Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен палатаның кезекті пленарлық отырысы болып өтті. Отырыс барысында депутаттар Мемлекет басшысының Жарлығымен Л.Г.Полторабатько Сенат депутаты болып тағайындалуына байланысты оны Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатты.
Күн тәртібінде «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» және оған ілеспе заң жобаларын депутаттарға Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау таныстырды. Одан белгілі болғандай, Үкімет, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы құзыретін регламенттейтін нормалар нақтыланып отыр. Депутаттар сөзжарыс барысында мемлекеттік қолдау жекелеген кәсіпорындарға емес, инновациялық жобаларға жасалғаны жөн екендігін баса айтты. Біраз талқылаудан кейін заң жобасы қолдау тапса, ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Ғарыш қызметі туралы» және оған ілеспе заң жобалары бойынша баяндаманы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев жасады. Заң жобасымен ғарыш қызметі саласындағы қызметті лицензиялау, ғылыми-зерттеулер жүргізу, ғарыш жүйелері мен ғарыш зымыран кешендерін жасау және пайдалану көзделеді. Қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылық, ғарыш қызметі үшін жер санаттарын белгілеу, ғарышкерлер мен олардың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету және өзге де көптеген нормалар заңдық құжатта көрініс тапқан.
Сондай-ақ Т.Мұсабаев депутаттардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Мәселен, Ресеймен бірлескен кәсіпорын негізінде «Бәйтерек» зымыран ғарыш айлағын салу жұмыстары жалғасуда екен. Қазіргі таңда 200-ге тарта қазақстандық маманның осы бағытта тер төгіп жүргені де белгілі болды. Сонымен қатар, 771 тонналық «Ангара» зымыранын жасау да қолға алынған.
Сенатор Ғани Қасымовтың сұрағына орай жауабында агенттік төрағасы «Протон» зымыран ұшырғышын ұшыруға тыйым салу әзірге мүмкін болмай отырғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Ресей осы зымыран ұшырғыш түрін жылына 15 рет ұшырады екен. Зымыранды жетілдіру нәтижесінде оның жерге құлауынан бұрын 10 тонна гептил жерге төгілсе, қазір оның мөлшері 1,5 тоннаны ғана құрайтыны атап өтілді. Бұдан басқа, «Байқоңыр» ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға алып отырған Ресей жылына 300 миллион доллар төлейді.
Депутаттар сондай-ақ «Қазақстан Респуликасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын қабылдады. Қолданыстағы заңдарға зияткерлiк меншiк мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтыруларды көздейтін заңдық құжат та қолдау тапты. Отырыста, сонымен қатар, қаржыландыру туралы негіздемелік келісім (ҚАЗ: ОАӨЭЫ 2 көлік дәлізі (Маңғыстау облысының учаскелері) инвестициялық бағдарламасы) ратификацияланды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.