Спорт • 05 Шілде, 2018

Отандық спортқа олжа салған оғлан еді... (Мұстафа Өзтүрік туралы сыр)

1312 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таэквондо – ғажайып спорт. КСРО империясының әсі­ре сақтық жасап, капи­талистік дүние игіліктеріне көз жұмып қарайтын тұмшаулы кезеңі еді. Корей халқының ұлы өнерінің жұрнақтарын жасырын бейнетаспалардан көрдік. Қос аяқты қайшылай қи­мылдатып, қарсыластың әп­тер-тәптерін шығаратын, кес­кен теректей сұлататын спортқа іштей ынтығып жүр­генде елге Алманиядан Мұстафа Өзтүрік келді.

Отандық спортқа олжа салған оғлан еді... (Мұстафа Өзтүрік туралы сыр)

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дары. Бір құлап, бір тұрып жүрген шақ. Кешегі мызғымастай көрінген империя құлаған. Қуат­ты көрінетін кәсіпорындар да нарық толқындарына шыдай алмай жабылып, ондаған мың азамат нәпақасыз қалған. Алтын бесік ауыл да мәйегінен айырылып, ер-азамат қарадай жүнжіген шақ. Осындай белгісіздік жағ­дайында ел рухын көтеретін тұл­ғалар керек еді.

Мұстафа Өзтүріктің Еуропа кін­дігінен тарихи Отанына келуі жүдеп жүрген қазақтың көкі­ре­гіне үміт сәулесін жақты. «Ел екен­­біз-ау, бар екенбіз-ау, батыр­дың ұрпағы екенбіз-ау» дегізді.

Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін Мұстафасын ар­дақ тұтты. Алқалаған ағайын бар­ған жерінде Мұстафасының ая­ғын жерге тигізбеді. Өйткені Мұс­тафаның жүрегі үлкен еді. Он­да бар қазақты кеудесіне сый­ғы­зып, шынайы жақсы көрген қа­сиет бар еді. Алғаусыз сүйді, ата-бабамның кіндік қаны тамған кие­лі мекен деп өтті.

Алматыдағы Орталық циркке Германиядағы шәкірттері жә­не мәртебелі қонақтарымен келіп, өнер көрсетуі оның даңқын ас­пандатып қана қоймай, елдің рухын көтерді.

Мұстафаға дейін де қазақ ұлдары таэквондодан несібесіз емес еді. Ресейдің қиырында оқып жатқан қос ұланымыз Сұлт­ан Шоқпытов пен Шадияр Қон­дыбаев алғашқы жеңіл сал­мақта Ресейдің алғашқы чемпионатында топ бастаған. Кейі­ніректе Ресей таэквондо фе­де­рациясының бір тізгіні Сұл­тан Шоқпытовтың қолында болды.

Сонау Краснояр өлкесінде жауапты қызмет атқарып жүрген Шадияр Қондыбаевтың баспасөз ар­қылы Мұстафа Өзтүрікке сы­нақ тапсыруға өтінуі де өте жара­сымды еді.

Мұстафа Қайрат Қырғызбаев бастаған қазақтың кеудесімен мұз жаратын жігіттерін баптап, халықаралық жарыстарға салды.

Мұзбалақ Мұстафа от еді ғой. Халқын жанындай сүйетін. Ол айтқан жалынды сөздер әлі де ел­дің жадында.

Қазақстан – тәуелсіздік алған жылдары Мұстафа Өзтүрік елі­міз­дің таэквондо құрамасын Түр­кияда өтетін халықаралық тур­нирге бастап барды.

«Еркек адам көп жағдайда жылай бермейді, – деген еді ол. – Елін, жерін іздеген, іш­құ­са болған азамат жылауы мүм­­кін. Бір жағдай мені қатты тол­қыт­ты. Түркияда қаптаған мем­лекет­тердің тулары арасынан қазақ байрағын көргенімде көзі­ме жас тығылды. «Ел екенбіз, бар екен­біз» деп жыладым. Шын жы­ладым. Сол жолы екі жігітіміз халық­аралық жарыста чемпион болғанда да іштей егілдім».

