Аймақтар • 07 Шілде, 2018

Қостанайда құны 4,5 миллиард теңге тұратын жаңа диірмен кешені іске қосылды

1054 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда Астана күні мерекесі күні «Бест-Костанай» диірмені пайдалануға тапсырылды. Оның ашылу салтанатына  облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, жаңа заманауи кәсіпорынның қатарға қосылуымен құттықтап,  оны Астананың 20 жылдығы мерекесіне зор тарту екенін айтты. Диірмен кешенінің құны 4,5 миллиард теңгеге түсті.

Қостанайда құны 4,5 миллиард теңге тұратын жаңа диірмен кешені іске қосылды

«Астананың 20 жылдық тойы Қазақстанның  даму жолында екенін көрсетеді. Осы мереке құрметіне облыста тағы бір заманауи кәсіпорын қатарға қосылды. Тәулігіне 700 тонна ұн шығаратын «Бест-Костанай»  диірмен кешені елімізде жылдам енгізіліп отырған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының барлық талаптарына жауап береді. Кешенге жұмсалған барлық қаржының 2 миллиард 800 миллион теңгесін тікелей шетел инвесторы салды. Бұл диірмен кешені біздің елдің инвесторлық жағдайының қолайлы екенін де көрсетті. Түрік ағайындар қаржысын ешқандай қауіпсіз сеніммен экономикаға салды», деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.

Диірмен кешенінің ерекшелігі, оны жер жүзінің кез келген нүктесінде отырып басқаруға болады. Барлық жұмыс автоматтандырылған, компьютерлендірілген. Бұл жөнінде осы диірмен кешенінің абсқарма төрағасы Нихат Жан да айтып өтті.

«Мен Америкада отырып та «Бест-Костанай»  диірмен кешенінде бүгін  тәулігіне қанша тонна ұн өндірілгенін біліп отырамын. Өркениет деген осы. Осыдан бірнеше жыл бұрын Швейцарияда өткен көрмеде біз «Дүниедегі ең сапалы ұн» аталымымен медаль алған едік. Ең жақсы ұн Қазақстанда, оның ішінде Қостанайда. Өндірілген өнімнің 95 пайызы экспортталады», дейді инвестор Нихат Жан мырза.

Кәсіпорын директоры Видади Юсубовтың айтуынша, «Бест-Костанай»  компаниясы Қостанайда 2009 жылы алғашқы диірменін ашқанда ол тәулігіне 250 тонна ұн тартатын. Ал бүгінгі  диірмен кешенінің қуаты одан үш еседей артық.  Диірмен кешенінде қазір 70 адамға жұмыс берілген. Алдағы уақытта мұнан да көбейетін болады.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай                        

Суреттер top-news.kz сайтынан алынды