице-министрдің мәлімдеуінше, бұл еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіш десе де болады. Сол себепті жалпы экономика бойынша кешенді жұмыстар қарқынды жүруі керек.
Отырысты қорытындылаған А.Мамин мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігіне облыстық басқару органдарын Шымкенттен Түркістанға қысқа уақыт ішінде көшіру мәселелеріне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Тиісті министрліктер мен ведомстволарға Түркістан қаласының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудың салалық бас схемасын жасауды бастауды жүктеді. Бас жоспар екі кезеңге бөлінбек. Бірінші кезең – 2035 жылға дейін, екінші кезең – 2050 жылға дейін. Ал 12 шілдеде Түркістан қаласы Бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеуге халықаралық байқау жарияланады. Байқауға қатысуға отандық және халықаралық сәулетшілер шақырылады. Бағалау үшін халықаралық сарапшылар тобы құрылмақ.
А.Мамин жұмыс сапары барысында Түркістанның инфрақұрылымдық нысандарын аралады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы