Қоғам • Бүгін, 09:18

Еңбек қауіпсіздігіне талап күшейді

9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек жағдайын жақсарту мен өндіріс орындарындағы апаттардың алдын алу мәселесі талқыланды. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сондай-ақ ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Еңбек қауіпсіздігіне талап күшейді

Премьер-министр өз сөзін­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс орындарын­дағы жағдайды жақсарту мен жұмыс­керлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне баса назар аударатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы сәуір айында Қауіпсіз еңбек жағ­дай­ларын жетілдіру және жұмыс­керлердің еңбек құқықтарын қор­ғау мәселелері туралы Заңға қол қойды. Еңбек заңна­масын­дағы қолданыстағы нормалар жаңартылып жатыр. Осы шара­лардың барлығы еңбек қауіпсіздігі саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруге, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған», деді Олжас Бектенов.

Төтенше жағдайлар министр­лігінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері 570 кәсіпорында тексеру жүргізіліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 10,4 мыңнан астам бұзушылығы анық­талған. Әкімшілік жауап­кершілікке 523 лауазымды тұлға тартылып, салынған айыппұлдың жалпы мөлшері 62,9 млн теңгені құрады. 7 субъектінің қызметі,  695 объект пен техникалық құрылғыны пайдалану тоқтатылды. Қауіпті өндірістік нысандарда жыл басынан бері 12 апат тіркелген, оның салдарынан 5 қызметкер қаза тауып, 6 адам жарақат алған.

Премьер-министр жұмыс беру­шілер кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін одан әрі қамта­масыз етуге тиісті шараларды қабыл­дауы қажет екенін баса айтты. Осыған байланысты Еңбек ми­нистрлігі өндірістік жарақат алу көрсеткішінде барлық ірі кәсіпорындардың басшылары үшін KPI енгізуі қажет. Оның орындалмай қалуы басшылықтың жалақысы мен жалпы жұмыста қалуына тікелей әсер етеді.

Бұл ретте еліміздің жекелеген кәсіпорындарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі деңгейінде белгілі бір тәуекелдер бар. Олардың дені тозығы жеткен жабдықтарды уақтылы алмастырмау, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, заманауи қауіпсіздік жүйелерінің болмауына байланысты болып отыр.  Еңбек министрлігінің Еңбек тәуекелдері картасына барлық өндірістік кәсіпорындар, оның ішінде қауіпсіздік пен еңбекті қорғау параметрлері енгізілген. Алайда бұзушылықтар кәсіпорындарда ғана емес, сондай-ақ құрылыс нысандарында, қоғамдық тамақтану орындарында да болуы мүмкін.

Сондай-ақ профилактикалық жұмысты күшейту мен шағын және орта бизнес саласындағы қауіп­сіздік талаптарының сақ­талуын бақылауға баса назар аударылды. Мұндай нысандарда тіпті әрбір жұмыскердің орналасқан жерін көрсететін жүйелер де бар.

 Еңбекті қауіпсіз ету мақсатында Премьер-министр бірқатар тапсырма берді. Ең алдымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілеттігін кеңейту туралы заңнамалық өзгеріс­тер әзірлеу тапсырылды. Үкімет тұрғын үйлердің ішінде немесе оларға жапсарлас орналас­қан қоғамдық тамақтану орын­дарындағы қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударды. Осы­ған байланысты әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, дәмханалар мен мейрамханаларда газ баллондарын сақтау және пайдалану талаптарының сақталуын тексереді. Сонымен қатар өңір әкімдіктеріне жұмыс беру­шілермен бірлесіп ұжымдық шарттар жасау жұмысын жандандыру тапсырылды. Бұған қоса құрылыс, қызмет көрсету және өзге де тәуекелі жоғары салаларда еңбек ететін азаматтарды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шараларын күшейту көзделіп отыр. Өнеркәсіп нысандарындағы бақылауды күшейту де басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Премьер-министр Мемлекет басшысы өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мен еңбекті қорғау саласын толық цифрландыру міндетін қойғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

«Кәсіптік тәуекелдерді азайту­ға, өндірістік қауіпсіздік мәде­ниетін нығайтуға әрі цифрлық шешім­дерді енгізуге баса назар аударылуға тиіс. Қорыта айтқанда, еңбек­ті қорғау саласындағы жұ­мыс­ты күшейтіп, аталған мәселені тұрақты бақылауда ұстау қажет», деді О.Бектенов.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өндірістегі апаттар мен адам шығынын азайту бағытындағы істерге тоқталды. Оның айтуынша, кейінгі жылдары қауіпті өндіріс орындарын­да бақылау күшейтіліп, кәсіп­орын­дардың жауапкершілігі артқан. Соның нәтижесінде өнді­рістегі адам өлімі 2,5 есе аза­йып, жарақат алу көрсеткіші 25 пайызға төмендеген. Алайда саладағы түйткілдер толық шешілді деуге әлі ерте. Биылғы бес айдың өзінде бақылаудағы кәсіпорындарда 43 оқиға мен 13 өндірістік авария тіркелген. Оның ішінде 10 дерек аясындағы тергеу аяқ­талса, «Востокцветмет» шах­тасы мен «Қазмырыш» кәсіп­орнын­дағы ірі апаттардың мән-жайы әлі анық­талып жатыр. Алдын ала мәліметке сүйенсек, шахта­дағы қайғылы жағдайға тау-кен жұмы­сын жүргізу кезін­де қауіп­сіздік талаптарының сақтал­мауы себеп болған. Ал зауыттағы жарылыс технологиялық үдерістің бұзылуына байланысты болуы мүмкін.

«Тексерулер барысында бір­қатар кәсіпорында тозған жабдықты уақытында ауыстырмау, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, техникалық құжаттардың талапқа сай болмауы секілді заң бұзушылықтар анықталған. Осыған байланыс­ты биыл өндірістік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа тетігі енгізіліп, барлық кәсіпорынды қамтитын қадағалау жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде, тексерулер саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артып, 10 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған 600-ден астам өндірістік нысан мен техникалық құрылғының жұмысы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар 523 жауапты қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұл көлемі 62 млн теңгеге дейін жеткен», деді Төтенше жағдайлар министрі.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, өндірістегі қауіпсіздік мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бүгінде елімізде зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайында 479 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның 61 пайызы өнеркәсіп саласында еңбек етеді. Министр өндірістік жарақаттарды жасыру фактілері жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуына кері әсер ететінін атап өтті.

«Адам капиталы – кез келген кәсіпорынның ең басты байлығы. Сондықтан еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек заң талабы емес, жұмыс берушінің тікелей жауап­кершілігі болуға тиіс. Қазір біз еңбек қатынастарының ашық­тығын арттыруға, өндірістік жарақат­тарды жасыру деректерінің алдын алуға және қызметкерлерді әлеуметтік-еңбек кепілдіктерімен толық қамтуға басымдық беріп отыр­мыз. Кейінгі уақытта жүргі­зіл­ген бақылау мен алдын алу шара­ларының нәтижесінде өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 4,5 пайызға, ал адам өліміне әкелген жағдайлар 7,9 пайызға азайды. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты әлсіретуге болмайды. Біз цифрлық бақылау жүйелерін кеңейтіп, еңбек тәуекелдерін ерте анықтау тетіктерін жетілдіру арқылы әрбір жұмыскер үшін қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруды жалғастырамыз», деді министр.

Бүгінде «HR Enbek» жүйесінде 6,7 млн еңбек шарты тіркелген. Сонымен қатар еңбек тәуекелдері картасы арқылы 98 мың кәсіпорын­ның әлеуметтік-еңбек ахуалына мониторинг жүргізіліп отыр. Бұл еңбек заңнамасын бұзу белгілерін ерте анықтауға және еңбек жан­жалдарының алдын алуға мүмкін­дік береді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өнді­ріс орындарындағы қауіпсіздік­ті күшейту, апаттардың алдын алу бағытындағы үдеріске тоқталды. Был­тыр Төтенше жағдайлар министр­лігімен бірлесіп, өнеркә­сіп­тік қауіпсіздік жүйелерін жаң­ғыртуға инвестиция тарту жоспары қабылданып, оның аясында 55 шахта мен кен орны тексерілген. Нәтижесінде, бірқатар кәсіпорында персоналды іздеу және позициялау жүйелерінің жоқ екені анықталып, қауіпсіздік жабдықтарын жаңарту қажеттігі белгілі болды.

«Өндірістегі қауіпсіздік мәселесі ең алдымен адам өміріне байланыс­ты. Сондықтан кәсіпорындарды техникалық тұрғыдан жаңғыртуға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен металлургия саласында жаңғыртуды қажет ететін 50 ірі кәсіпорын айқындалды. Осы кәсіпорындардың жұмысын бақылау үшін арнайы техникалық қайта жарақтандыру картасы әзір­ленді. Бағдарлама іске асқалы бері өндірісті жаңғырту мен техни­ка­лық қайта жарақтандыруға 550 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Бүгінде ERG, «Қазақмыс» және Qarmet кәсіпорындарында жасанды интеллект, бейнеаналитика, персоналды позициялау және қашықтан басқару жүйелері енгізіліп жатыр. Мұндай технологиялар өндірістегі тәуекелдерді азайтып, апаттар мен жазата­йым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді», деді министр.

Жалпы, үйлестіру Премьер-министр­дің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.

Соңғы жаңалықтар

Дәрігер тапшылығы байқалады

Медицина • Бүгін, 09:10

Гонконгпен байланыс беки түсті

Экономика • Бүгін, 09:05