17 Желтоқсан, 2011

Қарттарға қамқорлық деп осыны айт

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шемонайха ауданын кесіп өтетін Уба өзенінің жағасында Выдериха деген ауыл бар. Бұл ауылдың аты заманында су тышқаны тектес выдера деген аңның құрметіне қойылған көрінеді. Терісі бағалы бұл аң бүгінде, өкінішке қарай, құрып бітуге жақындап қалыпты. Міне, осы ауыл ішінде бұдан 35 жылдан астам уақыт бұрын облыс колхоздарының кооперациялық қаржысы есебінен «Уба» деп аталатын санаторий салынған екен. Содан бұл емдеу орны ширек ғасыр бойы дүркіреп жұмыс істеп тұрған. Алайда, кезінде мызғымастай көрінген сол алып империя ыдырап тынып, балапан басына, тұрымтай тұсына дейтін қысылшаң кезде әлгі санаторийіміз жабылып қалған. Әйтеуір, дес бергенде осыдан он жыл бұрын Елбасымыздың соғыс және тыл ардагерлеріне, жалпы мүгедек жандарға, зейнеткерлерге қамқорлықты күшейту жөніндегі Жарлығына орай арнайы бағдарлама жасалады. Соған орай «Уба» санаторийі 2003 жылдан бастап жоғарыда аталған жандарға арнал­ған мемлекеттік мекеме болып қайтадан ашылыпты. Қазірде мұнда бір маусымда жүз кісі емделіп, тынығатын болса, жыл ішіндегі емделушілердің жалпы саны екі мыңға жуық көрінеді. Бұл санаторийде қайтадан ашылғаннан бергі жерде 13 мыңға жуық адам өз денсаулығын түзеп емделгенін естіп білдік. Міне, тынығушыларға жетпістен астам адам мінсіз қызмет көрсе­те­тін санаторийдің директоры Мұратбек Айылбаевпен әңгімелесіп отырмыз. Мұратбек Данелұлы кезінде ауған соғысы­на қатысып, үлкен өмір жолынан өткен азамат екен. – Қазір еліміздегі сана­торий­лердің бәрі ақылы болса, бізде бәрі тегін деді ол. Бұл мемлекет тарапынан қарттарға жасалып отырған үлкен қамқор­лық. Бұ­йырса, сол қамқорлық алда да өз жалғасын табайын деп отыр. Яғни, биылғы жылы қосымша тағы да жүз орындық төрт қабатты ғимарат құрылысына кіріспекпіз. Оның құрылысына деп облыс­тық бюджеттен 370 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл ғи­ма­ратты алдағы екі жыл ішінде қатарға қоссақ дейміз. Сөйтіп, екі жылдан соң бір маусымда екі жүз адамға қызмет көрсететін боламыз. Біз «Уба» санаторийінің тізгінін қолына алғанына екінші жылға енді ғана қадам басқан іскер басшының мақсаты айқын, бағыты түзу екендігіне сүйсіндік. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы.