Кез келген қала өзінің келбетін өзгеше әсемдігімен әспеттей түсетіні белгілі. Айталық, ару қала Алматыны тілге тиек етсек, көзімізге асқарлы Алатау, әйгілі Көктөбе елестейді. Алып шаһарға барып тұрып, Медеуге көтерілмеу мүмкін емес. Сол сияқты елорда тұрғындары мен қала қонақтарының демалуына арналған әдемі жерлердің бірі – Есіл жағалауы. Бас қалаға ат шалдырған мейман өзен бойымен жылжып, Астананың заманауи ғимараттарын су үстінен тамашалауды дәстүрге айналдырған. Кенесары хан ескерткішінің түбінен қозғалған кеме шаһардың сән-салтанатын бір сағат бойы көз алдыңа көлденең тартады. Ақорданың ақ шаңқан ғимаратына дейін баратын бағытта Есілдің сиқырлы да сырлы толқындары тербеп, елорданың еңселі сипатына ерісіз таңдай қағасың! Астанамыздың 20 жылдығына орай «Есіл-Астана» мемлекеттік кәсіпорынының кемелеріне біз де отырып көрдік.
Елорданың туристеріне тамаша көріністер ұсыну, тартымдылығын арттырып, қаланың ішкі-сыртқы сипатын сұлуландыра түсу мақсатынан туындаған «Есіл Астана» саяхаты бүгінде үлкен сұранысқа ие. Есілде кеме жүргізу жобасы о баста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясынан туды. Мемлекет басшысы әр кезде елорданың таза және сәулетті болғанын қадағалап отырады.
Президент Н.Назарбаев «Астананың бет-бейнесі оның таза, тұрғындар үшін ыңғайлы да көркем қала болуында. Мысалы, қаламызға қонаққа келген мейманды әуежайдан, поездан күтіп, құрмет көрсетудің өзінен елорданың бет-бейнесі көрінеді. Біз Алматыны осы қалаға көшіргенде, сол қаланың тұрғындары қалай қарады? Біз оларға бейне бір ауылдық елді мекен іспетті көріндік. Мен мұның барлығын неге айтып отырмын? Біз үкіметпен бірге Астанамыздың 20 жылдығына қонақтар үшін, өзіміз үшін көрсеткіші жоғары көрікті қала болуы үшін біраз қызмет атқардық» деген болатын.
Осыдан он жыл бұрын алғашқы кемелерін Есілге түсірген Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты «Есіл-Астана» мемлекеттік кәсіпорны бүгінде қонақ жай орталыққа айналған. Кеме жүре бастаған алғашқы кездері жұртшылыққа 6 жолаушылар кемесі серуендік-экскурсиялық қызмет көрсетіп келсе, мекеме бүгінде кеме санын 13-ке жеткізді. «Есіл-Астана» директоры Қанат Алин атап өткендей, биыл астаналықтар мен қала меймандарын өзенде серуендету үшін жолаушы кемелерінен бөлек, техникалық флот, құтқарушы кемелер, жабдықталған кемелер, балшық сорғыш кемелер, баржалар жұмыс істеуде.
«Елордамыздың байырғы тұрғындары Есіл өзенінде бұрын кемелер болмағанын біледі. Біздің ешқайсымыз да оны теплоходпен аралау мүмкіндігі туатынын тіпті ойламадық. 2008 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша «Кеме жүзетін Есіл» жобасы іске асырыла бастады. Астанамызда алғашқы өзен кемелері пайда болды. Ал 2015 жылы өзен ресми түрде республикамыздағы кеме жүзетін су жолдарының тізіміне енді», дейді мекеме басшысы.
Бастапқыда кеме жүретін учаскенің ұзындығы 6 шақырымды құраса, Астана аумағының ұлғаюына байланысты маршрут 18,5 шақырымға өскен. Бүгінде Есіл өзенінде жолаушылар кемесінен бөлек, сүйреткіш кеме, құтқару кемесі және моторлы қайықтар да жүреді. Кемелер сағат күндізгі 12.00-ден бастап мен кешкі 21.00 аралығында жұмыс істейді. Тарифтер 2014 жылдан бастап еш өзгеріссіз. Ересектер үшін билет құны – 1000 теңгені, балалар үшін 500 теңгені құрайды. Сонымен қатар бұл маусымда да, былтырғы сияқты қала тұрғындары мен қонақтары түнгі уақытта кемемен қыдыра алатындығын айта кеткен жөн.
«Кемелердің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету үшін жыл сайын түрлі шаралар атқарылады. Мәселен, навигация белгілері орнатылып, қосалқы мердігер ұйымдардың күшімен іздестіру және арнаны тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Бұл қызметпен тек «Есіл-Астана» мемлекеттік кәсіпорны айналысады. Қызметкерлердің кәсіби деңгейі жоғары. Басқару аппараты қызметкерлерінің түгелге жуығы – жоғары білімді мамандар. Жалпы маман-
дардың бәрінде орташа техникалық білімі мен еңбек өтілі бар. Олардың көбі Есіл өзенінде кеме жүру басталғаннан бері еңбек етуде» дейді кеме капитандарының бірі Ералы Алмас.
Мекеме өкілдері өзен көлігі саласындағы мамандардың тапшылығы қиындық туғызып тұратындығын да жасырмайды. Сондықтан мекеме өзге өңірлермен тығыз байланыс орнатқан. «Кеме тұрағына арналған порт, кеме жөндеу шеберханасы, кемелерді түсіріп және көтеретін кран, өндірістік қызметкерлер үшін жабдықталған үй-жай да күрмеулі мәселелердің бірі. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан кәсіпорын өкілдері алға қойылған міндеттерді мұқият орындап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіз әрі жайлы су көлігімен тасымалдауды парыз санайды», дейді Қ.Алин.
Былтырғы навигациялық кезеңде «Есіл Астана» трафик көлемі жағынан жоспарларын асыра орындады. Ал биылғы көрсеткіш одан екі есеге артуы ғажап емес. Мәселен, былтырғы маусымның қорытындысы бойынша арғы жылғыға қарағанда жолаушылар саны 60 пайызға артып, 35 мың адамды құраған. Мерейтойға орай биылғы көрсеткіш те артуы тиіс.
«Есіл-Астананың» алдағы жоспарлары жұртшылыққа жағымды болғалы тұр. Соның бірі – «Өзен таксиі» жобасы болмақ. Жолаушыларды Есілдің қалалық айдыны аумағында кез келген нүктеге дейін жеткізу әр астаналық үшін күтпеген жаңалық болары сөзсіз. «Сыйымдылығы 30 адамға дейін жететін шағын кемелерді шығаруды жоспарлап отырмыз. Оның әлеуетін қаламыздың маңызды көлік жолы ретінде қолдану қажет. Кеме жүретін су жолдарының сапалылығын арттыру, жолаушыларды тасымалдау көлемін көбейту, елорданың тұрғындары мен қонақтарына туристік бағыттарды ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасау, демалушылардың жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында кеме жүретін учаске полицейлердің үнемі қадағалауында болуы секілді жұмыстар бірте-бірте жүзеге асырылып келеді», дейді Қанат Төлеубекұлы.
Жағалаудағы жарты күндік серуеннен ұққанымыздай, бүгінгі таңда Астананың алдынан дамудың жаңа көкжиегі ашылып келе жатқанына көзіміз жетті. Маңызды міндеттердің бірі саналатын туризмді дамыту барысында Есілде кемемен жүзу туристік тартымды жобаға айналмақ. Есіл өзенін бойлай кемемен жүзу қалаға келген әр қонақтың бағдарламасындағы міндетті бір тармаққа айналатыны даусыз. Біз де осы сапарды жанға жайлы, танымдық және есте қаларлықтай етіп өткізгенімізді жасырмаймыз.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»