1
Ерте ғасырларда Шығыста «Сөз кітабы», «Ой кітабы», «Тәрбие кітабы», «Аманат кітабы» деген айтулы еңбектер болған. Солардың көбі бүгінгі күнге жетті.
Ибн-Синаның «Ем кітабы», Ясауидің «Диуани хикметі», Әмір Темірдің «Аманаты», Кей-Қауыс патшаның «Қауыснамасы», Хан-темір жазған «Хумаюн қағидалары», Мұхаммед Бабырдың еркін жазбалары, Низамиддин Шамидің «Зафарнамасы», түркі қағандарынан қалған «Бұйрықнама», Шыңғысханнан қалған «Білік», Рузбехан қалдырған «Сүлік әл-мүлік» (патшалардың іс-әрекеттері), Шәміл туралы «Дағыстан қылыштарының жарқылы», Абайдың «Қарасөзі» соның дәлелі.
Жетпей жоғалғандары қаншама? Арнайы жойылғандары қаншама? Біз білмейтін қоймаларда ғасырлар бойы тұншығып жатқандары қаншама?
XXI ғасырда Халықаралық Абай клубының «Amanat» кітапханасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл-парасат кітабын» оқырманға ұсынған болатын. Біз сол кітап туралы ой түзеуді жөн көрдік.
Ой толғанысқа толы кітапты оқу, санаға сіңдіру келелі рухани мектептен өтумен бірдей. Бұл кітаптағы ой-толғаныс сені бүкпесіз шындыққа толы кеңістікке жетелейді. Сенің бойыңнан желдей жылдам уақытқа төзіп берер аса қуатты күшті талап етеді. Уақыт пен кеңістікті бірдей қамтып игере алған кітаптар ғана аса құнды шығармалардың санатына қосылмақ.
«Ақыл-парасат кітабы» ой айдыны терең кітаптардың қатарынан.
Бұл кітап – адам тағдыры туралы көркем шығарма емес, тізбектеліп түскен адам ойының бұлқынысына бағышталған ой әлемі. Адам ойының енді ғана сәуле шашқан таңғы нұрдай жарқыраған бейне суреті.
Дұрысы, адам ойының суреті.
Жанды сурет.
Күрсіндірер, күлдірер, күйзелтер, тамсандырар суреттерге толы толғанысты сөз әлемі.
«Ақыл-парасат кітабын» адам ақылынан адасуға шақ қалған ХХІ ғасырда ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласында дербес мемлекеттің қабырғасын қалаған, Нұрсұлтан Назарбаевтың ала таңнан қара бұйра түнге дейін дамылсыз ойға бөккен тірлік қамалының, «қара терді төккен, қызыл қанды жүгірткен» рухани тыныс-тіршілігі деп білген дұрыс.
«Ақыл-парасат кітабы» ерен тұлғаның қара басының қамын емес, туған елінің бақытын аңсаған толассыз ой керуені. Қазақты қалай өрге сүйреп шығарсам деген үкілі үміт пен қалың күдікке толы ашық толғаныс.
Намыс толғанысы.
Рух толғанысы.
Жеңе де білген, жеңіле де білген пенде толғанысы.
Жаңыла білген жақ, сүріне білген тұяқ толғанысы.
Асылы, адам туралы Ана-Жерден ту сонау Ғарышқа дейін тартылған үздіксіз ой тізбегі.
Ал дәл осындай аласапыран заманда, қиямет толғаныстармен жанды қинау, Алла тағала таңдаған тұлға ғана бекінер тәуекел.
Сол тәуекелден тартынбауды Нұрсұлтан Назарбаев хош көріпті. Ықылым замандардан бері ата-бабаларымыздың көңілі сенгені де, жаны қалағаны да тәуекел тірлік болған. Елбасы сол тынымсыз жолды таңдапты.
Сананы сандалтар ойларды бір жүйеге жыю қанша қиын болса, ой толғанысқа толы кітап туралы ой айту онан да өткен қиямет, асылы азап десем болар.
Әуелі кітап сөзіне жол берейік, оқырман.
«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан».
«Отаны жоқ адам – тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты».
«Отаншыл болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа риясыз сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ Отаныңның тарихын, ана тіліңді, шыққан тегіңді білмей нағыз отаншыл бола алмайсың».
«Менде туған елімді дамыған елдердің санатына қосудан асқан мақсат жоқ».
«Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлттың өзіне деген нық сенімі болуы қажет».
Нұрсұлтан Назарбаев халқының сан-салалы тірлік аясын жіті зерделейді. Перзенті ретінде де, Президенті ретінде де халқының бүгіні мен ертеңін қатар өрбітіп, өткенін жинақтап, толықтырып отыруды азаматтық салты қылып ұстанған. Бұл ірі тұлғалар ғана бекінер тастүлек мінез. Елбасының ой аясы қашанда кең, қашанда терең болуы керек екенін осы кітап растап бергендей. Өкінішке қарай бабаларымыздың жазғандарын сақтай алмай, көбіне иелік те жасай алмай, жаттың қолында қалдырып кетіп отырдық. Жоғалғанымызды жоқтауға, асылымызды сақтауға салақтау халық екеніміз рас.
Абылай хан мен Кенесары ханның ой аясы да, сөз аясы да біздерге еркін жетпей жолда қалды. Шоқан, Махамбет, Абай еңбектері де бізге түгел жеткен жоқ.
Қазақ тарихының беттері алым-жұлым жыртылған, кей тараулары бүтіндей түбімен жұлынған ескерусіз қалған көне кітапқа ұқсайды. Бұл қазақ тарихының ғана емес, бүтіндей түркі халықтары тарихының тас-талқан болған, асылы ойрандалған бейнесі.
Орыс патшайымы ІІ Екатеринаның «Түркі халықтары туралы деректерді тарихтан жойыңдар. Кітаптарын өртеңдер. Оларға ертеде кім болғандарын естеріне салмаңдар. Еске сала берсеңдер, олар әлемді тағы бір жаулап алулары мүмкін. Жаулайтын болса, бізге аяныш болмайды», деген сөзі бар. Сонан да түркі цивилизациясы туралы деректердің бәрі аяусыз құртылған.
2
Екі жүз томдық «Amanat» кітапханасында түркі дүниесі, түркі әлемі атойлап рухани болмысын көрсетеді. Өзге өркениетті мемлекеттер құлақ аспаған, жандарына дарытпаған түркі әдебиеті ерекше тереңдігімен, адамгершілік биігімен ғасырлар қойнауынан дауыс көтереді.
Алыстан талып жетер сол сөздерге құлақ асайық, оқырман.
Анахарсис
(шамамен б.з.д. 555 жыл)
Сенің сенгенің –
Сыбызғы сырнай мен ақшалы
әмияның,
Менің сенгенім – садақ пен жебе.
Сондықтан да сен – сауықшыл
дүниенің құлысың,
Ал мен – еркін азаматпын ...
Қарлұқ Кегменер Үлгеұлы
(б.з.д. 760 жыл)
Шығыстан келген қорқаулар
тонауда туған жұртымды,
Құтқарар шара таба алмай,
жүрегім менің бұлқынды.
Тоныкөк
(VII ғасыр)
Аты, даңқы өшпесін деп,
Түркі халқы үшін
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым
Қызыл қанымды төктім.
Қара терімді ағыздым
Күш-қуатымды аямадым
Інім Күлтегінмен бірге
Өліп-тіріліп жерді ұлғайттым.
Әбу Насыр әл-Фараби
(X ғасыр)
Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Әкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түңіледі.
Махмұт Қашқари
(XI ғасыр)
Өзгерді заман күймелі,
Парасатты ой сиреді,
Естіні есікке сүйреді,
Білімсіз зұлым басшы боп.
Қожа Ахмет Ясауи
(XII ғасыр)
Жалмардай жұтқынына
жарты әлемді,
Құмарым ішпек-жемек арта берді.
Сазайын Сұм құлқынның
тартам енді,
Бетім жоқ Хазретке қалай
барам?!.
Көрмей ме таңда Махшар
зарымды Алла,
Көз тіксе таразыға тартылғанда -
Қылмысым бастан
асып-артылғанда,
Бетім жоқ, Хазретке қалай
барам?!.
Ахмет Иүгінеки
(XII ғасыр)
Адамгершілік – үй, қарапайымдылық
оның іргетасы сияқты.
Пайдасыз егестен,
орынсыз күлкіден сақтан.
Махамбет
(XVIII ғасыр)
Арғымақтың баласы
Аз оттар да көп жусар –
Талаудан татқан дәмі бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да көп жортар –
Дұшпанға кеткен кегі мен
Барымтаға түскен малы бар.
Соларға ілесе ұлы венгр қыпшағы дауыс қосады.
Шандор Петефи
(XVIII ғасыр)
Қайда кеткен мадьярдың қуаты?!
Қас-дұшпанын өз қанына жуатын?!
