Соңғы үш жылда мемлекеттік даму институттары жаңа өндіріс орындарын ашуда шешуші рөл атқарып келеді. 2022 жылдан бері жеңілдетілген несие арқылы 116 жоба қаржыландырылып, бұл мақсатқа 500 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы бағытталған. Нарықтан тартылған қаражатпен араластыра отырып, жалпы қолдау көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
– Бұл қолдау нақты нәтиже беріп отыр. Радиаторлар, автокомпоненттер, шұлық бұйымдары, лак-бояу өнімдері, геосинтетикалық материалдар өндірісі жүйелі түрде іске қосылған. Бұл – импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған индустриялық саясаттың айқын көрінісі, – дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Өңдеуші өнеркәсіптің негізгі мәселесі – шикізатқа қолжетімділік. Министр айтқандай, ірі өндірушілер енді алдымен ішкі нарықты толық қамтып барып қана экспортқа лицензия ала алады. Бұл механизм қазір мыс, алюминий, мырыш металдарына қолданылып отыр.
Жеңілдіктер деңгейі өңдеу тереңдігіне қарай, дайын өнімге – 5%, аралық өнімге 1% белгіленеді. Механизм енгізілгелі 30 келісім жасалды. Жыл соңына дейін мыс – 40%-ға, алюминий – 20%-ға, мырыш өңдеу – 25%-ға артады деп жоспарланып отыр. Бұл – елімізді тек шикізат экспорттаушы ел ретіндегі бейнесінен арылтып, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін күшейтудің байыпты қадамы.
Қазір елімізде индустриялық инфрақұрылымды дамыту қарқынды жүріп жатыр. 16 арнайы экономикалық аймақта 10,4 трлн теңге инвестиция шоғырланған. 66 индустриялық аймақта құны 1,6 трлн теңге болатын 305 жоба жүзеге асырылған. Бұған қоса шағын және орта бизнеске арналған өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесі кеңейіп келеді.
Қазір 34 шағын аймақтың 25-інде 44 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Ведомство алдағы уақытта индустриялық аймақтарды басқарудың жаңа тетіктерін енгізіп, инфрақұрылымды әртараптандырылған қаржыландыру арқылы дамытуды жоспарлап отыр. Бұл – өңірлерде жаңа өндіріс орындарының ашылуына әрі кәсіпкерліктің серпінді дамуына мүмкіндік тудырады.
Кейінгі жылдары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесінде отандық өндірушілерді қолдау бағыты күшейе түсті. Мемлекеттік сатып алуда отандық өнімдер тізімі 485 позицияға дейін кеңейтілді. Нәтижесінде, отандық өндірушілермен келісімшарттар көлемі 1,5 есеге өсіп, 418 млрд теңгеге жетті.
«Самұрық-Қазына» қоры сатып алуларында ұзақмерзімді шарттар бойынша басымдық тетігі күшейтілген. Он айда отандық компаниялармен 1,3 трлн теңгеге оффтейк пен ұзақмерзімді келісімдер жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге көп.
Жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты 1 шілдеден бастап биржа арқылы стандартталмаған тауарлар сатып алу тоқтатылды. Сатып алу платформасы – Tizilim жаңғыртылып, отандық өндірушілердің қатысуына қолайлы жағдай жасалды.
Осында келтірілген деректер еліміздің өнеркәсіптік дамуды жаңа деңгейге шығаруға бағытталғанын көрсетеді. Негізгі басымдықтар айқын – жаңа өндірістерді қаржыландыру, шикізатқа қолжетімділік пен өңдеу тереңдігін арттыру, аймақтарда индустриялық инфрақұрылымды күшейту, сатып алуларда отандық кәсіпорындарға басымдық беру.
Бұл шаралар ел экономикасының тұрақтылығын күшейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашады, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттырады әрі еліміздің өнеркәсіптік тәуелсіздігін нығайтады.