Күрес • 02 Шілде, 2018

Ержан Шынкеев – «Қазақстан барысы»

336 реткөрсетілді

Кеше Астанадағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен VIIІ «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Еңселі елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орайластырылып өткен биылғы додада еліміздің ең мықты деген 37 балуаны бақ сынады. 

Турнирдің ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, «Қазақ­стан» РТРК» АҚ төрағасы Ер­лан Қарин, «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін же­ңім­пазы Бейбіт Ыстыбаев және «Қазақстан барысы» қазақ күре­сін дамыту қоры қам­қорлық кеңесінің төрағасы Арман Шо­раев құттықтау сөз сөй­леп, балуандарға жеңіс, жан­күйер қауымға естен кетпес жақсы әсер тіле­ді. Сондай-ақ шын мық­ты балуанның жеңіске же­туіне ті­лектестіктерін білдірді. Боз­кілемде бір-бірімен иық тіре­сіп, кү­реске түсуге асығып тұр­ған балуандарға Қазақ елі­нің бағына туған әйгілі балуан, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ақ тілегін арнап, батасын берді.

Жалпы, қазақ күресінен ұйым­дастырылған айтулы дода биыл екінші рет «Барыс Арена» мұз сарайында өткізілді. Аталған спорт ғимараты «Қазақстан барысы» сынды көрерменді көп жинайтын турнирді өткізуге әбден лайық. Өйткені мұнда орын саны көп (12 мың адам) жә­не бұған дейін өткізіліп келген «Сарыарқа» велотрегіне қара­ғанда «Барыс Аренада» көрер­мен­дердің балуандардың белде­су­лерін жақыннан көруге мүм­кіндіктері мол.

Турнирге еліміздің әрбір ай­мағындағы өткен іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен таң­даулы балуан­дар қатысты. Кілем үсті тосын жеңістерге, жан алысып, жан беріскен белдесулерге де толы болды. Мысалы, тұңғыш «Қазақстан барысы», был­тырғы додада күміс жүлдегер атанған Ұлан Рысқұл алғашқы айналымда жеребеге сәйкес іріктеусіз өтіп, екінші кезеңде Алматы қаласының балуаны Дәурен Нұралиновке есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. Сондай-ақ жамбылдық өрен Айбол Айтбек жуырда ғана Елбасының Жар­лығымен жаңадан құрылған Түркістан облысының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаровтан жеңіліп, «Қазақстан барысы» атанамын деген арманы тағы бір жылға шегерілді.

Ал 1/8 финал екі «Қазақстан барысының» арасында өтті. 2014 жылғы жарыстың жеңім­пазы Мұхит Тұрсынов пен был­тырғы чемпион Еламан Ерға­лиев белдесті. Еске салар бол­сақ, 2017 жылғы турнирдің бірін­ші айналымында-ақ осы екі ба­луанның жолы түйісіп, Ерға­лиевтің мерейі үстем болған еді. Бұл жолғы тартыс та Қы­зылор­даның намысын қорғаған Ерға­лиевтің жеңісімен аяқталды. Негізгі уақыттың соңғы минутына дейін тең белдесіп, соңғы сәтте былтырғы «барыс» әдіс жасап, жартылай жеңіс ұпаймен қарсыласынан басым түсті.

Ширек финалдағы аса қы­зықты һәм тартысты өткен белде­судің бірі 2017 жылғы «Қазақ­стан барысы» мен «Әскер барысы» турнирінің жеңімпазы Ела­ман Ерғалиев пен биыл «Әс­кер барысы» атанған Ерасыл Қажы­баев арасында өтті. Екі жылғы әскери балуандардың арасындағы текетірестің негізгі уақытында бір-бірін ала алмай, жеңімпазды қоян-қолтық белдесуде анықтауға тура кел­ді. Қосымша уақытта екеуі екі минутқа жуық бір-бірінен сақ­танып, әдіс жасауға асықпады. Деген­мен қоян-қолтық белдесу нәтижесі бойынша жаңа «Әс­кер барысы» былтырғы әскер жә­не «Қазақстан барысын» жарыс жолынан шығарып жіберді. Еламан Ерғалиев былтырғы турнирден соң газетімізге берген сұхбатында: «Мақсатым – Бейбіт ағамның рекордын жа­ңарту. Бәреудің істегенін бас­­қалар да қайталай алады ғой. Сол мақсатқа жету үшін ертең-ақ жаттығуға кірісемін», деп айтқан болатын. Енді оған Бейбіт Ыстыбаевтың жетістігін қайталау үшін тағы біраз тер төгуге тура келеді.

Ширек финалдағы тағы бір маңызды белдесу шы­ғыс­қа­зақстандық Айбек Нұғы­маров пен алматылық Дәурен Нұ­­ралинов арасында өтті. Екі балуан да ширек финалға дейін қарсыластарын айқын ба­сым­­дықпен жеңіп келген-ді. Ал­ғашқы екі минуттың ішінде А.Нұ­ғымаров екі бүк ұпайын иеленіп, жартылай фи­налға бір табан жақындай түсті. Ал бәсекенің соңында жар­ты­лай жеңіс ұпайымен алғаш­қы­­лардың бірі болып жартылай финалға жолдама алды. Осылайша Дәурен Нұралинов Алматыға жүлдесіз қайтатын болды. Екінші ширек финалдық бәсекеде қызылордалық Мақсат Исағабылов пен қарағандылық тәжі­рибелі балуан Ержан Шын­кеев белдесіп, бір жамбас ұпайымен қарағандылық ба­луан келесі кезеңге өтті. Сон­дай-ақ «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаев пен Түркістан облы­сының балуаны Ерсұлтан Мұзап­паров жарыстың жартылай финалына жолдама алды.

Сонымен жанкүйер қауым асыға күткен жартылай финал белдесулеріне де кезек келді. Ал­дымен кілемге «Қазақстан ба­рысы» турниріне бірнеше жыл қатысып, үлкен тәжірибе жинақ­таған Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеев шықты. Бұл белдесуде Ержан Шынкеев жеңіске жетті. Ал екінші жартылай финалдық жұпта «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық бәсекесіне тұңғыш рет қатысып жатқан Ерасыл Қажыбаев пен Ерсұлтан Мұзаппаров күш сы­насты. Жарыстың ең ауыр (151 кг) және ең жеңіл (90 кг) балуа­нының арасындағы тартысты өт­кен бұл белдесуде қар­сы­ласынан 61 килоға ауыр Ера­сыл Қажыбаевтың жұлдызы жанды.

2018 жылғы «Қазақстан барысын» анықтайтын шешуші сайыстың алдында жүлде берілетін үшінші орын үшін белдесу өтті. Шығыс Қазақстан облысының балуаны Айбек Нұ­ғымаров пен Түркістан облысының тарланы Ерсұлтан Мұзаппаров арасындағы жекпе-жекте көп жылдық тәжірибе өз сөзін айтты. Осылайша Айбек Нұғымаров екі жыл қатарынан «Қазақстан барысының» қола жүлдесін иеленді.

Сонымен қазақ күресінен ең мықты, ең күшті балуанды анықтайтын сәт те келіп жетті. Шешуші сынға бұл турнирде бір деммен күресіп, өзінің бабында екендігін кілем үстінде көрсеткен «Әскер барысы» Ерасыл Қажы­баев пен «Қазақстан барысы» тур­нирінің финалисі Ержан Шын­кеев шықты.

Білекті балуандардың арасындағы финалдық белдесуде қарағандылық Ержан Шынкеевтің басымдығы бірден байқалды. Белдесудің алғашқы үш минутын асқан сақтықпен, байыппен өткізген Шынкеев бүк ұпайын иеленіп, артынша жамбас ұпайға қол жеткізіп үлгерді. Әдістен кейін Қажыбаев бас бармағын жарақаттап алғандай болды. Дегенмен жігітке сай мінез танытып, жарысты жалғастыра алатынын жеткізді. Бірақ барлық күшін сарқып алған ол есе жіберіп қойды. Бір қызығы, эфир барысында Бейбіт Ыстыбаев биылғы додада Ержан Шынкеевтің топ жаруы мүмкін екендігін айтқан еді. Ыстыбаевтың айтқаны айдай келді. Шынкеев – чемпион!

Сөйтіп Ержан Шынкеев сегізінші рет ұйымдастырылған «Қазақстан барысы» турнирінің алтыншы жеңімпазы ретінде тарихта қалды. Ал жарысқа тұңғыш рет қатысқан «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаев «Күміс белбеу» иегері атанды.

«Қазақстан барысы» турни­рінің жеңімпазы мен жүлд­е­герлерін марапаттау шарасына «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасы Ерлан Қарин, «Қа­зақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев қа­тысты. 2018 жылғы «Қазақстан ба­рысы» Ержан Шынкеевтің беліне «Алтын белбеуді» Мәулен Әшім­баев байлады. Сонымен қатар Қарағандының балуанына «алтын тайтұяқ» пен 25 мил­лион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бап­кері де құралақан қалған жоқ, чемпионның жаттықтырушысы 3,5 миллион теңге сыйақыға ие болды. Бұдан бөлек, турнирде екінші жүлдегер атанған Ерасыл Қа­жыбаевқа «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге тапсырылды. Ал оның бапкері 1,8 миллион теңге иеленді.

Қорыта айтқанда, биылғы «Қазақстан барысы» турнирі жылдағыдай жоғары деңгейде өтті. Оны «Барыс Арена» мұз сарайына балуандарға тапжыл­май отырып жанкүйер болған көрермен санынан-ақ байқауға болады. Осылайша төл күре­сімізді ұлықтаған айтулы дода жылдан-жылға жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, сүйіп тамашалайтын спорттық шарасына айналып отыр.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Келесі кезеңге шықты

Спорт • Бүгін, 11:41

Полицейдің бір күні

Қоғам • Бүгін, 11:32

Өтімді сөз өлеңмен өрнектеледі

Руханият • Бүгін, 11:22

Көмекей әулие туралы кітап

Руханият • Бүгін, 11:17

Күйшілердің саябағы

Руханият • Бүгін, 11:17

Тіл табиғатын бұзбайды

Қоғам • Бүгін, 11:13

I Гендерлік форум өтті

Қоғам • Бүгін, 11:06

Абыройы асқақ азамат

Руханият • Бүгін, 11:06

Мақсат – жол сапасын жақсарту

Аймақтар • Бүгін, 10:52

Мақсатымыз айқын

Саясат • Бүгін, 10:37

Ердің еңсесі қашанда биік

Саясат • Бүгін, 10:34

Әке деген ұлы есім

Қоғам • Бүгін, 08:25

ҰБТ-2019: қандай өзгеріс бар?

Қазақстан • Бүгін, 08:17

Ұқсас жаңалықтар