Н.Нығматулин еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төраға болғанына, сондай-ақ ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ұйымдастырылғанына, елордада Сирия жағдайы бойынша «Астана процесі» өтіп, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі келіссөздер алаңына айналғанына тоқталды. «Бұл шаралар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық аренадағы биік беделінің, ішкі және сыртқы саясаттағы ерен еңбегінің көрсеткіші. Сондай-ақ үшінші сессия жұмысында болған тағы бір тарихи оқиға бар. Ол – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» осы сессия барысында жариялануы. Бұл бастамалар халқымыздың жағдайын күшейтуге арналған теңдесі жоқ, ерекше қадамдар болды. Қос палата депутаттары осы бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қолдауға белсене араласты. Парламенттің осы сессиядағы ең негізгі жауапты міндеті Елбасымыздың басқа да тапсырмаларын жоғары деңгейде, сапалы заңдармен қамтамасыз ету болды», деді палата Спикері Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, өткен сессияда Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысында қос палатаның бірлескен 4 отырысы, Мәжілістің 38, Сенаттың 25 жалпы отырысы өтіп, онда 400-ге жуық маңызды мәселе қаралған. Сондай-ақ үшінші сессия өз жұмысын бастаған кезде екі палатаның қарауында 129 заң жобасы болса, жабылуы қарсаңында олардың 84-і қабылданып, ал 65-іне Елбасының қолы қойылып, құжаттар күшіне енді. Солардың қатарында еліміздің басты қаржы құжаты – республикалық бюджет туралы заңның болғанын ерекше атап өтуге болады. Депутаттардың осы заңға енгізген ұсыныстарының нәтижесінде бюджеттің әлеуметтік бағыты күшейтіліп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарына тиісті қаражаттар бөлінді. Сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» және «Кедендік реттеу туралы» кодекстер мен «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөніндегі», сондай-ақ «Стандарттау туралы» және «Венчурлік қаржыландыру» туралы маңызды заңдар қабылданды. Бұдан өзге, мемлекет құрылысы және азаматтық қоғамды дамыту бағытында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы», «Ақпарат және коммуникациялар» туралы, ал әлеуметтік-гуманитарлық бағытта «Тұрғын үй қатынастары мәселелері» мен «Жұмыспен қамту және халықтың көші-қон мәселелеріне» арналған бірқатар заңдар қабылдады. Олардың ішінде Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасын іске асыру бойынша қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің орны ерекше. Онда осы саладағы қатынастарды реттейтін барлық нормалар тұңғыш рет бір заңнамалық құжатқа жинақталды. Бұл өз кезегінде жерді пайдаланушылар мен инвесторларға ортақ қолайлы жағдай туғызды. Н.Нығматулин Парламенттің негізгі міндеті заң шығарудан бөлек, қоғамдық институттармен және халықпен өзара жұмыстарды табысты жүзеге асырғанын айрықша атап өтті.
Биыл Парламентте 18 Үкімет сағаты, 6 Парламенттік тыңдау, 27 дөңгелек үстел, комитеттердің 44 көшпелі отырысы және 3 халықаралық конференция ұйымдастырылған. Олардың көпшілігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды. Үшінші сессияның қызметіне «Нұр Отан», «Ақ жол», «Халық коммунистері» парламенттік фракциялары және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы атсалысып, ел игілігі үшін жұмыла жұмыс атқарды. Екі палата депутаттары да халықты мазалаған маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөліп, сессия барысында тиісті органдарға 374 депутаттық сауал жолдады. Оның ішінде Мәжіліс депутаттарынан жолданған сауал саны – 274 болса, Сенат депутаттары – 100 сауал жолдаған. Ал азаматтардан келген хаттар саны 9 мыңнан асып түскен. Осы орайда Парламенттің аймақтарға жасаған сапары туралы ерекше атап өту керек. Бұл сапарлар аясында Сенат пен Мәжілістің барлық депутаттары 4 мыңнан астам кездесу өткізіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 200 мыңнан астам адам қатысқан. Бұдан өзге, басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен байланыстарды нығайту мақсатында да үлкен жұмыстар атқарылды. Парламент 13 парламентаралық ұйыммен және 80-нен астам елдің парламентімен өзара әріптестік орнатып, 300-ден артық халықаралық іс-шараға қатысты. Бұл қадамдар парламентаралық байланысты дамыту арқылы мемлекетіміздің сыртқы саясатын нығайтуға ықпал етуде.
Сөз соңында Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин алдағы сессияда талқыланатын мәселелер, қабылданатын заңдар және бірлесіп атқаратын шаралар көп екенін жеткізіп төртінші сессияда атқарылатын жұмыстардың бір парасына тоқталды. «Парламент келесі сессия барысында Елбасының Жолдауы мен «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыруға арналған жұмыстарды одан әрі жалғастыратын болады. Депутаттық корпус Үкіметпен тығыз байланыс жасай отырып, отандық экономиканы күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға, елімізді одан әрі нығайтуға және демократияны дамытуға бағытталған жаңа заңдар қабылдайтын болады. Бүгінгі таңда Парламент қарауында 45 заң жобасы жатыр. Атап айтқанда, «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар», «Мемлекеттік статистика», «Мемлекеттік сатып алу» мәселелері жөніндегі және «Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу», «Кинематография» туралы заң жобалары бар. Сонымен қатар қазан айында Астана қаласында өтетін «Инвестиция – жастарға» атты халықаралық конференция ұйымдастыруға бастамашы боламыз», деді ол.
Бірлескен отырысқа қатысушыларды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаған Н.Нығматулин: «Халқымызда кемеге мінген – теңізге шығады» деген қанатты сөз бар. 20 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың депутаттар алдында жариялаған тарихи идеясы бүгінде барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Бүгінгі Астана – Елбасының ерен ерлігі. Бүгінгі Астана – Елбасының тарихи жеңісі. Бүгінгі Астана – Елбасының орындалған арманы», деді.
Сөз соңында Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин үшінші сессия жұмысының нәтижесі Сенат пен Мәжілістің Үкіметпен және барлық мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, ақпарат құралдарымен бірлесіп атқарған елеулі еңбектерінің жемісі екенін айтып, оларға да алғысын жеткізді. Айта кетер жайт, сессия бойы Парламенттің жалпы отырыстары, Үкімет сағаттары онлайн режімде көрсетілді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»