«...Сайраттың құмбыл құс тілде,
Жанымның жаз ағыстарын.
Тілегім сенің үстіңде
Кіндік жұрт – Қазақстаным!» – деп жырлаған ақын түрменің де дәмін татыпты, аурухана төсегіне де таңылыпты. Ақын Қадыр Мырза Әлі 1979 жылы-ақ «Сағат Әбдуғалиевтерге қызмет ету – түбінде әдебиетке қызмет ету болып шығады» деп бағалағанымен, ақынның тұңғыш жинағы 1992 жылы ғана Орал облысындағы Чапаев аудандық газет баспаханасынан, сап-сары қағазға басылып шығыпты. Оны құрастырған – Сағаттың жиені Гүлнәр Жұмабекова болатын.
Айтпақшы Сағат ақын туралы «Егемен Қазақстан» газетінің оқушылары жақсы білуі тиіс: газет тілшілері Сүлеймен Мәмет пен Темір Құсайынның «Ақын да алақұйын камикадзе» атты мақаласы бас басылымның 2006 жылғы 27 қыркүйектегі №228-231 (24484) санында жарияланған еді.
«Сағат, асылы, кейбіреулердей жан-жағына сақтықпен қарап, тіршіліктің ой-шұңқырынан айналып өтіп, қарсы келген қиындық пен қырсықтан өзін-өзі қорғауға әзір емес-ті. Олай болып тумаған, ондай тәрбие алмаған. Керісінше, нөпір жаудың ортасына сауытсыз жарып кірген сарбаздай еді. Қулық-сұмдығы жоқ, бақай есепті білмейтін, өзі ақкөңіл, аужар, ақжарқын, арлы болғасын, өзгелер де сондай болуға тиіс деп ойласа керек. Сосын да болар, онда өзгелердің сөзінен, өсек-аяңынан өзін-өзі қорғайтын иммунитет жоқ еді. Сонымен де ол өмірден көп таяқ жеді. Оның қай өлеңінен де осыдан көрген теперіші тайға таңба басқандай сайрап, көрініп тұрады» деп жазды ол туралы замандасы, оралдық ақын Жанғали Набиуллин.
Сағатты алғаш жоқтап, тұңғыш жинағын шығарған – Гүлнәр Жұмабекова десек, республикалық деңгейде іздеу салып, 2008 жылы «Арыс» баспасынан «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» атты тұңғыш толыққанды жинағын құрастырған – бард ақын Табылды Досымов болатын. Сағат Әбдуғалиевтің 60 жылдығына орай түрлі шаралар ұйымдастырып, ақынның туған жері – Тайпақ ауылында жергілікті ақын Сағынтай Бисенғалиев пен кәсіпкер Мұхтар Сапарғалиевпен бірге ескерткіш тақта орнатқан да сол.
Бір өкініштісі, Сағат Әбдуғалиевке Тайпақта орнатылған сол белгі көп тұрмады. Орал-Атырау күре жолының бойында, ақын зиратының тұсында қойылған шағын гранит тақтаны әлдекімдер әуелі сындырып, кейін мүлдем орнынан жұлып тастады. Тіпті ақынның зираты басындағы белгі де бірнеше рет бүлінген. Тайпақтағы бұл вандализм туралы баспасөз бетінде дабыл қаққанымызбен, еш нәтиже болмады, кінәлілер табылмады...
Биыл Сағат Әбдуғалиевтің туғанына 70 жыл толды. Жыл басынан бері Ақжайық ауданы әкімдігі мен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ұйытқы болып, ақынның мерейтойына орай аймақтық-республикалық мүшәйра жариялады. Мүшәйра қорытындысы Тайпақ ауылында қорытындыланып, ауылдағы саябақта Сағат Әбдуғалиевке бюст орнатылды.
Осы шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, белгілі ақын Жанат Әскербекқызы арнайы келді.
– Студент кезімізде Сағаттың аудандық баспаханадан шыққан шағын жинағы әлдеқалай Алматыға да жетіпті. Таласып, бір-бірімізден ұрлап алып оқушы едік, – деп еске алады Жанат Әскербекқызы.
«Кіндік жұрт – Қазақстаным» атты жыр мүшәйрасына Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 28 үміткер қатысқан екен. Жыр додасының бас бәйгесіне жас ақын Мәрлен Ғилымхан ие болды. Оралдық ақын Амангелді Шахин – І орынға, атыраулық Асылай Ниязбаева – ІІ, маңғыстаулық Жұмагүл Мұрсалова ІІІ орынға лайық деп танылды. Маңғыстаулық Алтынбек Әлибаев, оралдық Әділет Орынбасаров, Назгүл Кәрімова, Бекболат Қаленовтер арнайы сыйлықпен марапатталды.
Сағат ақынның Тайпақтағы ескерткіші жергілікті халықтың, кәсіпкерлердің қолдауымен тұрғызылған еді. Осы шараға мұрындық болған ауыл әкімі Болат Шәленовтен бұл ескерткіштің де алдыңғы белгінің күйін кешіп, бүлініп қалмауын сұрадық.
«Лебіз» деген өлеңінде Сағат ақын былай деген екен:
Айқындалар кімдер жабы, кім тарлан,
Болмысынан пенде болмас бұлтарған.
Жүгіремін бір құмарды қуалап,
Жеткізбейді тірліктегі түлкі-арман.
Қанаттары қатаймаған қыр құсын,
Торабында тосып талай тұрды сын.
Таң алдында дауысымды естімей,
Жер бетінде мені жоқ деп жүрмісің?
Жантық болып жорғаламай жұрт алдын,
Жалғыз жүрек ізгілікке іңкәр мың.
Келешегің көкжиегің алда деп,
Тұяғынан от шашады тұлпар-күн.
Мәймөңкелеп талайларды майда тіл,
Парақордың көмейінде пайда тұр.
Жарамсақтар жек көреді жау санап,
Жолдастарға атанбадық «әй, кәпір».
Күндестік қой қазақтағы күшті індет,
Ібілістер табалайды «іштің» деп.
Көңілінен шыға білген жігітке ел,
Көктемдерден ұшырады құс-құрмет.
Борандарда іздестірмей бір ықтын,
Қажетінде қара тасты үгіттім.
Жалғыз ұлы атансам да әкенің,
Жалпақ елге борышы мол жігітпін.
О, тіршілік, жанардағы жарық күн,
Жарық күннен жарағанша мән ұқтым:
Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,
Жүрегінде қалу керек халықтың!
Шын мәнінде шынайы жырларымен халықтың жүрегінде қалған ақынға арналып туған жерінде осындай құрмет көрсетілді. Ұзағынан болсын дейік.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы