Аймақтар • 13 Шілде, 2018

Б.Сағынтаев Ақтөбе облысының экономикасын дамыту және өсу резервтері туралы кеңес өткізді

503 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысында Қазақстанның Үшінші жаңғыруын жобалық басқару мәселелері бойынша өңір активімен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

 Б.Сағынтаев Ақтөбе облысының экономикасын дамыту және өсу резервтері туралы кеңес өткізді

Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Үшінші жаңғыртуды» іске асыру бойынша алға қойған міндеттері аясында ел экономикасын трансформациялау мәселелері қаралды, сондай-ақ өңір активінің жаңа жаһандық шынайылық жағдайында экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайларды жасау жұмыстары талқыланды. Атап айтқанда, инвестициялар тарту, экономиканың негізгі салаларын, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, технологиялық жаңғырту және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу, цифрландыру, кадрларды даярлау және жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ экономиканы одан әрі әртараптандыру тәрізді салалар қаралды.

Кеңесті аша отырып, Премьер-Министр Б. Сағынтаев әлемнің дамыған озық 30 елінің қатарына қосылу үшін Қазақстан жыл сайынғы экономикалық өсімді 5-6% деңгейінде қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

«Бүгінде алты айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 4,1%-ға өсті. 2017 жыл 4%-дық экономика өсімімен аяқталды. Бұл жағдайда жарты жылды 5,1% экономикалық өсіммен аяқтап отырған Ақтөбе облысының үлесі елеулі», — деді Премьер-Министр, облыс әкімдігінің мәліметтеріне сәйкес жыл соңына дейін көрсеткіштер 5%-дан төмен болмайтынын айта отырып.

Б. Сағынтаев атап өткендей, аталған бағытта жұмысты жалғастыру үшін Үкімет өз тарапынан барлық қажетті шараларды жүзеге асыруда. Өткен жылы жаңа өсім моделін қалыптастыру үшін жобалық басқару офисі ашылған еді. Офис аясында барлық өңірлерде барлық өсім көрсеткіштері бақылауға алынады. Оның негізгі мақсаты — көрсетілген межеге жету, туындайтын кедергілерді жою, дұрыс шешім қабылдау. Осыған байланысты экономиканы дамытудың барлық маңызды бағыттары бойынша Үкіметтің жобалар портфелі құрылды. Әрбір жоба бойынша мақсатты көрсеткіштер мен жауапты тұлғалар белгіленген, нақты нәтижелер мен мерзімдері көрсетілген жобаларды іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарлары әзірленген.

Сондай-ақ, Премьер-Министр әңгімелесудің басты мақсаты — облыста жұмыстың қалай жүріп жатқанын, экономиканың сапалы әрі теңгерімді өсімі үшін оның құрылымдық трансформациясын қамтамасыз етуге өңірдің ішкі қорларын анықтау және пайдалану бойынша қандай жоспарлар бар екенін түсіну екенін атап өтті.

Өз кезегінде Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев бірінші жарты жылдықтағы мақсатты индикаторларға қол жеткізу бойынша жүргізілген жұмыстар мен 2018 жылдың соңына дейінгі жоспарлар туралы баяндады. Ақтөбе облысының әкімдігі жобалық басқару аясында 12 бағыт бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде: базалық индустрияландыру, отын-энергетикалық кешен, инвестициялар тарту, өнімді жұмыспен қамту, сондай-ақ АӨК-ті, жаппай кәсіпкерлікті, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, көлік және логистиканы, туризмді дамыту және сауда, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жаңғырту.

Әкімнің айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың арқасында, соның ішінде жобалық басқару аясында өңірлік экономика өсімі І жарты жылдықтың қорытындысы бойынша шамамен 5% құрады, барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілген.

Базалық индустрия индикаторларына сәйкес: биыл облыста 1,4 мың жұмыс орнын құрумен 76 млрд теңге инвестициялар сомасына 15 инвестициялық жоба іске асырылады. Сонымен қатар, 2018 жылы 55 млрд теңге инвестициялар сомасына 35 кәсіпорынды жаңғырту жоспарланып отыр.

Отын-энергетика кешенінің көрсеткіштеріне сәйкес, МЖӘ тетігін қолданумен жалпы 4 млрд теңге сомасына 14 ауыл газбен қамтамасыз етіледі. Осы жылдың соңына дейін 135 ұңғымада геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі деп көзделген, олардың 18-і — жаңа ұңғымалар. Сондай-ақ, биыл қараусыз электрмен жабдықтау желілері 100% жойылады.

АӨК бойынша: 2018 жылы 10,6 млрд теңге сомасына 10 инвестициялық жобаны енгізіп, 247 жұмыс орнын ашу көзделген. 2018 ж. суармалы жерлердің ауданы 30,5 мың гектарды құрайды. І жарты жылдықта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты $10,5 құрады, жыл соңына дейін экспорт көлемі $42 млн құрайды.

Әкім Б. Сапарбаевтың айтуынша, облыста Кәсіпкерлікті қолдау картасы жасалған. Бизнесті жүргізудің оңайлығын арттыру үшін «Кедергісіз бизнес» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба аясында бизнесті тексеруді оңтайландыру және реттеу, сондай-ақ мемлекет тарапынан бизнесті қолдау шараларын күшейту жұмыстары атқарылуда. Биыл 22 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек, 40 мың адам — қаржылық емес қолдау көрсетіледі.

«Бизнес–Бастау» бағдарламасы аясында өткен жылдың деңгейінен екі есе көп адамды қамти отырып, 2,2 мың адамды оқытуды жоспарда бар. Сондай-ақ, "Ауылқамқорлық" жобасы іске асырылуда, оның аясында ауыл тұрғындары үшін 500-ден астам кәсіпкер-тәлімгер анықталды. Жобалар аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жаппай кәсіпкерлікті дамыту индикаторлары бойынша 2018 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашады», — деді әкім.

Бұдан әрі облыстың қорлары туралы бейінді министрліктердің басшылары сөз сөйледі.

Облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың экономикалық мүмкіндіктері, сауда саласын жаңғырту туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов айтып берді. Жалпы алғанда, өңірдің осы жылдың бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң қарқын байқалды. Сонымен қатар, облыстың өнеркәсіптік нысандарды одан әрі жаңғырту, көлік-логистикалық мәселелерді шешу, өнім экспортын дамыту, АӨК әртараптандыру салаларындағы әлеуеті аталып өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова еңбек ресурстарын көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, ШОБ секторында халықтың жұмыспен қамтылу әлеуеті туралы мәлімдеді. Ақтөбе облысында 2018 ж. І тоқсанында жұмыс күші 435 мың адамды құрады, олардың ішінде 414 мыңы жұмысқа орналасқан.

М. Әбілқасымова халықтың табысын және жұмыспен қамтылуын одан әрі арттыру үшін бизнесті дамытуды ынталандыру қажет екенін мәлімдеді. Министр мұндағы басты құрал — Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кəсіпкерлікті дамыту бағдарламасы деп атап өтті. Бағдарламаны облыста іске асыру үшін биыл 7,3 млрд теңге бөлініп, 18,9 мың адам — жоспардың 58% бағдарлама қатысушысы болды. 16 мың адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмысқа 9,4 мың адам орналасты.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек көлік және логистиканы дамыту, инвестициялар тарту туралы айтып берді. Министрдің айтуынша, осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, жобалық басқару аясында 2018 жылы «Инвестицияларды тарту» жобасы бойынша 12 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында биыл «Ақтөбе–Атырау» республикалық маңызы бар автокөлік жолының 160–330 шақырымдық учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталды. Сондай-ақ, ұзындығы 102 шақырым болатын жергілікті маңызы бар жеті жол жобасы іске асырылуда, республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге трансферт бөлінді. Биыл жылына 984 мың тонна жүк айналымымен 59,2 мың м² ауданды құрайтын көлік-логистика орталығының құрылысы жобасы басталды. Бұдан өзге, Ақтөбе облысында 1,7 млрд теңгеге 17 жол бойындағы сервис нысаны салынады», — деді Ж. Қасымбек.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов өз кезегінде өңірде жеке медицина секторы белсенді дамып жатқанын айтты. Бүгінгі таңда облыста денсаулық сақтау жүйесінде 29 аурухана мен 126 амбулаторлық-емханалық ұйымы медициналық көмек көрсетеді. Алғашқы бес айда денсаулық сақтау саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар шамамен 2,4 млрд теңгені құрады. Осы жылдың I тоқсанында көрсетілген қызметтердің көлемі 9,7 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында жалпы құны 12 млрд теңге болатын 24 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев өңірдің мұнай өнеркәсібі кешенін дамыту жоспарлары мен міндеттері туралы баяндады. Ақтөбе облысы — еліміздің үшінші мұнай-газ өндіруші аймағы. Облыстың мұнай және газ өндіру көлеміне қосқан үлесі шамамен 9% құрайды. Жыл басынан бері дамудың негізгі көрсеткіштері оң қарқын көрсетті.

«Облыста мұнай мен газ өндіру саласында 30 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді. Бірнеше жыл қатарынан өңірдегі мұнай өндіру көлемі тұрақты деңгейде сақталып отыр. 2018–2019 жылдары 6,2 млн тоннадан, 2020 жылы – 6,4 млн тонна, ал 2025 жылға қарай шамамен 7 млн т өндіру жоспарда бар», — деді вице-министр М. Мырзағалиев.

Сондай-ақ, энергетика вице-министрі цифрландыру және технологиялық жаңғырту туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, қазірдің өзінде «Зияткерлік кен орны» жүйесін енгізудің табысты пилоттық жобалары бар, бұл мұнай өндіру көлемін ұлғайтып, шығындарды азайтып, өнімділікті арттыруға жол ашады.

«Министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың өз өндірістерін цифрландыруға, озық технологияларды қолдануға бағытталған бастамаларын қолдауға ниетті және барлық қажетті ақпаратты ұсынуға дайын. Осылайша, мұнай өндіру секторының әлеуеті Ақтөбе облысын дамыту жолында үлкен мүмкіндікке ие», — деді М. Мырзағалиев.

Бұдан өзге, кеңес барысында бейнеконференция байланысы бойынша бірнеше министрліктің өкілі сөз сөйледі.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев осы жылдың І тоқсанында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы өнімдері мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу өнімдерінің экспорты $10,48 млн құрағанын (немесе жалпы экспорт көлемінің 1,47%), бұл өткен жылдың І тоқсанына ($ 8,67 млн) қарағанда 20,8% артық екенін жеткізді.

«Қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 374,6%-ға артып, 4,8 млрд теңгені құрады. Қаңтар-мамыр айларында азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 196,9%-ға өсіп, 1,3 млрд тг құрады», — деді А. Евниев.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов Ақтөбе облысында туризмнің даму барысы туралы баяндады. Өңірде биыл 390 жұмыс орнын құрумен 32 жоба іске асырылып жатыр. Аталған саладағы көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін министрлік «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» магистралі бойында инфрақұрылымды дамытуды ұсынады. Сонымен қатар өңірде ақпараттық-туристік орталықтарды ашу преспективалары атап өтілді.

Экономиканы цифрландыру және облыстың осы бағыттағы одан арғы міндеттері туралы ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Д. Щеглова баяндады. Оның айтуынша, жобалық басқару аясында өңірде білім беру және әлеуметтік нысандарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша кезең-кезеңмен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Ақтөбе облысында жобаны іске асырудың І кезеңі аясында интернетті қолжетімді ету үшін 82 ауыл таңдалды. Қалған ауылдық елді мекендерді іске асырудың ІІ кезеңі аясында, 2020 ж. соң қамту жоспарланып отыр, мұнда көлік байланыс желілерін салудың гибридті тәсілін пайдалану қарастырылған (LTE, спутник)», — деді вице-министр, ол І жарты жылдықта Ақтөбе облысында цифрлық сауаттылықтың негізгі дағдылары бойынша жоспардағы 32 мың адамның 17 мыңы оқытылғанын айтты.

Білім және ғылым вице-министрі Б. Асылова өз баяндамасында облыста білім саласында 16 млрд теңге сомасына 58 жоба іске асырылып жатқанын жеткізді. Биыл 21 мектепке дейінгі білім беру ұйымын ашу көзделіп отыр, 2020 ж. қарай балаларды қамту көрсеткіші 100% жетеді. 2018 ж. І тоқсанда көрсетілген білім беру қызметтерінің көлемі 6% артып, 19,3 млрд болды. Сонымен қатар, облыс әкімдігі балаларды интеллектуалды, рухани, адамгершілікке, шығармашылыққа тәрбиелеу және дамыту бойынша шаралар жүргізіп жатыр.

Кездесу барысында сонымен қатар ұлттық бизнес пен шетел инвесторларының өкілдері сөз сөйледі. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов жаппай кәсіпкерлікті дамытудың және бизнестің өңірдегі жобалық басқаруға қатысуының өзекті мәселелерін қозғады. Ол ЖІӨ-ге ШОБ үлесі 18,3% құрағанын атап өтті. Сонымен қатар, шикізаттық емес сала көрсеткіштерінің 12% артуын ескерумен, өңдеу өнеркәсібі саласындағы бизнесті ірілендіру мәселесін пысықтау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда бұл салаларда 52 мыңға жуық ШОБ өкілдері жұмыс істейді.

«Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының төрағасы» Агрис Прейманис өз кезегінде өңірдегі инвестициялық қызметтер туралы айтып берді. Қазіргі кезде Шетелдік инвесторлар кеңесінің 10 астам мүшесі Ақтөбе облысында жұмыс істеп жатыр. А. Прейманис өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін, қолайлы логистикасын, ШОБ дамуын атап өтті, бұл инвесторларды тарту үшін қызықты.

«Кен өндірісі секторының дамуын атай кеткім келеді, ол шетелдік инвесторлар үшін жылдан-жылға тартымды болып келеді. Сонымен қатар көлік-логистикалық дәліздер де тартымды: өңір халықаралық тасымалдар үшін қолайлы жерде орналасқан және бұл облыс үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді А. Прейманис.

Облыстағы жобалық басқарудың атқарған жұмысының қазіргі жай-күйін қарастыру барысында Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев өңірде үш ай ішінде үлкен өзгерістер орын алғанын айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу саласында зор әлеует бар. Е. Досаев алдағы үш ай ішінде Үкіметтің жаңа инфрақұрылымдық жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге әзір екеніне сендірді. Сонымен қатар ол Ақтөбенің республиканың төртінші мегаполисі атануға үміткер екенін мәлім етті.

«Мұнда кенттену жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Егер статистикаға сенсек, облыстағы ЖОО түлектерінің 80% гуманитарлық мамандықтарды бітіреді. Сондықтан біз жобалық кеңсемен бірлесіп алдымызға мынадай мақсат қойдық – әсіресе, колледждерде техникалық мамандықтарды дамыту керек», — деді Е. Досаев.

Талқылау форматында өңірлік бизнес қауымы атынан АӨК дамыту мәселелері бойынша «Актеп» ЖШС директоры Н. Сагналин сөз сөйледі. Премьер-Министр қазір фермерлерді қолдау мақсатында АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы өзектілендірілгенін атап өтті, «Бес әлеуметтік бастама» іске асырылып жатыр, атап айтқанда, ауылдарда шағын несие беру көбейтілуде. Үкімет экспортқа бағдарланған ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаудың барлық шараларын қабылдап жатыр.

Кездесу соңында Бақытжан Сағынтаев өңірдің де, жалпы еліміздің де экономикасын әртараптандырудың және жаңа экономика үшін жаңа кадрлар даярлаудың маңыздылығын баса айтты. Қазақстанда адам капиталының сапасын арттырудың білім беру жүйесін жаңғырту мен одан кейін жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге арналған арнайы курстардан бастап, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және халықтың баспана жағдайларын жақсартуға дейін бүкіл тізбегін дамыту бойынша жүйелі шаралар қолға алынған.