Азаттық үшін ата жауларымен айқасқан батыр бабаларымыздың бағзыдан бергі асыл арманын ақиқатқа айналдырған тәуелсіздік таңы атқаннан кейін де Қазақстанның бірден қағанағы қарық, сағанағы сарық бола қойған жоқ. Адым аштырмас қиындықтар бастан асатын. Аласапыран заманның аспаны болжап болмастай бұлыңғыр-тұғын.
Міне, сол тағдыршешті тұста Алла тағала бізге халқымызды қаптаған қалың тұманнан адастырмай алып шығар алғыр басшы берді. Мерейі өскен мемлекетіміз өркениет үрдісімен өркендеді. Естен тандырар экономикалық дағдарыстардың талай тайғақ кешулерінен өттік. Бағымыз бар екен, базбір елдердегі берекесіздіктің батпағына батпадық. Табанды түрде алға тарттық.
Елі сүйген Елбасының ең үлкен еңбегі – әрине, Жетісу төріндегі астананы Арқа төріне көшіруі. Бұл – ұлт тарихына алтын әріптермен жазылар ұлы оқиға. Оның орны бөлек, бағасын баршамыз білуге тиіспіз.
Кеңестік кезеңдегі үйреншікті әдетпен «Москва не сразу строилась» деп мәтелдейтініміз бар ғой. Сол сияқты қазір көз суырар сұлу суретін ай бетіне іліп қойып тамсана қарағандай тамаша Астанаңыз да бір күнде орнай қалмағаны әмбеге аян. Бұйырса, бұл «Елорда эпопеясы» ертеңгі ұрпақтың есінде жүрер жыр-аңызға айналады әлі. Ал осынау тарихи оқиғаны басынан өткерген бүгінгі буын өкілдерінің бір тамыры қашанда артық соғары анық.
Таратып айтар тақырыбымыздың кіріспесі ұзаңқырап кетті білем. Алайда Елбасы мен елорданы айтпай негізгі мәселеге көшуіміздің жөні келіңкіремейді. Оның себебін қазір түсінесіздер, қадірлі оқырман қауым.
Кешегі Ақмоланың кейпі көбіміздің көз алдымызда. Облыс орталығына лайықталған ортақол қалалардың қатарынан болатын. Оның сыртында омбы қары, арқыраған аязы, тынбай соғар тентек желі, ызыңдаған масасы, аяқ алып жүргісіз ми батпағы, тағысын тағыларын тізбелесек тым ұзаққа сілтеуіміз мүмкін. Осындай қолайсыздықтарына қарамастан қаланың басына астаналық сипат беретін қалпақ кигізу қажет еді. Елбасы алдымен отандық архитекторларды жинап жаңа байтақты игеру жоспарын жасауды тапсырды. Шаруа шашетектен. Қала аумағын кеңейту жолдары қарастырылды. Ескі үйлер мен әкімшілік ғимараттардың біразы қайта әрленіп жаңғыртылды. Обалы нешік, қысқа мерзімде қыруар жұмыс бітті. Қалай болғанда да кемел келешектің кірпіші қаланып жатты.
Бірақ уақыт талабы жаңа жобаларды, тың ізденістерді қажет етті. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Астананы дамытудың бас жоспарын дайындауға ашық халықаралық конкурс өткізу жөнінде ұйғарым жасалды. Мұның өзі әлемдік қала сәулеті орталықтары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Конкурсқа Жапония, АҚШ, Аустралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Латвия елдерінен 50-ден астам эскиз-идеялар түсті. Оның барлығы Конгресс-холға қойылып, көпшіліктің көріп, бағалауына мүмкіндік жасалынды. Айналасынан ат оздырған 27 жоба жоғары білікті қазылар алқасының алдына барды. Жарыс шартына сәйкес жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша қатарынан қара үзіп шыққан заманымыздың заңғар сәулетшілерінің бірі жапониялық Кисе Курокава жеңімпаз атанды. Таңдаудың жапондық жампозға неге түскендігіне байланысты ойларын Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында (Алматы, «Атамұра» 2005 ж.) былайша ортаға салады: «Өз атымнан қосар болсам, қаланың тарамдалған-сақиналы композициясы мен оны өрісті нысанын ұсынатын Курокаваның Бас жоспары біздің көшпелі ата-бабамыздан жеткен ұлттық серпінді сезімді ескеретіндіктен және қаланың орталық бөлігінің ландшафт ерекшелігі номадтардың ежелгі көшпелі тұрақтарының пішінін еске салатындықтан көп жағдайда жаныма жақын сезіледі».
Елбасы ұнатқан жобаның ерекшелігі, сондай-ақ оның өте терең концептуалдық идеясында еді. Оның мәні мынада: XXI ғасырда шаһарлар жаңа философиялық доктрина бойынша бой көтергені жөн. Қысқасы, қаланы әлемде болып жатқан ғаламдық үдерістердің тұрғысынан қарастыру керек. Осы орайда Курокава метаболистік, симбиоздық тұжырымдаманы ұстанады. Мұнда табиғатты сақтау, жасыл желекті көбейту ұстанымы басты назарға алынады. Бұл арада биологиялық метаболизм ұғымы зат алмасу процесі емес, үздіксіз өсіп-өркендеу мағынасында ұсынылады. Демек, қалалар бір қалыпта қатып қалмауы тиіс. Олар әдемі геометриялық фигуралардың бейнесінде тұйықталмағаны дұрыс. XX ғасырдың аяғына қарай аталмыш теорияның қоршаған ортаны қорғауға дәрменсіздігі байқалған. Дәл сол уақытта симбиоздық сәулет тәсілі дүниеге келеді. Симбиоз – әртүрлі ағзаның қатар өмір сүруі. Курокаваша кескіндегенде – урбандалған және табиғи ортаның үйлесуі.
Мамандардан сұрап білгеніміздей, қазақстандық сәулетшілер бас жобаны сызғанда Есіл өзенін қаланың композициялық кіндігі ретінде сипаттаған екен. Арнаның айналасына көп қабатты үйлер кешенін тұрғызу ойластырылыпты. Бұған Курокава қарсылық білдірген көрінеді. Оның ойынша, бүкіл өңірге тіршілік нәрін беріп тұрған су көзін қала қоқыстары айналасы екі-үш-ақ жылда ластап тастайды. Сондықтан ондай экологиялық оспадарлыққа жол беруге болмайды.
Рас, кейін Курокаваның бас жоспарына өте көп өзгерістер енгізілді. Өйткені келісті сәулеттің кемеңгері ептеп қателесіп, шаһар тұрғындарының саны жылдам өсетіндігін есепке алмаған сыңайлы. Ал бұл дегеніңіз, басты базалық көрсеткіш болатын. Келешектің болжамы соған қарап жасалынады. Кезінде ақпарат құралдарына берген сұхбатында белгілі архитектор Аманжол Чиканаевтың айтуынша, Кисе-сан осы мәселеге байланысты қарамағындағы қызметкерлерімен әжептәуір айтысыпты. Ол өзі 2030-шы жылға қарай елордалықтар саны 1 миллионға жетеді деп есептеген. Ал голландиялық әріптесі «Сіз де сөйлейді екенсіз, қайдағы миллион, ондай болмайды ешқашан» деп қасарысып отырып алыпты. Содан әрі-бері тартысып, 800 мыңдық көрсеткішке тоқтапты. Астаналарын ауыстырған елдердің тәжірибелерін зерттеп, өздерінше ой қорытқан түрлері ғой. Біздің қазақтың кейде дүние жүзінде қалыптасқан қағидаларға бағына бермейтінін қайдан білсін?! Басқаны былай қойғанда, аз ғана уақытта айды аспанға шығарып, самаладай Астана салып тастағанымыздың өзі аңызға бергісіз ақиқат емес пе?! Осыдан ғой, достарымыздың сүйініп, дұшпандарымыздың күйінетіні... Талай жұртты таңдандырып, өзімізден де бар-ау...
Әйтсе де қазақстандықтар Курокаваны қатты қадірлейді. Елбасының атап өткеніндей «Оның идеялары қазақстандықтардың ғана емес, жалпы адамзаттың да ой-пікірімен толық үндеседі. Өйткені жаңа жиырма бірінші ғасыр табиғаттың қалаға қайта оралған ғасыры болады деп тегін айтылып жүрген жоқ. Ал бұл үрдістерге Кисе Курокаваның мектебінен басқа кім сәйкес келеді? Оның үстіне Курокаваның сәулет өнері іс жүзінде каллиграфия өнерімен туыстас. Тіпті Кисе Курокаваның шығармашылығының өзін сәулетшілік каллиграфия деп айтуға болады». (Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразия жүрегінде», Алматы, «Атамұра», 2005).
Қазақтың кіндік қаласында қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Кисе Курокава өкінішке қарай, 2007 жылы өмірден өтіп кетті. Жапонияның Аити префектурасында оның туған әкесі де архитектор. Оннан енді асқан ойын баласы болса да Америка тастаған ажал бомбасынан астаң-кестеңі шыққан ғимараттарды көріп, әкесінің қалай қамығып жылағаны жадында жиі жаңғыратын. Бәлкім, болашақ кәсібі жайындағы ой дәл сол сәтте жүрек түкпірінен орын алған болар. Мектепті аяқтаған соң сәулетшілік мамандықты қалап, Киото және Токио университеттерінде оқыды. Жас күнінде кеңестік конструктивизмнің әсерінен көпке дейін арыла алмапты. Оны айтасыз, коммунизм елестеріне елітіп 1958 жылы Мәскеуге барған. КСРО-ға көшпек те болған дей ме ...
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары К.Курокава Киекори Кикухакэ және Фумихико Маки сынды әріптестерімен бірге сәулет өнеріндегі жаңа бағыт метаболизмнің негізін қалады. Соныға соқпақ салған топтың серкесі қираған Хиросиманы қайта қалпына келтіру жұмыстарын басқарған Хэндзо Танге еді. Метаболизм екінші жаһандық соғыстан күйреген Жапонияның қайта өрлеуіне баланды. Метаболизм іліміндегілер қаланы тірі ағзаға теңейді. Оларға биологиялық процестер мен марксизм идеясы дем берді. Олардың пайымдауынша, биологиялық құрылымдар тәрізді архитектура элементтері де уақыттың уытына шыдамай ескіреді, сондықтан оны басқа бірдеңемен ауыстырған абзал. Сәулетшілер қоғамдастығы мұны алғашында ғасырдың кезекті футуристік утопиясы ретінде қабылдады. Кейінірек кеңінен мойындалғаны белгілі. Метаболизм идеясын жүзеге асырудағы сәулетшінің негізгі жобасы – «Накагин» мейманханасы. Ғимарат жан-жағынан 144 болат капсулалармен бекітілген екі бетон мұнарадан тұрады. Әр капсуланың ішінде құрқылтайдың ұясындай құйтақандай пәтерлер орналасқан. Ішіне төсек, шағын үстел, шкаф және жуынып-шайыну кабинасы бар бір адамға арналған мекенжай.
Өмірінде қырыққа жуық халықаралық конкурсқа қатысып, соның бәрінде бас жүлдені иемденген Кисе Курокаваның әйгілі туындылары әлемнің әр шалғайынан табылады. Мәселен, Осакадағы Ұлттық этнология музейі, Куала-Лумпурдағы және Астанадағы халықаралық әуежайлар, Санкт-Петербургтегі «Зенит-арена» стадионы, Токиодағы өнер орталығы, Сингапурдегі «Репаблик Плаза», «Сони» компаниясының кеңсесі және басқа сәулеттік сәні көз арбайтын керемет нысандар авторының атын өшірмейтіні даусыз.
...Елордамыздың ең көрікті жерлерін аралаған сәттерімізде, әсіресе сол жағалаудағы сулы-нулы желекжолмен серуендегенде, Астанадағы аэропорттан әрі-бері ұшқанымызда жатқан жері жайлы болғыр жапон сәулетшісінің есімі еске түседі. Мынау мерейтойлық мереке тұсында еңбегін Елбасымыздың өзі жоғары бағалаған Кисе Курокаваның әруағын бір аунатып қойғанды жөн көрдік.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»