Қуаныштың көз жасы еді ол. Қазақ елінде болып жатқан келеңсіздіктерді көріп, күйінгені де есте.

«Біз сырт жерде өстік. Тағ­дыр­дың жазуы солай болды. Ата-анамыз «қазақ елі деген Отан­дарың бар» деп бізді жігер­лен­діретін. Іштей сағынып өстік. Жат жерде жүрсек те тілімізді былғамадық.

Қазақстанға алғаш келгенде қуаныштан байқамаппын. Ірі қалаларда қандастарымыз орысша сөйлейді екен. Біз сыртта жү­ріп осында тіл үйренеміз бе деп келсек, мұндағы ағайындар өз ана тілін менсінбей жүр. Отар­лаушы елдер сол елдің тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін құр­ту үшін ана тілінен айыра­ды екен. Осыған жүрегім қат­ты ауыр­ды. Ағайындар-ау, ұлт­тық қа­сие­тімізді жоғалтып алмайық­шы»...

Осылай деп те жанайқайын салған. Жастар ұқпады емес, көп­­­шілігі ұқты. Мұстафадай да­­ра қазақ, бодандықтың қамы­тын ғасырлап киген ұлттың бо­йын­­дағы көнбістіктің, құлдық психологияның шынжырын бырт-бырт үзді. Жалындап, ұлт үшін өзегін суырып беруге дайын Мұс­­тафа нағыз қайрақ еді ғой.

Сөйткен мұзбалақ Мұстафа да өтті дүниеден.

Істен гөрі қызыл сөзге жақын халықпыз ғой, оның өлімі әлі күнге дейін сан-саққа жүгіртіліп ке­леді. Кінәлілер болса Алла жа­засын берер, бірақ оған біреу қастық қылатындай ешкімге жазығы жоқ оғлан еді.

Мұстафаның келуінен қазақ елінде корей өнері шырқау биік­ке көтерілді. Қазақстан чем­пио­наттарын тамашалауға құ­рым көпшілік келіп, финалдық жек­пе-жектер үлкен мерекедей өтетін. Талай мықты жігіттердің то­мағасы сыпырылды.

Сол жылдары Алматы, Жам­был, Шымкенттің шоқтығы биік болса, Батыс өңір қатысқанына шүкіршілік айтар еді. Бүгінде олимпия ойындарының алғаш­қы жүлдегері Арман Шыл­ма­нов­ты берген Атырауда таэк­­­вон­доның негізін менің до­­сым Қа­бибек Мұ­хитов қала­ға­­нын айтпасақ, тарих алдында кү­нәға қалармыз.

Қазақстан чемпионаттарында сәтсіз өнер көрсеткен Атырау құра­масын ел жарыстарына әкел­мей Қабибек көршілес Ресей облыстарының құрамаларымен бірге жаттықтырды, жарысқа салды. Арада екі-үш жыл өткен соң Қабибектің шарболаттай жігіт­тері әр салмақ бойынша еш­кімге есе жібермейтіндей өршіл болып айқасты.

Дәл қазір таэквондо спортын­да Мұстафаның келген ке­зін­дегідей жарқыл жоқ. Өйткені баяғыда бір жұдырықтай болып жүретін жампоз жігіттер уақыт ағынының ырқымен кетті.

Ұлы Абайдың «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» ғибраты қазақ таэквондосының басында тұр. Ал Мұстафаның көзі тірісінде құраманы баптаған Сұлтан Шоқпытов таэквондо­дан қол үзді. Ол да өкінішті. «Ор­нында бар оңалар» деген. Біз Мұстафаның кезіндегі ата­ғы шыққан таэквондо спортын сағы­нып жүрміз.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы