Жаңа жинақ Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде Қазақстанның Түркиядағы елшілігі тарапынан арнайы дайындалды. Кітапта Түркияның 11-президенті Абдолла Гүл, Президент Режеп Тайип Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-төрағалары Хикмет Четин мен Жемил Чичек, бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Халил Акынжы бастаған саяси тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің арайлы Астана мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі елдің саяси-экономикалық байланысын дамытудағы маңызды рөлі туралы сараптамалық мақалалары, зерттеу еңбектері және шынайы пікір мен жылы лебіздері берілген.
Кітаптың алғысөзінде Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы «Қазақстан Президентінің «Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі» деген ұлағатты сөзі әрдайым жадымыздан шыққан емес.
Қазақ және түрік тілінде жарық көрген жинақ бауырлас елдердің достығын күшейтіп, сенімін арттыра түседі деген ойдамын. Сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығын зерттеушілер үшін құнды еңбек боларына сенемін» дейді.
Түркия Республикасының экс-президенті Абдолла Гүл «Ғаламат жетістіктің жемісі» атты мақаласында «Осыдан он жыл бұрын Түркия Республикасының президенті ретінде қымбатты бауырым Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге халықаралық деңгейдегі салтанатты жиынға қатысып, тілектестігімді білдірген едім. Астананың жаңа мегаполис ретінде қалыптасуы – жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған стратегиялық саясаты мен кемел көрегенділігінің нәтижесі деп нық сеніммен айтуға болады.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімінің ең белсенді қолдаушысы Нұрсұлтан Назарбаев болғандықтан, мен оны «Түркі әлемінің ақсақалы» деп жариялаған едім. Қазақстан Президенті бұл құрметке әбден лайық тұлға!» деп ағынан жарылыпты.
Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу «Азат елдің алтын тәжі» мақаласында «Болашақта қазіргі әлем тарихы жазылар уақытта Қазақстан мен қазақ түркілері бөлімінде «Тұңғыш Президент», «Түркі дүниесінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев», «Астана қаласы» деген сөздер бір ұғымға айналып, қатар аталатын болады. Астана – «Аситанеи Шахане», яғни «патшаның табалдырығы, таңғажайып бас қала» дегенді білдіреді. Бұл анықтама кезінде Ыстанбұл үшін қолданылған еді. Мемлекеттер мен елдердің қалыптасу тарихында ұлы көшбасшылар қандай рөлге ие болса, басты шешімдер шығарылған шаһарлар да маңызды орын алған. Қазіргі Қазақстанның негізін салған ақсақалымыз – көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз елдің символы ретінде Астананы іргетасынан бастап түбегейлі жоспарлап, әрбір ғимараттың құрылысын қалтқысыз қадағалап, әр кірпішін қамқор қолмен қалады», дейді.
Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу «Түркі әлемінің ақсақалы, жоғары мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың байыпты байламынан кейін, 1998 жылы Қазақстанның бас қаласы ретінде Астананың бекітілуі тәуелсіз қазақ елі тарихындағы айшықты оқиғалардың бірі болды. Қадірменді Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын ұйғарымы шамамен жүз жыл бұрын Түркия Республикасының әкімшілік орнын Анкараға көшірген Ұлы көшбасшымыз Гази Мұстафа Кемал Ататүріктің болжағыштық қасиетін еске салады. Астана – ел ордасы болып жарияланған күннен бауырлас шаһар Анкара сынды жедел дамып, Қазақстанның символына айналды, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығымен модернизацияланған елдің әлемдік аренадағы бет-бейнесін танытты», деген пікірін білдірген.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»