Қостанай облысындағы денсаулық сақтау саласының қызметі де, материалдық жағдайы да осыдан 20 жыл бұрынғы уақытпен салыстыруға келмейді. Айырмашылығы жер мен көктей. Бүгінге дейін облыс өңіріндегі барлық емдеу орындары ине-жіптен жаңа шыққандай, жөндеуден өтті. Қостанай, Рудный қалаларында жаңа медициналық нысандар салынып, халық игілігіне жарап отыр. Ауруханалар шетелдік үздік медициналық құралдармен жабдықталды. Бір мысал. Басқасын айтпағанда, аудандардағы дәрігерлер жүздеген шақырымға ат сабылтпай-ақ видеоқұрал арқылы облыстық ауруханадағы әріптестерінен қажет кеңес ала береді. Күрделі операция қажетсінетін, ауыр науқастарды жылдам облыс орталығына жеткізуге де мүмкіндік мол. Мұның өзі ана мен бала және жалпы адам шығынына жол бермейді.
Міне, жақында аудандар мен қалалардағы «Жедел жәрдем» стансалары мен емханалар «реаномобиль» деп аталатын жылжымалы медициналық кешенге ие болды. Облыс әкімі Сергей Кулагин Қостанай, Арқалық, Рудный қалаларындағы «Жедел жәрдем» стансалары мен Жітіқара аудандық ауруханасына, Лисаков қалалық емханасына осындай жылжымалы медициналық «Жедел жәрдем» кешенінің кілтін тапсырды. Олардың бағасы 70 миллион теңге болса, ал облыстық балалар ауруханасына тапсырылған осындай кешеннің өзі облыс бюджетіне 5 миллион теңгеге түсті.
Қазан айының басында облыстық және облыстық балалар, Арқалық қалалық ауруханаларына бір өзі бір емхананың жүгін арқалайтын жылжымалы медициналық кешен тарту етілген болатын. Бұл заманауи жабдықтар үшін 256 миллион теңге жұмсалды. Оның қайтарымы қазірдің өзінде білініп отыр. Екі айға толмайтын уақыттың ішінде осы жылжымалы медициналық кешен аудандар мен ауылдарды аралап, 6 мың адамның денсаулығын тексерді.
– Тәуелсіздік алған жылдардан бері жеткен жетістіктердің барлығы да көз алдымызда. Ештеңені дабырайтып, ойдан қосудың қажеті жоқ. Облысымыздың денсаулық сақтау саласы, әсіресе соңғы он жылдың ішінде адам танымастай өзгеріп, дамыды. Медицина саласына көп қаржы құйылды, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы да жақсарып келеді, жалақысы өсті. Сіздер енді адамды емдеп қана қоймай, аурудың алдын алу жұмыстарын күшейтулеріңіз керек. Жан-жақты дамып келе жатқан тәуелсіз еліміздегі талап осындай, –деді облыс әкімі Сергей Кулагин үздік медициналық кешендердің кілтіп тапсырып тұрып. Бұл дәрігерлер үшін де, жалпы жұртшылық үшін де мереке алдындағы шын мәніндегі қуаныш болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.