Әлде біздер жасықпыз ба? Аналар –
таусылған ба қайсар ұлдар туатын.
Бұның бәрі заманалар қойнауында ұмыт болған түркі дүниесінің жан айғайы.
Намыс оты.
Рух сыры.
Бабалар үні.
3
Қазақстан Республикасының Президенті халқының өткен қанқұйлы тарихын да, сөздері халқына толық жетпей қалған әулиелері мен хандарының өксікті өмірлерін де жақсы біледі.
Сонан да көне замандағы көне бабаларымыздай Нұрсұлтан Назарбаевтың ісі – сөз, сөзі іс болып қалыптасқан. Ол туралы Президент былай деп ой кеседі:
«Мен ешқашан қолдан келмейтін іске уәде берген емеспін, ал уәде берген екенмін, орындап болғанша жаным тыным көрмеген».
Бұл жауапты адамның жауапты сөзі. Елбасы солқылдақ болса, елі қандай болмақ?!. Елбасына мәрттік пен өжеттік, ақыл мен парасат жарасады.
«Қазақфильмде»: «Бізге өжет ұлдар қажет. Соларды тәрбиелеу керек», деп айтқан сөзінде арман тұрған.
Өмірдегі ақыл-парасаты, саясаттағы әдіс-амалы, басына біткен кісілік мінезі Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдегі салиқалы саясаткерлердің қатарына қосты. Туа біткен мәрт мінез, ерекше байқампаздық Елбасының адамдық келбетін айқындай түскен. Әлемнің қай басшысы болса да, Қазақстан Республикасы Президентінің сырға толы бет-жүзін, байыптап айтар кемел ойын, қашанда ашық пікірталасқа атойлап шығар жанкештілігін ерекше құрметтейді. Президенттің адамгершілігіне, көңілінің ақтығы мен ашықтығына күмән келтірмейді. Елбасының өзі де ешкімді алаламай, барлығына бірдей таза ықыласпен, шын пейілмен беріле сырласатынын қай-қайсы да жақсы біледі.
Нұрсұлтан Назарбаев алып Қытай мен империя құруды аңсаған Ресей ортасында сынадай еніп сіресіп жатқан Дешті Қыпшақ даласының өз ойы, өз арманы, өз тіршілік аясы бар екеніне өзгенің көзін жеткізді. Бес құрлықтың халқындай, қазақ халқының қаны да қызыл, жаны да таза, ойы да ашық, тілеуі де анық екенін мойындатты.
«Ақыл-парасат кітабының» басты ерекшелігі келісті ой құдіретінде. Осыған орай көне Шығыс ғұламаларының бірі айтқан сөз еске түседі.
«Кәміл ақыл тұрғысынан зерделеп қарағанымда, сөзден асыл, сөзден асқақ ешнәрсе таба алмадым. Сөзден артық күш болғанда, Алла тағала оны Пайғамбарына білдірген болар еді», деген.
Ат тұяғынан жаратылған қазақ үшін сөзден қуатты, сөзден асыл құдірет болған емес. Бабаларымыз жығылғанды сөзбен көтерген, жылағанды сөзбен жұбатқан, дұшпанды сөзбен тоқтатқан.
Сөз – дертке дәрмен болар ем, жасқа ұлағат болар тәрбие, келешекке аманат қылып қалдырар асыл мұра.
Сөз өнері қазақтың қанына сіңген таусылмайтын байлық.
Жастайынан тамыры тереңде жатқан түгесілмейтін қазақ ойының қазанынан сусындаған қазақтың дара ұлы Нұрсұлтан Назарбаев сөзді түстеп те, салмақтап та, астарлап та таниды. Сөз қасиетін таныған адамның жаны да, ары да таза болуы керегі белгілі.
Ана-Жерде уақыт пен кеңістік сынынан қара үзіп дара шығар жандары ақиқатқа суарылған санаулы тұлғалар бар.
Ұлы жазушылар мен ұлы кітаптар уақыт өткелінен сұрыпталып өткенде, ұлы жазушының емес, ұлы кітаптың аты қалғанын дұрыс санаймын. Есіңізге түсірейін, оқырман:
«Соғыс пен бейбітшілік», «Өлі жандар», «Қарасөз», «Ағайынды Карамазовтар», «Абай жолы», «Гамлет», «Шағала», «Тынық Дон», «Моби Дик», «Шал мен теңіз» – бұл тізім көп те емес. Бірақ мұндай асыл тізім бары ақиқат. Сол тізімді мен ылғи санамда ұстаймын. Сен де оны санаңда ұстап бақ, қадірлі оқырман.
«Қарасөз» кітабынан:
Мен көрдім дүние деген
иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін
Ойлы адамға қызық жоқ
бұл жалғанда
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.
Абай бабамыздың осы сөздеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурінді ой легі ілеседі.
«Ақыл-парасат кітабынан»:
«Қазақтың ұлы болсаң, қазағыңа жаның ашыса, қазақтық намысың болса, қазақтың дүние жалғандағы жалғыз мемлекетінің өсу, көркею, нығаю жолында жаныңды сығып, қара теріңді төгіп еңбек ет. Жердің де иесі, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!»
«Дауы таусылмас елдің жауы да таусылмайды».
«Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады».
«...Отандастарымнан бөлек уайымым да, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені болса да елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін».
4
Тән жолы өлшеулі, жан жолы өлшеусіз. Көк аспанның астында мәңгі ештеңе жоқ.
Ел де.
Жер де.
Адамзат та.
Бәрінің ғұмыры шектеулі. Бәрінің тағдыры аспанда анық жазулы. Бірақ қай халық болса да өз елінің мәңгі жасағанын қалайды. Тәңірден соны тілеу етеді.
Ана-Жер адамзат баласы үшін бекет екенін әл-Фараби бабамыз сонау Х ғасырда айтып та, жазып та кеткен.
Сол бекетте Ана-Жері үшін, Адамзат баласы үшін, Туған халқы үшін, Ана тілі үшін, жандарын шүберекке түйіп еңбек еткен отаншыл тұлғалар туады. Солардың легі таусылмасын.
Сол Ана-Жердің бақыты үшін ғұмырларын сарп етер халықтың өжет ұл-қыздарының легі де сарқылмасын.
Сол Ана-Жерге Тәңірім адал ақындар мен көзсіз батырларды жіберуін де тоқтатпасын.
5
Дәл осындай ғарыштық ритм толас таппай қозғалар болса, Ана-Жерде ғұмыр кешкен Ұлы тұлғалардың есімдері ел есінде мәңгі сақталады.
Адамзат ойының кемелділігі кемімесе, өрби өсе беретін болса, Ана-Жерде дүниеге келген ойшыл кітаптар өшпейтін мәңгі ояу ой мұхитында еркін тербелетіні айдай ақиқат.
Адамзат баласы сол күнді жақындату үшін жанын салуын доғармасын.
Сонда ғана елі үшін елжіреген теңдессіз тұлғалар ел есінен ажырамайды.
Сонда ғана ұлы кітаптар өлмейді.
Халқына мәңгі ғұмыр тілеген Конфуций еді, сол қасиетті ойшылдың тілеуі Қытайдың аспанында айдай жарқырап жанып тұр.
Қай халық та сол аспанға қызыға да таңдана қарайды.
Ал мен дербес елдің дара көсемінің тынымсыз ауыр ойларға толы «Ақыл-парасат кітабын» әлемнің ұлы ойшылдары мен жазушыларының көшіне қосып жіберіп, соңынан ақ тілеу тілеп қарап тұрмын.
Асыл Ана-Жердің бір төрі Дешті Қыпшақ даласына мәңгі ғұмыр тілейік, асыл қазақ жұрты.
Ана-Жер үшін, Ана-Отанның намысы үшін өлімге бас тігуге қашанда дайын тұр; ол үшін қорғанба да, қорықпа да.
Ол ақ өлім!
Ол Алла тағаланың саған арнаған қасиетті сыйы екенін біл!
Сен соны ұқ, ардақты қазақ оқырманы. Сол ойды жүрегіңе жеткізіп бақ!
Құдай тағала бізді өз елімізде құл болудан сақтасын.
Мынау алмағайып сатқын заманда жапа-жалғыз қалған кезіңде, мүжілген қара диваннан басыңды көтеріп кітап сөресіне қолыңды созасың, әрине Алтын Сөреге. Қолыңа сол сөредегі қай кітап түссе де қателеспейсің, батыл аш та оқи бер, бұл сенің рухыңды шыңдайтын, намысыңды қайрайтын, арманыңды асқақтатар асыл сөздер. Сол Алтын Сөреден «Ақыл-парасат кітабы» да алақаныңызға қонар. Сол сәтті қапы жіберіп алып жүрме, оқырман деп ой тербеген, қазақтың болашағының нұрлы болуына имандай сенген –
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ
Жидебай, Дешті Қыпшақ даласы