Кеше кешкісін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында саяси партиялардың атауларын сайлау бюллетеніне енгізу туралы жеребе тарту рәсімі болып өтті. Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес жеребе тарту Орталық сайлау комиссиясының отырысында жүзеге асырылды.
Жеребе тарту рәсіміне партиялық тізімдерін ұсынған барлық саяси партиялардың өкілдері қатысты. Ал рәсім мынадай тәртіп бойынша өткізілді. Түсі мен мөлшері бірдей конверттерге Орталық сайлау комиссиясының мүшесі ОСК партиялық тізімдерін тіркеген партиялардың санына сәйкес реттік сандары бар парақтарды салды. Бұл ретте бір конвертке нөмірі бар бір ғана парақ салынды.
Конверттер желімделіп, араластырылды және барлық қатысушылардың көз алдындағы үстелге жайылып тасталды. Одан кейін әрбір саяси партияның өкілі кезек-кезек үстелден кез келген конверттің біреуін таңдап, оны ашты. Ішіндегі парақты алып, ондағы нөмірді жариялады. Конверттегі нөмір саяси партияның сайлау бюллетеніне енгізілетін реттік саны болып табылады.
Ал жеребе тарту рәсімінің нәтижелері бойынша 2012 жылғы 15 қаңтарда дауыс беру кезінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетенінде келесі тәртіппен орналасатын болады:
1. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы.
2. Қазақстанның Патриоттары партиясы.
3. «Руханият» партиясы.
4. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы.
5. Жалпыұлттық социал-демократиялық халық партиясы.
6. Қазақстанның Коммунистік халық партиясы.
7. Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы.
8. «Әділет» демократиялық партиясы.