Үкімет • 04 Шілде, 2018

«Нұрлы жол» бағдарламасы – мақсатты межелердің бағдары

1513 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаевтың төраға­лы­ғы­мен өткен кезекті Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланып, қаржы секторын цифрландыру мәселелері кеңінен сөз болды.

«Нұрлы жол» бағдарламасы – мақсатты межелердің бағдары

Астана – жаңғырған елдің жарқын символы

Премьер-Министр күн тәр­тібін­дегі мәсе­лелерге тоқтал­мас бұрын жиыл­ған­дарды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады:

– Астана күні – бір қаланың ғана мейрамы емес, бүкіл ел болып атап өтетін жалпыхалықтық мереке. Себебі Қазақ елінің тәуел­­сіз мемлекет ретінде орны­ғуы, сынақтардан сүрінбей өтіп,­ дамудың даңғыл жолына түсуі – бәрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланыс­ты. Ел бола аламыз ба, әлде заманның алапат желіне ұшып жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, бола­шаққа бастаған Астана – жаң­ғыр­ған жаңа Қазақстанның жар­қын символы. Ол – қастерлі Тәуел­сіз­дігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасы­мыз­дың төл перзенті. Басында өзге түгілі өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көре­гендігі мен ерік-жігері­нің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді. Халқымыздың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ армандарынан нәр алып, сайын далада сәмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тіре­гі – алып бәйтерекке айналды. Астана – терең тарихтан тамыр тарт­қан даңқты өткенімізді бү­кіл әлем таңдай қаққан бүгінгі биік­­тері­­мізбен және жаһандық нарық­­та бәсекелік қабілеті жо­ға­ры, Мәңгілік Ел болар кемел ке­лешегімізбен жалғайтын елдігіміз­дің алтын арқауы, − деді Б.Сағынтаев.

Үкімет басшысы Астана елі­міз­дің саяси, экономикалық қана емес, сонымен қатар мәдени, руха­ни жүрегі, елдің барлық өңірі­нің басты қозғаушы күші бо­лып, аймақтардың дамуына қуат­ты серпін беретінін атап өтті.

– Әлемдік деңгейдегі бастамалар мен іс-шаралар Астананы жаһандық оқиғалардың ордасы ретінде паш етті. Осының бәрі – кең-байтақ Ұлы Даланың төрін­де Ұлы мемлекет құрған Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара басшылығы мен шек­сіз еңбегінің жемісі, − деді Үкі­мет басшысы құттықтау сөзінде.

Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бағдарлама

Алдымен 2015-2019 жылдар­ға арнал­ған «Нұрлы жол» инф­рақұры­лымды дамытудың мем­ле­кеттік бағдар­ламасының т­үзе­­­тілген жобасы бекітілді. Б.Сағынтаев аталған бағдарла­маны іске асыру барысы Үкі­мет­те бірнеше мәрте жан-жақ­ты талқыланғанына тоқ­та­лып, түзетілген жобада Елбасы қойған міндеттер көрініс тап­қа­нын тілге тиек етті. Мемле­кет­тік бағдарламаның түзе­тіл­ген нұсқасына дауыс беру аяқ­тал­­­ған­нан кейін Үкімет басшысы бар­лық мүд­делі мемлекеттік органға жаңар­тылған бағдарла­маны орындауды тапсырды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018 жылы барлық қар­жы­ландыру көзінен 829,5 млрд теңге көзделгенін айтты. Бүгінгі күнге дейін аталған қаражаттың 167,1 млрд теңгесі, яғни шамамен 21 пайызы игерілген.

– Өңірлерге аударылған 34,5 млрд теңгенің 91,5%-ы игерілген, ал бүгінгі күні игерілмеген қаражат 2,7 млрд теңгені құрап отыр. Мемлекет басшысының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 13-тар­ма­ғына сәйкес, министрлік тиіс­ті қаулы жобасын әзірледі. Жоба­мен транзит көлігінен түскен кіріс­терді 4 млрд АҚШ доллары­на дейін ұлғайту және транзиттік кон­тейнерлік тасымалдау көле­мін 1,2 млн ЖФБ-ға (жиырма фунт­тық баламаға) дейін артты­ру туралы тиісті өзгерістер мен толықтырулар көзделді. Мұнымен қоса транзиттік әуе жолаушы­лары­ның саны 1,6 млн адамға, ал аймақтық әуе желілерімен жолаушылар санын 170 мыңға дейін арттыру қарастырылды. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тауарларды тран­зитт­еуге, көлік дәліздерін құру мен жаңғыртуға, көлік инфра­құры­лымын басқаруға, қыз­мет к­өрсету деңгейін көтеру мен әкім­шілік кедергілерді жоюға бағыт­талған шаралар жоспарланған. Жоба Астана және Алматы қалалары­ның, облыстардың әкімдіктерімен және мүдделі мемлекеттік органд­ар­мен келісілді, – деді Т. Сүлейменов.

Электронды жүйе шығындарды азайтады

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов келтірген мәлімет бойынша, аталған министрлік 2017 жылы 18 млн қызметтің шамамен 16 миллионын немесе 88 пайызын электронды түрде көрсеткен.

– Үстіміздегі жылдың аяғына дейін 6 мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіруді, ұсынылатын құжаттар тізбегін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Электронды салық декларацияларын веб-порталға және «электронды үкімет» мобильді бағ­дарламаларына аудару жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Нәти­жесінде электронды түрде көрсе­тіл­ген қыз­­меттердің үлесі 95 пайыз­ға дейін жет­кізілмек. Салық­тық есептілік тапсыру, акциз марк­асы мен фис­кал­дық чекті тек­серу сияқты сервистерге IT-ком­па­ниялардың өз қосымшалары мен сервистерін әзірлеуі үшін ашық интерфейс (Application programming interface) түрінде қолже­тімді болады, – деді Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, «Орта­лықтандырылған бірегейлен­дірілген дербес шот» жүйесінің енгізілуімен, салық берешегінің бар-жоғы туралы анықтама беру қызметін көрсету уақыты 3 күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды. Жыл сайын осындай 5 млн-нан астам анықтама беріледі екен.

Қазір негізгі міндет­тердің бірі − бюджет­тік жоспарлау процесін оңтай­лан­дыру және автоматтандыру. Авто­маттандыру бюд­жеттік өтінімді қалып­тас­тыруда шығыстарды (қағаз, кеңсе тауарлары, іссапар шығыстары, пошта қызметтері) 70 пайызға, ал келісу мерзімдерін 4 есеге (80-нен 20 күнге дейін) қысқартады.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев еліміздегі цифрлы банкинг туралы баян­дады. Оның айтуынша қаржы­лық қыз­мет көрсетудің өзі IT-инфра­құ­ры­лымды және цифрлы шешім­дерді пайдалану мүмкіндігімен тығыз байланысты. Сектордағы маңызды трендтердің бірі − интернет және мобильді қосым­ша­лар арқылы онлайн қызметтер көр­сету. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық банк­терінде қашықтан банктік қызмет көрсету жүйесі енгізілген. Мобильді банкинг қызмет­терін банктердің 60 пайызы көр­сетеді. Олар бүкіл клиенттер база­сының шамамен 90 пайызына қызмет етеді. Бұл жүйелерде шамамен 10 миллион пайдаланушы тір­кел­ген. Олардың 30 пайызы опе­ра­цияларды тұрақты түрде жүр­гізеді.

Жиында Б.Сағынтаев қаржы секторын цифрландыру бойынша барынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын, дегенмен «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасында көздел­ген барлық шараны уақтылы орындау керектігін, жоспарланған мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізу қажеттігін шегелеп тапсырды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»