Қазақстан • 30 Маусым, 2018

Сейдахмет Бердіқұлов турнирінің жеңімпаздары анықталды

833 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Сарыарқа» велотрегінде ҚР БАҚ арасында белгілі спорт журналисі, қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған шағын футболдан жыл сайынғы республикалық турнир өтті.  

Сейдахмет Бердіқұлов турнирінің жеңімпаздары анықталды

Биыл турнирге 19 команда қатысуға ниет білдірді. Олардың қатарында өңірлік БАҚ та бар.

Турнирдің жеңімпазы Сыр өңірінен келген «Ақмешіт» командасы, екінші жүлделі орынды «Елорда Ақпарат» командасы алса, үздік үштікті Талдықорғандық «Тұран» түйіндеді. Сонымен қатар турнир аясында «Үздік шабуылшы» атағын Ақмешіт командасының ойыншысы Әділбек Жақанов иеленсе, Тұран командасының ойыншысы Азамат Имамбетов «Үздік қорғаушы» атанды. «Елорда Ақпарат» командасының ойыншысы Азамат Нұрматов «Үздік қақпашы» атанса, «Хабар 24» телеарнасынан Жасұлан Қасымберкебай турнирдің «Үздік ойыншысы».

Турнир аясында өткен жылғы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы республикалық «Үздік спорт журналисі» байқауының 2017 жылғы лауреаттары да марапатталды.

«Үздік телевизиялық материал» аталымында Хабар24 телеарнасының журналисі Лариса Гречихина, «Үздік баспа материалы» аталымында Егемен Қазақстан газетінің журналисті Әли Битөре үздік деп танылды. Дәл осындай аталымда Айқын газетінің журналисі Жадыра Аққайыр да үздік атанды. Комиссияның шешімімен ынталандыру сыйлығы Қазақстан-Маңғыстау телеарнасының журналисі Ақсындар Табылдыға бұйырды.

Турнирдің басты мақсаты – «Ұлт саулығы» бағдарламасы аясында ҚР БАҚ арасында футбол ойынын дамыту, БАҚ өкілдері арқылы халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Айта кетейік, аталған турнир 1995 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Басында С. Бердіқұлов мемориалын Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. 2008 жылдан бастап аталған жарыстарды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі өткізіп келеді. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган 1995 жылдан бастап БАҚ-та спорт тақырыбында маманданған Қазақстан журналистері арасында С.Бердіқұлов атындағы сыйлыққа республикалық конкурс жариялап, өткізіп жүр.