Спорт • Бүгін, 09:15

Боччадан халықаралық турнирдің ашылу рәсімі өтті

5 мин
оқу үшін

Астанада алғаш рет «Astana 2026 World Boccia Cup» боччадан халықаралық беделді турнир өтіп жатыр. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде жалауы желбіреген жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев қатысты.

Боччадан халықаралық турнирдің ашылу рәсімі өтті

Мәулен Әшімбаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде сайысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстанда инклюзивті қоғам құру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Канада, Қытай, Ұлы­бри­тания, Франция, Португалия, Оңтүстік Корея, Бразилия және басқа да мем­лекет­тердің өкілдері бақ сынайтын халықаралық доданың ауқымы кең екеніне назар аударды. Іс-шарада осындай деңгейдегі жарыстың Қазақ­станда өтуі елде паралимпиадалық қоз­ға­лысты дамыту және әр азаматқа тең мүм­кіндік жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі екені де айтылды.

«Astana 2026 World Boccia Cup» турнирі Қазақстан Бочча федерациясымен қатар еліміздегі паралимпиадалық қозғалыс үшін де маңызды оқиға. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде параспортты дамытуға және барша азаматқа тең мүмкіндік жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Параспортшылардың жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына және өз әлеуетін толық жүзеге асыруына қажетті жағдай жасалып келеді. Астанада спорттық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын біріктірген еліміздегі алғашқы бірегей Инклюзивті спорт орталығының ашылуы соның жарқын көрінісі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елордадағы бұл тәжірибе Қазақстанның басқа өңірлерінде де кезең-кезеңімен іске асырылады», деп, Мәулен Әшімбаев Халықаралық бочча федерация­сына және турнирдің Қазақстанда өтуіне атсалысқан серіктестерге алғыс білдірді.

Бочча Қазақстанда жай ғана спорт емес. Ол бүгінде мыңдаған мүмкіндігі шектеулі азамат пен олардың отбасылары үшін әлеу­мет­тік интеграция мен оңалтудың маңыз­ды тетігіне айналды. Осы ретте боччадан Қазақстан ұлттық құрамасында қазір елуге жуық параспортшы өнер көрсететінін атап өткен жөн. Жарыстың ашылу рәсімінде кейінгі жылдары Қазақстан Бочча федера­циясы жаттықтырушылар, параатлеттер, олардың ата-аналары, сондай-ақ, еріктілер­мен бірге бұл спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарғанына да мән берілді.

«Бочча – ерекше спорт түрі. Ол ерік-жігер мен асқақ рух, табандылық пен қайсар мінез арқылы кез келген қиындықты еңсеруге болатынын дәріптейді. Бүгін жарыс алаңына шығатын әр спортшы – батылдықтың, төзімділіктің және өзіне деген сенімнің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Астанада әлем кубогі үшін жарыстың өтуі Қазақстанда боччаның одан әрі дамуына тың серпін беретіні анық», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар боччаны заманауи өнер арқылы кеңінен насихаттау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Бұл ретте көрерменнің ықыласына бөленіп, шетелдік әріптестердің жоғары бағасына ие болған «Ерекше» көркем фильмі әңгімеге арқау болды.

Айта кетейік, «Astana 2026 World Boccia Cup» халықаралық турнирі 2026 жылғы 1-9 маусым аралығында өтеді. Әлем кубогінің бұл кезеңі ресми рейтингтік жарыстар жүйесіндегі бәсеке және алдағы Лос-Анджелес Паралимпиадасына жолдама беретін маңызды іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.

Өз алаңымызда өтетін дүбірлі додада Қазақстан намысын 10 спортшы қорғайды. Олардың үшеуі қозғалыс мүмкіндігі аса шек­теулі BC3 санатындағы спортшылар. Олар арнайы рампа арқылы допты бағыттап, жарыс барысында ассистенттердің көмегіне сүйенеді. Жарыстар жекелей, жұптық және командалық сындар бойынша өткізіледі.

Қазақстандық параспортшыларды даярлау және оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Португалиядан тәжірибелі бапкер Роберто Матеуш шақырылғанын да атап өткен жөн. Мамандар құрамына қосылған жат­тықтырушы халықаралық жарыс қар­саңында команданың техника­лық және тактикалық дайындығын жетілдіруге басымдық беріп, тиісті жұмыс жүр­гізді. Жалпы, аталған турнир Қазақстан Респуб­ликасы Туризм және спорт министрлігінің және серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Халық­ара­лық бочча федерациясының прези­денті Джон Морганмен кездесті. Тарап­тар пара­лим­пиадалық спорттың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, Қазақстанда бочча спортын кеңінен наси­хаттау мәселелерін, осы бағыттағы халық­аралық ынтымақтастықты нығайту жол­дарын, сондай-ақ, спортшылар мен жаттық­тырушыларды ірі халықаралық жарыстарға даярлау ісін қолдау тетіктерін талқылады.

Кездесу барысында Джон Морган Қазақстанның халықаралық серіктестікке ашық әрі сындарлы ұстанымына жоғары баға беріп, халықаралық федерация инклюзивті қоғам құруға бағытталған бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

Дәрігер тапшылығы байқалады

Медицина • Бүгін, 09:10

Гонконгпен байланыс беки түсті

Экономика • Бүгін, 09:05