Жалпы болашақта Астана ауданы деп атауға лайық Усолка шағын ауданы облыс орталығының оңтүстік бөлігінде, Ертіс өзенінің жағалауына қоныс тепкен. Ауданда 80-ші жылдардан бастап тұрғын үйлер құрылысы бой көтеріп, дүкендер, мектептер салына бастады. Шеткері аудан болғандықтан қалааралық трамвай жолына қосылған, шаһардағы бағыттағы шағын автобустар да тынымсыз.
Қазір бұл шағын ауданға тіпті жақсы көңіл бөлінуде. Елімізде қабылданған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына орай жиырмаға жуық тұрғын үй салынды. Құрылыс әлі де жалғасуда. Ауданда жарқырған жаңа мектеп, балабақша, емхана пайдалануға берілді. Кардиохирургиялық орталық, Назарбаев зияткерлік мектебі, бірнеше спорттық орталықтар, бассейн, мәдени орындар, сауда дүкендері, аула клубтары жұмыс істеуде. Облыс орталығының жаңа келбетіндей жарқырап өркендеп, өсіп келеді.
Ал енді келесі жылдың соңына қарай пайдалануға берілетін «Ақылды үй» шағын ауданның тіпті сәнін де, мәнін де келтірмек. Жаңа заманның өркениетті тұрғын үйі тұрғындарды таңғалдырмақ.
Кәсіпорынның бас директоры Олег Перфиловтың айтуынша, бірінші кезекте, «ақылды үйдің» әр пәтеріне ыстық, суық су мен жылуды есептейтін құрылғылар орнатылады. Жылу батареяларында арнайы реттегіштер және суды салқындататын климат жүйесі жасалуда. Күн ыстық кезде жүйе бойынша өтетін салқын су бөлменің ауасын салқындатады. Яғни, үй өзін-өзі салқындата алады. Қажетті қондырғылар орнатылады.
«Ақылды үй» – өмір сүруге аса қолайлы, үнемді, жайлы, қауіпсіз саналады. Елімізге келетін инвесторлар да қаланы емес, өмір сүруге, жұмыс істеуге қолайлы мекенді таңдайды екен. Биылғы Жолдауда да «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін, «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады» деген жолдар бар.
С. Торайғыров атындағы университеті физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттер командасы да «Ақылды үй» жобасын жасады. Команда жетекшісі Дархан Жақсыбаевтың айтуынша, болашақта жүзеге асса, «Ақылды үй» жобасының көптеген қызметі бар. Үйге кіру үшін үй иесінің саусақ таңбалары керек. Баспанаға кірерде қозғалыс датчигі іске қосылып, жарық автоматты түрде жанады. Жарықтандыру деңгейін реттеу жүйесі де автоматты түрде қосылады. Сонымен бірге ауа райы өзгерістерін бақылау, перделерді ашып-жабу жүйелерінің автоматты жұмысы, түнгі уақытта баспалдақ арқылы қауіпсіз қозғалу үшін арнайы жарық қосылмақшы.
Студенттер демекші, былтыр «Орталық-Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ «Павлодарэнерго» АҚ еншілес компаниясының қолдауымен облыс әкімдігі арасындағы әлеуметтік жобаларды бірігіп атқару меморандумын жүзеге асыру шеңберінде облыс орталығындағы политехникалық монтаждау колледжіне 200 орындық жатақхана да салып берді. Болашақ энергетиктерге кәсіпорынға жұмысқа бару үшін бұл үлкен сенімді демеу.
Жалпы, өңірде облыс орталығында, Ақсу мен Екібастұзда «Ақылды үй» мобильді қосымшасы таныстырылуда. Бұл жобалар қала тұрғындары мен пәтер иелері кооперативтерін тұрғын үйдің жағдайы туралы хабардар етуге бағытталған. Қызмет көрсететін мекемелер болса өздеріне қарасты үйлердің картасын көріп бақылай алады. Жобаның авторы – «BF Group» ЖШС директоры Сергей Голышев.
Облыс орталығындағы осындай «Ақылды үйлер» жобасының бірін жасауды қолға алған «Павлодарэнерго» АҚ компаниясы тұрғын үйдің құрылысына 1,5 млрд теңге бөлсе, 200 миллион теңгесіне жер асты паркингке қажетті құрылғылар алған. Пәтердің бір шаршы метрі 167 мың теңге шамасында. Ал кәсіпорынның жұмысшы, қызметкерлеріне 25 пайыздық жеңілдік берілмек. «Ақылды үйдің» ауданы 52,4 және 63,9 шаршы метрді құрайтын 96 пәтерден тұрады.
Пәтер алатын компания жұмысшы, қызметкерінің жасы 45-тен аспауы керек. Кәсіпорында он жыл еңбек етіп, осы уақыт аралығында пәтерді сатпауы керек деген шарттары да бар. Қазірдің өзінде «Ақылды үйден» пәтер алуға асыққан 400-ден астам өтініш түскен көрінеді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР