Руханият • 13 Шілде, 2018

Қазақтың қайсар қызы Күләш Кенжебайқызы

876 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқы­мыз. Елі­не еңбегі сіңген елеулі адам­дар­дың өмірі жайлы мәліметтерді көп­шілік назарына ұсыну, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіне игі әсерін ти­гізері ақиқат. 

Қазақтың қайсар қызы Күләш Кенжебайқызы

Өйткені сөзі де, ісі де жайсаң жандардың өмір жолы өсер елдің баласына өнеге болары хақ. Уақыт тамырын дөп басқан, ең­бекшілдігімен елім дегенде еселенген қажыр-қайратының арқа­сында елеулі жетістіктерге қол жет­кізіп, есімдері елге танылған адам­дар жайлы, олардың қоғам дамуындағы орны туралы ой толғаудың бүгінгі таңда маңызы айрықша зор.

Дегенмен де, атақ даңқы бәлендей болмаса да, қоғамға тигізген пайдасы айтарлықтай адамдарды елемей, көлеңкеде қалдырып жатамыз. Осындай мақтауға да, жақтауға да әбден тұратын, ақыл-парасаты мол, ұрпағы мен өз ортасына берер тәлім-тәрбиесі зор, бүгінде отбасы ұйытқысы болып отырған Күләш Кенжебайқызы Ақпанова апамыз туралы төл мерекесі «Металлургтер күні» қарсаңында бірер сөз айтқымыз келеді.

Ата-бабаларымыз аңсаған, азат­тық­тың таңы атып, еліміз егемендік ал­ған сонау бір ел үшін оңай да бол­маған жылдары (1997-2005) қай­та біріктірілген Ағадыр, Шет аудандарына басшылық жасау мәртебесі маған тиесілі болды. Еліміздің тау-кен өндірісі саласында елеулі орын­ды иеленіп жүрген Ақшатау кен-байыту комбинаты: Ақшатау, Ақ­жал, Жамбыл, Жоғарғы, Төменгі Қайрақты кен орындарымен осы ауданның аумағында орналасқан болатын. Кезінде бұл алпауыт кәсіпорын аудан бюджетінің басым бөлігін қалыптастырды, өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына зор ықпал етті, сондай-ақ онда ауданның еңбекке жарамды азаматтарының басым бөлігі еңбек етті. Өкінішке қарай, кейін, еліміз экономикасының нарықтық жүйеге бетбұрыс жасаған кезден және бұрынғы одақ көлеміндегі өндірістік байланыстардың үзілуінен бұл кен орындарында күрделі өндірістік, экономикалық дағдарыс көрініс бере бастады.

Мұндай жағдайда қандай өңір басшысы болса да жоғары жаққа үміт артатыны белгілі ғой. Дегенмен, бұған дейін атқарған еңбек тәжірибемнің ықпалы ма, мен бірінші кезекте бұл қиындықтарды шешу жолдарын аталған өндіріс орындары еңбек ардагерлерімен ақылдаса анықтауды жөн көрдім, яғни тап осы кезден Күләш апамыздың еңбек жолымен танысып, ақыл-кеңестерін тыңдап, «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» дегендей, осындай қысылтаяң кезде қарапайым еңбек адамдарының қолдаулары мен сөз көмектерін пайдаландық.

Күләш апамыз ертеде кен өн­ді­­румен айналысқан Өспен ел­ді мекенінде дүниеге келген. Ауы­лын­да С.Сейфуллин атындағы он жыл­­дық мектепті бітіргеннен кейін, от­басы жағдайына байланысты ең­бек­ке ерте араласқан. Бүгінде іш­кі істер саласының ардагері Иса Сей­дахметов ағамызбен отау құр­ған­нан кейін, отағасының қызметі тар­тқан жерге қоныс аударып, Қа­ражал, Жамбыл кен бай­ыту фабрикаларында 22 жыл тір­кеу­ші, конвейер машинисінің кө­мек­шісі, машинисі, кен ұнтақтау це­хында ұнтақтаушы болып еңбек ет­кен. Күләш апамыз қызметін са­палы атқарған, көпшіліктің се­ні­мін иеленген, бірнеше мәрте аудан­дық, облыстық атқарушы ор­ган­дар­дың мақтау грамоталары­мен, ба­ғалы сыйлықтарымен ма­ра­­пат­тал­ған. Суреті құрмет тақ­та­ла­ры­нан тұрақты орын алған, «Ең­бек ардагері» белгісін иеленген.

 Күләш апайымыз өзі туралы былай баяндайды: «Қартайған адам өзінің өткізген өміріне, жастық ша­ғына қайта үңілсе, мүмкін қазіргі ұр­пақ үшін өнегелі жағы бар шығар. Біз, аға буын талай қиындықты бас­тан кештік. Ол уақытта зардаптары аз болмаған Отан соғысының аяқ­талған кезеңі еді. Ата-анамның ау­ру-сырқаулы жағдайына байланыс­ты орта мектепті бітірген соң, ең­бек­ке ерте араластым. Ол кезде, ар­наулы мамандығың болмаса же­ңіл жұмыс табыла қоймайтын. Со­ның бәрі мен үшін өмір мектебі бол­ды. Мен, байыту фабрикасында басқа ұлт өкілдері арасында жал­ғыз қазақ қызы болдым. «Мына қа­зақ қанша шыдар дейсің, кетеді ғой» деген олардың ойларында бар еке­нін, көзқарастарынан сезіп, әрі ұлт­тық намысым жеңіп, әрі жастық қайратым да шығар, бәріне төздім. Бүгінде қазақ халқы көптен аңсаған тәу­ел­сіздікке қол жеткізіп отыр, шү­кір­шілік етеміз. «Елу жылда – ел жаңа» деген осы. Оның ірге та­сы­ның берік болуы ендігі жерде бізд­ің ұлтымызға үлкен сын. Әри­не, оның алғышарты салт-дәс­түрімізді қа­дірлеп, қазақ тілін қо­шеметтеп, дә­ріптеп отыруға байла­нысты. Әр­кімге өзінің кәсіби мерекесі қым­бат. Мен де жыл сайын аталып өтетін «Металлургтер күнін» асыға кү­темін. Қалай десек те, ол жа­лын­да­ған жастық шағыңда өт­кіз­ген жылдарың, бәрінен де құнды болып тұрады ғой» деп металлург апамыз сөзін аяқтады.

Күләш Кенжебайқызын, қалай қай­сар деп атамайсың, ауылдық жер­дегі әйел азаматшаларының еңбе­гін (бейнетін) қаладағы жағдай­мен салыстыруға болмайды ғой, отбасы шаруашылығы күйбің тір­ші­­лігінің өзі неге тұрады? Ал, осын­дай жағдайда ер адамдар да қиын­дық­пен атқаратын, бейнеті мен зей­неті бірдей өндірістік еңбекті қоса ат­қарып, бүгінде 80 жасқа таянып не­мере, шөберелері қызықтарын қызықтап отырған Күләш апайымыз кезінде өңірдегі металлург атанған апайымыздың бірегейі емес пе!

Шынын айтқанда, біздің ұлттық санамызда қыз бала жолы жіңішке, болашақ ана, ұрпақ тәрбиешісі деген түсінікпен аналарды құрметтеп, ауыр еңбек атқаруға лайықты деп есептемеген ғой. Осы тұрғыдан келгенде Кеңес үкіметі саясаты негізінде әйел, ер адам тең құқықты деген ұғыммен Отан соғысында батыр атанған, шаруашылықта ең ауыр К-700 көлігін бағындырған Әлия, Мәншүк, Кәмшат апаларымыз бүгінде ел мақтанышына айналып отыр. Осы орайда менің айтарым, кезінде сонау, шалғай бетпақ далада орналасқан Қаражал, Жамбыл кен орындарының еліміз экономикасына қосқан үлесі ұшан-теңіз болғаны ешкімді де күмән туғызбаса керек, демек оның негізі осы Күләш апамыз сияқты майталман еңбек үлгісін көрсеткен адамдар еңбегінен құралмай ма?!

Сөз соңында Күләш Кенже­бай­қызын ел экономикасында ма­ңыздылығымен ерекшеленетін кә­сі­би мерекесі «Металлургтер күнімен» құттықтаймын, зор денсаулық, отбасына береке, бақыт тілеймін.

 

Кәкімжан САРХАНОВ,

 1998-2005 жылдары Қарағанды облысы Шет ауданы әкімі қызметін атқарған, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы