2007 жыл
12 қаңтар – Министрлер кабинетінің алғашқы отырысы өтті. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастыру, бюджеттік жоспарлау мен бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді дамыту, бәсекелестікті қорғау, тұрғын үй құрылысын дамытып, инфрақұрылымды басқару және аграрлық жүйені жетілдіру, мемлекеттік тілді дамыту сынды сегіз бағыт бойынша жұмыс жоспарын нақтылады.
29 қаңтар – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапар жасады. Сапар барысында ГФР канцлері А.Меркельмен кездесті.
13 ақпан – Елбасы Н.Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында үш жылға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысына қатысты.
1 наурыз – Сол жағалауда тұрғызылған жаңа қалаға көше атаулары берілді. Атап айтқанда, №1 көше «Тәуелсіздік көшесі» деп аталса, №2 көше «Достық» атауына ие болды. №12 көше «Сарайшық» аталып, №19А, 33, 35 нөмірлі көшелерге рет-ретімен «Алматы», «Ақмешіт», «Орынбор» атауы беріліп, №19 көшеге «Сығанақ», №34 көшеге «Түркістан», №78 көшеге «Сауран» атауы бұйырды.
5 наурыз – Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия басшысы Михаил Саакашвилимен кездесті.
10 наурыз – Елбасы Хосни Мүбарактың шақыртуымен Мысырға аттанды. Сапар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Сұлтан Бейбарыс мешiтiне барып, Араб мемлекеттерi лигасының бас хатшысы Амро Мұсамен кездестi.
10 мамыр – Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ресми сапармен Астанаға келді. Екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, ғарышты бірлесе игеру, отын-энергетика кешені, ядролық энергетика, көлік салаларында екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
21 мамыр – Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президенттік басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Парламент депутаттарының саны 154-ке жетті. Жергілікті жерлердегі мәслихаттардың рөлі күшейтіліп, өзін-өзі басқару түбегейлі өзгертілді, сот билігі тармағының тәуелсіздігі нығайды, азаматтық қоғамды дамытуға айрықша назар аударылды.
4 шілде – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс ХІ съезі өтті.
5 шілде – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Астана қаласы индустриялық паркі аумағында салынатын зауыт құрылысының іргетасына капсула қойып, серпінді жобаның тұсауын кесті. Сонымен қатар осы күні елордада даңқты қолбасшы Бөгенбай батырдың ескерткіші ашылды.
6 шілде – елорда тойына тарту ретінде әлемдік стандартқа сай «Қазанат» атшабары ашылды. Еуропалық үлгідегі ипподром 2600 көрерменге арналса, жарыс өткізілетін алаңының ұзындығы – 1800 метр.
15 тамыз – Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің кезекті жетінші отырысы өтті.
18 тамыз – Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы жаңа Конституция қабылдануына орай тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өтті. Сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың 88 пайыздан астам дауысын алған «Нұр Отан» партиясы жеңіске жетті.
24 қыркүйек – Президент Н.Ә.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөз сөйледі.
25 қазан – Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Астанада MEGA сауда-ойын-сауық орталығы ашылды. Орталықтың жалпы аумағы – 32 мың шаршы метр. Оның құрылысына 2 миллиард 201 миллион теңге жұмсалды.
16 қараша – Испания астанасы Мадридте өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің отырысында Қазақстан Республикасының 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуі бірауыздан қолдау тапты.
20 желтоқсан – Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс бабындағы сапармен Мәскеу қаласына барды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин кездесіп, екі елдің стратегиялық әріптестігін және интеграциялық ынтымақтастығын дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»