Аймақтар • 09 Шілде, 2018

Орал қаласының тұрғыны велосипедпен төрт күнде 430 шақырым жүрді

549 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласының тұрғыны Амангелді Есенғалиев 430 шақырым жердегі туған жері – Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылына велосипедпен барды. Велошабандоз бұл сапарын Астананың 20 жылдығына арнағанын айтады. 

Орал қаласының тұрғыны велосипедпен төрт күнде 430 шақырым жүрді

Қосдөңгелек көлік мінген 55 жасар Амангелді Есенғалиев Орал қаласынан шілденің 5-і күні таңғы 5-те аттанған екен. 

- Әркім де осы күні «Туған жерге тағзым» деп қолынан келген әрекетін жасап жатыр ғой. Мен де ойланып, әйеліме айттым да, велосипедке мініп, «Күйгенкөл ауылым, қайдасың?!» - деп тартып кеттім. Бұл жоспарымды бөгде адамға да айтпадым, - дейді Амангелді.

Бір қызығы, Амангелдінің мінгені – заманауи жүрдек велосипед емес, қадімгі қарапайым «Урал» екен. «Бес жыл бұрын ұлым Шерханның 15 жасына өзім алып беріп едім. Қазір балам 20-да, велигі – 5-те» деп күледі велошабандоз. Ол тіпті алыс жолға арнайы дайындалып, қамданбапты. «Шынжырын майлап алдым да жүре бердім» дейді бізге.

Кейіпкеріміз алғашқы күні өндіріп жүріп, 160 шақырымды артқа тастапты. Орал мен Чапаев селосының арасындағы Орал-Атырау күре жолы тақтайдай тегіс болғанымен, көлік көп, өте қиын болыпты. Оның үстіне біздің кейбір жүргізушілерде жол жүру мәдениеті төмен ғой. Велосипед мінген әріптесін өзімен тең құқықты жолаушы көрмейтіні бар. Көлігін тақап жүріп, екпінімен жолдан шығарып жіберетін қиямпұрыстарына не дерсің?! Чапаев ауылы тұсынан оңға бұрылып, Жәнібектің жолына түскен соң да қозғалыс саябырсып, емін-еркін жүруге көшіпті. Сөйтіп, алғашқы күні Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылына қарасты бір шаруа қожалығына түнеп шыққан. Екінші күнгі аялдамасы – Жалпақтал ауылы маңында салынып жатқан дәмхана болыпты. Үшінші күн Қазталов ауылындағы туысқанының үйінен сыбаға бұйырған. Төртінші күн дегенде түсқайта сағат 4-тер шамасында ауылға жақындаса, күтіп алушы қалың жұртты көріп, Амангелдінің өзі таң қалыпты.

- Ешкімге айтпап едім, шынымды айтсам, мұндай құрметті күткенім жоқ. Ауылдың аты жазылған қақпа алдынан мектеп шәкірттерін, өзімнің сынып жетекшім, бүгінде ардагер ұстаз Жеміс апай Бисенованы көріп, қайран қалдым. «Астана – 20 жыл» деген жазуды көтерген ауылдастарым бауырсақ пен ақ ұсынып, құшақ жая қарсы алды, - дейді Амангелді Есенғалиев.

«Амантай мектепте оқып жүрген кезінен елгезек, айналасына үнемі қамқор болып жүретін шәкіртіміз еді. Міне, есейіп, егде тартқан шағында туған ауылына жасаған тартуы назар аударуға тұрарлық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жастардың бойында туған жерге құрмет сезімін қалыптастыру туралы айтылған ғой. Амантайдың бұл қадамы да кейінгі жас буынға үлгі-өнеге болады деп сенеміз» дейді жігіт ағасы болған шәкіртінің ерлігіне тәнті болған ұстазы Жеміс апай Бисенова.

Осы Күйгенкөл ауылында туып өскен Амангелді туған жерінен 1987 жылы көшкен екен. Бұрын байланыс торабында қызмет еткен кейіпкеріміз облыс орталығында түрлі қызмет атқарған. Соңғы бес жылдан бері Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінде аула сыпырушы болып істейді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жігіт ағасы әлі күнге дейін туған жері алдындағы перзенттік парызын ұмытпай жүреді. 

- Шынымды айтсам, велосеруен – күнделікті кәсібім де емес. Жұмысым үйімнің жанында. Бірақ туып-өскен жеріме велосипедпен барсам деген ой көптен бері мазалап жүр еді. Осы сапарға бел буған соң бір айдай қала ішінде велосипед тептім. Бірақ күніне он шақырымнан асып жүріп көрмеппін. Ең алыс жорығым – осы туған ауылға сапарым болды. Туған жер адамға күш-қуат бере ме деймін, тіпті шаршамай, құстай ұшып жеттім ғой, - дейді бізге кейіпкеріміз телефон арқылы.

Бір қызығы, төрт күндік сапарында Амангелді Есенғалиев ешқандай көлденең бейнет көрмепті. Дөңгелегі жарылмай, көлігі сынбай, еш жерге іркілмеген. Денсаулығы да сыр бермеген. «Туғалы қолыма темекі ұстап көргенім жоқ, алыс жолда алқынбағаным содан шығар» дейді салауатты өмір салтын өзі де ұстанып, өзгеге де үлгі етіп жүрген азамат.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы