Қазақстан • 04 Шілде, 2018

Ана тілін, атажұртын әспеттеген

497 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы аясында көп жұмыс атқарылды. Соның қатарында Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен 2004 жылы шетелдерде тұратын қазақ диаспорасы балаларының арасынан ана тілін білетіндерге арналған «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» атты халықаралық олимпиада өткізіліп келеді. Сол игі іс биыл Қарағанды қаласында өтті.

Ана тілін, атажұртын әспеттеген

Оған 6 мемлекеттен 60-қа жуық оқушы қатысты. Олим­пиаданың ашылу рәсімінде қазылар алқасының төрағасы, Халық­аралық «Қазақ тілі» қоға­мының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы «Мем­лекеттік тілдің ендігі тағдыры саған байланысты, жас ұрпақ!» деп жастарға салмақ сала тіл қатып үмітін үкілеп келген шет­елдік бауырлардың ұл-қы­зына сөз арнап, «Елім, же­рім, атажұртым, тілім деп алға ұмтылған сендердей құлды­раңдаған құлын­дарыма, сүй- к­імді ботала­рыма дән ризамын» деді. Үміткерлер бірінші кезең­де шығарма жазып, одан кейін ауыз­ша тест тапсырып, өнер­лілері туған елге деген са­ғы­­ны­шын өлеңмен, әнмен жеткізді.

Оқушылар сынақтан кейін өңірдің киелі жерлеріне сая­хаттады. Нәубет жылдарынан мол дерек беретін КарЛаг мұражайын аралап көрді. С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында Р.Отарбаевтың «Мұқағали-Фа­риза» атты шы­ғар­масы бойынша қойылған қойылымды тамашалады.

Қорытындысында, Иран, Өзбек­стан, Қырғызстан, Моң­ғолия, Қытай және Ресей Феде­рациясының Самара, Ом­бы, Алтай өлкесінен келген оқу­шылар әртүрлі аталымдар бойын­ша марапатталды. Сондай-ақ бес оқушы Қ.А.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, бір талапкер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры тағайындаған гранттарын алды. Олимпиаданың жабылу сәтінде Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Е.Иманғалиев облыс әкімі Ерлан Қошановтың шеттегі аға­йын­дардың балалары тек қана әдебиет пен тіл маманы бо­лып қоймай, техникалық ма­мандықты да меңгеру керектігін ескеріп, Қарағанды техникалық университетіне екі грант бөле­тінін, Н.Нұрмақов атындағы об­лыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа 9-10 сынып оқушыларын келісімшартпен білімін жалғастыруға мүмкіндік туғызатынын жеткізді. Он бес жыл қатарынан өтіп келе жатқан олимпиадаға мыңнан аса оқушы қатысқанын, 130-ы жоғары оқу орындарын бітіріп, еліне қызмет етіп жүр. Шет­елден келген қандастардың өтінішін айта кетер болсақ, әсіресе көршілес Ресейдегі отан­дастарымыз оқулық пен мұға­лімдердің жетіспеушілігі барын айтып, Қазақ елінен келген оқулықтар тек қазақ сыныптарына арналғанын, бұл көп жағдайда қиындық туғы­затынын, сондықтан орыс сыныптарына арналған қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты құралдар болса деген тілектерін атажұрттағы азаматтар ескерсе екен дейді. Бір құптарлық игі іс Омбы қаласындағы №130 мек­тепте қазақ тілі шет тілі ретінде оқытыла бастапты. Ал Иран елінен келген Аида Көрпе аталған елде 5 мыңнан аса қазақтың өмір кешіп жатқанын айтты.

«Осындай байтақ елге ата-анам бұрын неге әкелмеген, енді қимай аттанайын деп тұрмын» деген сөзі жүректі шымырлатты. Халықаралық олимпиаданы ұйымдастыруға «Сарыарқа – Дарын» өңірлік ғылыми-тәжі­рибелік қосымша білім беру орталығы, Н.Нұрмақов атын­­дағы мектеп-интернаттың ұжы­мы үлкен үлес қосты.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Мүмкіндігі мол «smartlook»

Технология • Бүгін, 08:12

Ертеңгі күннің жобасы

Экономика • Бүгін, 08:02

Салаға арналған сан алуан өнім

Экономика • Бүгін, 08:01

Тоғанда тұқы өсіреді

Аймақтар • Бүгін, 07:50