Парламент • 29 Маусым, 2018

Парламент Сенатының үшінші сессиясының соңғы жалпы отырысы өтті

222 реткөрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен палатаның үшінші сессиясының соңғы жалпы отырысы өтті. Сенаторлар бұл жиында газ және газбен жабдықтау мәселелерін реттейтін заң жобасын қарап, оған енгізілген түзетулерді қабылдады.  

Аталған құжат еліміздің ішкі нары­ғына сұйытылған мұнай газы­ның тапшылығын болдырмау үшін жеткізуді реттеу, мұнай газын өндіру­шілердің өндіріс көлемін арттыруға ықыласын қалыптастыру, сондай-ақ аймақтардағы газ бөлу ашықтығын арттыру мақсатында әзірленген.

Цифрландыру және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жүргізіліп жатқан саясат аясында электронды сауда алаңдары көмегімен сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа беру тетіктерін енгізу арқылы өндіруші зауыттардың табысын қамтамасыз ету көзделіп отыр. 2019-2020 жылдар ішінде электронды сауда алаңдары (ЭСА) арқылы өткізілетін сұйытылған мұнай газының үлесін кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда, оған еліміздің Энергетика министрлігі бекітетін шекті баға қолданылмайды.

Сенаторлар сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Азық-түлік және ауыл шаруашы­лығы ұйымы (ФАО) арасындағы ФАО-ның Қазақстандағы Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді ратификация­лады. 

Сенаторлар, сондай-ақ «Адвокат­тық қызмет және заң көмегі туралы» Заңды қабылдады. Аталған заңда адвокаттар алқасы­ның және заң консультанттары палатасы басқару органдарының құры­лымы, оларды қалыптастыру тәртібі және олардың құзыреттері ай­қын­далады. Бұл ретте адвокаттар алқа­сы президиумының төрағасы мен мүшелері үшін төрт жылдан аспайтын, ал алқалық басқару органы мен заң консультанттарының атқарушы бас­қару органы үшін олардың жарғысы мен өкілеттік мерзімі белгіленеді. 

Адвокаттар алқасына және заң консультанттары палаталарына оларға мүшелікке қабылдау шарттары, заң көмегін көрсету стандарттары және оларға мүшелікке қабылдау кезінде кіру жарналарын төлеуге тыйым салу белгіленеді. 

Заңда заң көмегін көрсету жөніндегі қызметті реттеу және өз мүшелерінің Қазақстан Республикасының адвокат­тық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стан­дарттарының, Кәсіптік әдеп кодексі­нің талаптарын сақтауы бөлігін­де олардың қызметін бақылау мақ­сатын­да құрылған, заң консультанттары палаталарының тізіліміне енгізілген, мүшелік шарттарында кемінде елу заң консультантын біріктіретін, міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым заң консультанттарының палатасы болып танылатыны белгіленген. 

– Елімізде адвокаттық қызмет нары­ғы жеткілікті деңгейде дамымаған және озық елдердің көрсеткіштеріне сәйкес келмейді. Оның негізгі себеп­терінің бірі – адвокаттардың жетіспеуі. Ол, өз кезегінде, үміткерлер үшін негізгі мәселелердің бірі болып табылатын өте жоғары кіру жарналарынан туындайды. Алғашқы жарналардың алынып тасталуы адвокаттық мамандыққа жас заңгерлердің кіруіне, адвокаттардың арасындағы бәсекелестікті күшейтуге және олардың санының артуына мүмкіндік береді, – деді сенаторлар алдында баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаев. 
Сенаттың үшінші сессиядағы жұмы­сын қорытындылай келіп, Қ.Тоқаев бүгінгі халықаралық ахуалда текетірес күшейген кезеңде елі­міз­дің тұрақты дамуын және ұлт­тық мүддесін қамтамасыз етуге бағыт­талған Мемлекет басшысының страте­гиялық шешімдерін заңнамалық жағы­нан дер кезінде қамтамасыз етудің маңызы ерекше екенін атап өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін Бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын ауқымды міндеттерді жүзеге асыру барысында Парламент 84 заң қабылдады. Олардың бірқатары күшіне еніп, бүгінде халық игілігіне қызмет етуде, – деді Сенат Төрағасы.

Ол қазіргі жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлер тоғысында ішкі саяси тұрақтылықты сақтау және халық­ара­лық аренада ұлттық мүдде­мізді қор­ғау мәселелері өте маңызды екенін атап өтті.

– Осы ретте, таяуда қабылданған «Қауіпсіздік Кеңесі туралы» Заң қазіргі дүрбелеңге толы дүниеде мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, елдегі ішкі және сыртқы саясатты жүргізуде Ел­­ба­сының жетекші рөліне берік құ­қық­­тық жағдайды, кепілдіктерді әрқа­шан қамтамасыз етеді, – деді Қ.Тоқаев. 
Палата Төрағасы сайлау заңнама­сына еліміздегі демократиялық үдеріс­терді тереңдетуде саяси партиялардың жауапкершілігін арттыруға бағыттал­ған жаңа құқықтық ережелер енгізілгені туралы хабардар етті.

Қ.Тоқаев кәсіпкерлікті дамытуға мейлінше қолайлы жағдай қалыптас­тыру мақсатында салық, кеден кодекс­тері жаңа редакцияда қабылданып, бюджет заңнамасы жаңартылғанын, қаржы ұйымдарына тиімді бақылау жүргізудегі Ұлттық банктің қызметін жетілдіруге бағытталған өте маңызды заңдар қабылданғанын айтты. 

Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға әлеуметтік сала, ақпарат және коммуникациялар, құқық қорғау жүйесін жаңғырту, жер қатынастары, білім беру мәселелері бойынша нақты түзе­ту­лер енгізілді.

Сонымен қатар Қ.Тоқаев Парла­мент қарауына келіп түсетін заң жобаларының мазмұндық жағынан сапасы әлі де өзекті екенін айта келіп, осы мәселеге Үкіметтің назарын аудар­ды. Асығыс дайындалған жобаларда кездесетін олқылықтар заңнамада қайшылықтардың орын алуына жол беруі ықтимал екені айтылды.

Сенат Төрағасы сессия барысында бірлесіп атқарған нәтижелі қыз­меттеріне орай әріптес сенаторларға алғыс айтты және еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдығына байланыс­ты құттықтауын жеткізді.

– Астана – Тәуелсіздіктің қастер­лі құндылықтарының бірі, Елбасы жігерінің айқын жеңісі. Елордамыз ұлтымыздың мақтанышы, ұлттық идеологиямыздың нышаны. Қазақ­станның болашағы енді жаңа елорда­мыздың дамуымен тікелей байла­нысты. Себебі бұл қала халқы­мыздың тағдырында ерекше орын алатын болады, – деді Қ.Тоқаев.

Отырыс барысында депутаттық сауалдар жария етілді. 

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қырғыз әуені

Руханият • Кеше

Хат қоржын (15.07.2019)

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар