Бұл істе республика өңірлері арасында Ақтөбе облысы көш бастап келеді. Айталық қазіргі кезде аймақта МЖӘ шеңберінде 127 жоба жүзеге асырылуда. Оның жалпы құны 31 миллиард теңгеден асып түседі.
Бүгінгі күні аталған жобалар әртүрлі атқарылу кезеңінде тұр. Оның кейбірі тіркелу деңгейінде болса, бірқатарына конкурс жарияланған. Сондай-ақ жобалау сатысында тұрғандары да бар. Басым көпшілігіне түбегейлі келісім жасалып, қол қойылған. Атап айтқанда, МЖӘ аясындағы нысандардың қатарын мұз спорт сарайы, офтольмология орталығы, балаларға арналған стоматологиялық емхана, спортзалдар, жүйке ауруларына ұшыраған мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы толықтыра түседі.
Бұған дейінгі жүргізілген журналистік талдаулар облыста қолға алынған әрі толықтай іске асқан МЖӘ жобалары негізінен әлеуметтік сипатқа ие болғанын көрсетеді.
Өңірде әлеумет жүгін арқалаған МЖӘ жобаларын бір-бірімен өзара сабақтас үш бағытқа бөліп қарастыруға болады. Осы ыңғаймен тізбелесек, оның алғашқы кезегін денсаулық сақтау саласына арналған нысандар құрайтынын көреміз. Оның алғашқысы елімізде ешқандай баламасы жоқ жедел жәрдем бекеті қанатқақты жобасы болып табылады. Оны түрік инвесторлары тұрғызған. 2016 жылдың қаңтар айында Ақтөбе облысының әкімдігі мен түрік компаниясы екіжақты келісімге қол қойып, соған сәйкес инвестор жобаны жүзеге асыру үшін 5 миллиард 400 миллион теңге қаражат құйды. Оның қайтарылу мерзімі жеті жылға есептелген. Аталған айрықша нысан биылғы 2018 жылдың наурыз айында пайдалануға берілді.
Осы жобада қарастырылған қосымша құрылыстар екінші кезеңге сәйкес одан әрі жалғаса бермек. Бүгінгі күні басталған қосалқы станса – соның бірі. Осы орайда бірінші кезең талаптарына сай жедел жәрдем бекеті автопаркіне инвесторлар есебінен «Мерседес» маркалы жаңа реаномобиль, 16 санитарлық шетелдік көлік және 2 диагностикалық автомобиль сатып алынғанын айтқан жөн.
Қазіргі күні балаларға арналған тіс емханасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ал құрылысы 3 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын «Дәру жарығы» офтольмологиялық орталығы өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Мұнда инвестордың есебінен шығатын шығын мемлекеттік тапсырыс қаражатының есебінен қайтарылмақ. МЖӘ ауқымындағы әлеуметтік нысанның бірі – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қалпына келтіру орталығы. Оны өткен жылы жергілікті кәсіпкер Нұрила Жарболова ашты. Оның жалгерлік ақысын мемлекет төлейді.
Сонымен бірге МЖӘ аясында мемлекет әр балаға тәулігіне 5000 теңге төлейді. Ал орталықтың материалдық-техникалық базасы мен медициналық құрал-жабдықтарына қатысты мәселелер түгелдей кәсіпкердің еншісінде. Тағы бір айта кетерлік мәселе Нұрила Жарболоваға жыл аяғында орталық жұмысын жүйелі түрде жүргізгені үшін материалдық көтермелеу ретінде 195 миллион теңге берілмек. Мұндағы есеп кем дегенде 100 балаға негізделген. Сәйкесінше балалардың саны бұдан азая түскен жағдайда тиісінше берілетін сома көлемі де азая түспек.
Кеңестік кезеңде Ақтөбе қаласында аумағы атшаптырымдай жерде орналасқан жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы болған. «Ақ руно» ЖШС осы аумақты ғимараттың базасында тұтастай спорт кешенін жасақтады. Мұнда екі спорт залы және бес футбол алаңы бар. Оның бәріне зама-
науи жабындық материалдар қолданылған. Инвестор бұл жобаларға 380 миллион теңге қаражат жұмсаған. Қазіргі күні кешенді жалға алушы мемлекеттік мекеме Ақтөбе облыстық спорт және денешынықтыру басқармасы болып отыр.
Облыста МЖӘ аясында ел игілігіне берілген нысандар жөнінде әңгіме қозғаған кезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік бөлімшесі бастамашы болған перспективалық жобалар жөнінде айтпай кету еш мүмкін емес. яғни бұл бағытта олар ұсынған сараптамалық байламдар МЖӘ жобаларын мазмұн жағынан да, түр жағынан да байыта түсті. Айталық кәсіпкерлердің облыстық палатасы ұсынған жобалардың арасында қазіргі кезде жетеуі кең ауқымды таралымды перспективалық жоба ретінде белгіленген. Әрі оның бәрі Ақтөбе облыстық әкімдігі тарапынан қолдау тапқан. Бұл жөнінде газет тілшісіне «Атамекен» өңірлік палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Жанайым Келбатырова айтып берді.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларының басты мәні үш жаққа да тиімді тұтқалардың іске қосылуында бір сөзбен айтқанда, мұндай жағдайда мемлекет пен жекеменшік иелері пайда таппаса, ешқандай зиян шекпейді. Ортақ мүдде деген осы да. Ең бастысы МЖӘ негізінде тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдағы қажеттіліктерін өтеудің мол мүмкіндіктері бар. Бұл МЖӘ жобаларының үшінші тиімді жағы болмақ. Осы орайда Ақтөбе облысы мысалындағы айтылған мәселелер мен деректер өзге өңірлерге де оң ықпалын тигізер болса, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