Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, этнофестивальдің рухани-мәдени маңызы жайлы толғаған Астана қаласы əкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бұл той әуелі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында және алда келе жатқан қаланың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
Көшпенділердің көне дәстүрі мен салттық ғұрпын жаңғыртуға арналған бұл фестиваль 10 жыл бұрын Венгриядан бастау алған. Жыл өткен сайын оның беделі артып, даму үстінде. Бұл жолы елорда төрінде тұңғыш рет жалауын тіккен көшпенділер тойына Венгрия, Болгария, Түркия, Украина, Башқұртстан, Якутия, Қырғызстан және Қазақстан командалары қатысып, олар ортағасырлық жекпе-жек сайыс түрлері мен көшпенділердің атүсті ойындары қатарлы элементтерді халық назарына ұсынды.
Ұйымдастырушылар мәдени-сайыс шараларын ойдағыдай өткізу үшін «Ақ мерген», «Шабыт», «Тайбурыл», «Керуен сарайы», «Ақ сақа», «Батыр», «Шебер» атты жеті ауылдық кешен тұрғызыпты. Онда қазақтың ұлттық спорт ойындары мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар тойға келген қауымға ұсынылса, көшпенділердің жауынгерлік өнерін жақсы меңгерген жаужүрек сарбаздар мен мергендер садақ атып сайысса, ат құлағында ойнайтын шабандоздар өз өнерлерін көрсетті.
Тойға келген көпшілік шараға қатысушы елдер өздері әкелген этнографиялық мұражай экспонаттарын тамашалаумен қатар, этномузыка майталмандары «Арқайым» және «Тұран» топтары, саха елінің жұлдызы Юлиана Кривошапкина мен танымал көмей-жыршы Тюргэн Камның өнеріне сусындады.
Дүбірлі тойдың өтуіне атсалысқан «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиевтың пайымынша, аталмыш фестиваль ежелгі көшпенділер дәстүрін жаңғыртып отыр, болашақта осыны халықаралық брендке айналдыру көзделуде. Шараны ұйымдастырған тағы бір тарап өкілі «Qazaq Geography» ДҚБ Халықаралық және ғылыми жобалар бөлімінің менеджері Нұржан Алғашовтың айтуынша, бұл істің екінші бір маңызы отандық туризмді дамытуға септігін тигізеді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»