Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Өз-ағамның өрендері

83 реткөрсетілді

Қонысымыз қала шетінде. Бастапқы бес-алты жыл қоңсысыз тұрдық. Орталықтан шалғай болған соң ешкім қызықпаған да шығар. Биыл көктемде дәл іргемізден жер телімін алған көзтаныс бір азамат үй салмаққа ниет еткен.

Әуелі қолынан іс келеді-ау деген өз ауылының құрылысшы жігіттерін әкелді. Әлгілер бір апта жүрді ме, жоқ па, ат басын ауылға қайыра бұрған. Кейін тағы бір бригада келді. Ылғи қазақтар. Олар да бір аптаға жетер-жетпес уақыт іргетас құятын ор қазды. Толық аяқтаған жоқ. Басын бастады да, қайтып қарасын көрсетпеді. Бір ыңғайы келгенде көршімен тілдескенбіз.

– Қой, бүйткен құрылысшылары бар болсын, күн сайын сұранады да тұрады. Пәленшенің тойы, түген­шенің жабдығы деп. Қолына күрек ұстамай жатып «ақша төлемейсің бе?» деп ажыраяды, – дейді ол. 

Өкінішін түсінгенбіз, уақыт өтіп барады. Қара күзге дейін төбесін қалқайтып алса, ішкі жұмыс­тарын кейін-ақ жасай береді ғой. 

Арада үш-төрт күн өткен соң жаңа құрылыс орнында жыпырлап жүрген жап-жас жігіттерді көрдік. Өз­бектің бозбалалары екен. Мұндай еңбекқор болар ма, бозала таңнан қашан көз байланғанша бел жаз­­байды. Өздері тіпті жарытып ас та ішпейді-ау деймін. 

Елден үлкен ағайдың баласы келген. Өзінің айтуына қарағанда, қаладан ыңғайлы жұмыс қарамақ. Ағамның үйінде бала басы баршылық. Сабаудай жетеуі отыр. Жетеудің біреуі ғана шаңырақ көтерген, қалғандары салт басты, сабау қамшылы. Бұл келгені – ортаншысы. Біздің тұқым сүйекті ғой, отызды орталап қалған інім қозықарын байлапты, екі иығына екі кісі мінгендей, жауырыны қақпақтай. 

Ошарылып он күн жатты. Жұмыс таптың ба деп, жеңгесі сұрай қалса, қабағын кіржің еткізе түседі. Қайтып сұраған жоқпыз, біртүрлі ұят. 

Өз-ағамның өрендері  таң атпай құмырсқа тірші­лікке кірі­седі. Құрылыс болған соң қауырт тірлік­тің үні де шық­пай тұра ма, іргедегі қаңғыр-күңгір­ге еті­міз үйрене бас­тады. Үйрене алмаған әлгі ауылдан келген ініміз. Түс ауған­ша ұйықтап үйрен­ген пақыр төсегінде жата алмай жүр.  

Әлгі құрылысшылар айналдырған он күннің ішінде үйдің іргетасын құйып, қабырғасын да көтеріп тастады. Кірпіштен қаланатын қабырғаны көте­ру оп-оңай екен ғой. Кірпіші үлкен болған соң, ісі де өнімді. Қазір шатырын жауып жатыр. Үй иесі жер қазатын трактор, зат көтеретін кран сұрамайды екен деп мақтап қояды. 

Інім кеше ауылға аттанды. Өзбек балаларының тыным білмес тіршілігі төсегінде тыныш жатқызбады-ау деймін. Өкініштісі, өнегесін үйренген жоқ, өкпелеп кетті.

Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар