Аймақтар • 10 Шілде, 2018

Күй құрметіне арналған ескерткіш

2508 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ аруының сұлулығын, кербез қылығын, бір сөзбен айтқанда тұтас бекзат болмысын қос ішектің күмбіріне сыйдырған «Ерке сылқым» күйі қырық жылдан бері қазақты күймен тербетіп келеді. Қазақ күй өнерінде айрықша биікке көтерілген «Ерке сылқым» күйі тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, тылсым әлемге тартқан туынды. Ал күй авторы Әбдімомын Желдібаев Шу ауданының тумасы, бұл күнде сол өңірде тұрады. Қазақ күй өнеріне сіңірген еңбегі үшін күйші «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Күй құрметіне арналған ескерткіш

Атақты күйдің тарихын білу, оны мәңгі есте сақтау мақсатында осыдан жеті жыл бұрын Шу қаласындағы күре жолдың бойына «Ерке сылқым» ескерткіші орнатылған болатын. Күй кейіпкері – қазақ аруының бейнесі сомдалған ескерткіш күй өнеріне тұрғызылған ғажайып белгі. Кезінде бұл бастамаға қолдау білдірген Парламент Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев екен. Жамбыл өңірінде қазақ өнеріне тұрғызылған ескерткіш әлі күнге дейін көптің қызығушылығын туындатып, халықтың бас қосатын рухани орталығына айналған. 

Жалпы, халықтың біртуар тұлғаларына тұрғызылған ескерткіштерден бөлек, ұлттың әдебиеті мен мәде­ниетіне арналған ескерткіштер елімізде санаулы. Мәселен, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне арналған ескерт­кіш еліміздегі сәулетті нысанның бірінен саналады. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы