Футбол • 02 Шілде, 2018

Роналду мен Месси мундиальмен қоштасты

72 реткөрсетілді

Әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталып, плэй-офф сатысы да басталып кетті. Біріншілік біткенше ойналатын 16 ойын бірінен бірі өткен тартысты болары хақ. Ал сол өтпелі ойындардың алғашқылары аяқталып, күллі әлемнің аузында жүрген аңыз ойыншылар мундиальмен қоштасып та үлгерді. 

Алғашқы жұптың жарнамасы жарқырап, аладопқа аңсары ауған адамдардың делебесін қоздырды. Енді ше, Франция мен Аргентина осы күні Жер шарындағы ең таң­даулы футболшылардан жасақ­талған. Соңғы Еуропа чем­пионатының финалисі мен соңғы әлем чемпионатының финалисі арасындағы ойын қызықсыз өтпесі белгілі. Қос команданың соңғы өткен 2 ірі додада жолы болмаған. Кубокқа қолы сынық сүйем қалғанда жетпей қалып еді. Бұл жолғы ойын күткеннен де тартысты өтіп, көрерменнің көзайымына айналды.

Франция құрамасы салған жерден басымдығын көрсетіп, Еуропа футболының анағұрлым мықты екенін байқатты. Бірақ, 5 мәрте «Алтын допты» иеленген Леонель Месси қайта-қай­та пас бе­ріп, Аргентинаға үміт отын сыйлады. Ди Мария Гриз­ман соқ­қан пенальтиге 27 метр қашық­тықтан гол соғып, жауап қатты. Бұл осы әлем чемпио­натындағы ең алыс қа­шықтықтан салынған гол болып тіркелді. Әйтпесе, фут­бол­шылар алыстан соққы жа­сауды қойған еді. Биылғы чем­пионаттың да ерекшелігі сонда болып тұр. Күллі команда ком­бинациялық ойын көрсетіп, шабуылдарды да есеппен жасайтындай болыпты. Бұрындары мұндай жағдайды көп байқай бермейтінбіз.

Франция сапындағы Оливье Жиру мен Антуан Гризман секілді жұлдыздарға көз тігіп, солардың аяғына қарап отырғанымызда тасадан шыққан жас жұлдыз Килиан Мбаппе жарқ ете түсті. 2 гол салып, бір пенальти жасаған жас пері Францияның жеңіске жетуіне сүбелі еңбек сіңірді. 19 жасында әлем чемпионатында 3 гол салып үлгерген шабуылшыны тарихи рекордтар күтіп тұрған сыңайлы. Мундиальдар тарихында 16 гол соққан сұрмерген Мирослав Клозенің жетістігін қайталауы мүмкін шабуылшы дәл қазір осы Мбаппе.

Дидье Дешам шәкірттері Аргентинаны 4:3 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Ал олардың келесі кезеңдегі қарсыласы Уругвай – Португалия арасындағы ойында анықталды. Бұл матчта да бір футболшының жеке-дара ерекшеленіп, көзге түскенін байқадық. Сымдай тартылған, бойында артық еті жоқ арғымақтай шабуылшы Эдинсон Кавани екі гол соғып, Уругвайға жеңіс сыйлады. Ал Португалия қорғаушы Пепенің бұрыштама кезінде соққан жалғыз голымен ғана жауап қатты. Криштиану Роналду бастаған жігіттердің одан арғыға шамасы жетпеді. Сонымен ширек финалда Франция мен Уругвай құрамалары кездеседі.

Осы орайда жанкүйерлер олардың келесі кезеңге өткенінен гөрі Криш­тиану Роналду мен Лионель Мессидің мундиальмен қош айтысқанын жар салып айтуда. Соңғы 10 жылда «Алтын допты» кезек-кезек алып, өзгелерден оқ бойы озық тұрған қос футболшы құрамаларымен бірге 1/8 финалдан әрі аса алмады. Роналдудың Испания қақпасына соққан хет-тригі болмаса, Лео екеуінің тындырғаны шамалы бол­ды. Енді шамасы биылғы «Алтын доптың» таласы қыза тү­сетін секілді. Себебі Бразилия құрамасындағы Неймардың да күллі аяқдопшының көз жауына айналған сыйлыққа таласы бар. Ол үшін Неймар Бразилияны алға сүйреп, чемпиондыққа же­телеуі тиіс.

Айтпақшы, Бразилия бүгін Мексикамен кездеседі. Ал екінші ойында Бельгия мен Жапония ұшырасады. Аталған жұптардың жеңімпаздары ширек финалда бір-біріне қарсылас атанады.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар